Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Атыраудағы ретропарк жетім баланың күйін кешіп тұр

AstanaTV
30.05.2019ж. 20:00
3176
Атыраудағы ретропарк жетім баланың күйін кешіп тұр

Атырауда осыдан жыл жарым бұрын пайдалануға берілген ретропарк жетім баланың күйін кешіп тұр. Ашылған кезде жасыл-желекпен, әсем гүлдермен көмкерілген саябақ бүгінде қараусыз қалған. Бұл жазғы демалыста балалармен қыдыруға келген қала тұрғындарының көңілін түсіріп тұр. Су жаңа саябақтың мұндай күйге түсуінің себебі не? Тілші бейнематериалы. 

Қураған ағаш, құрғаған субұрқақтар мен шашылған қоқыс. Атыраудағы су жаңа ретропарктің бүгінгі кейпі - осы. «Жайықтың» жағасына 800-ге тарта ағаш отырғызып, субұрқақ жасап әдемі демалыс орнын ірі кәсіпорын 2017-ші жылы қазанда сыйға тартқан. Көздің жауын алған паркке алғашында тұрғындар балаша қуанғанымен, қазіргі халіне аяушылықпен қарайды.

Айдын ТАУТИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ағаштардың бәрі қурап жатыр. Басында ашылғанда жақсы еді бәрі. Жасылдауы жоқ. Былтыр гүлмен көмкеріп, әдемі қып ашып беріп еді. Енді биыл қараусыз қалған көбісі. Талдардың бәрі, шыршаның бәрі қурап жатыр. Атырауда басқа баратын жер де жоқ. Басқа парк те жоқ, балалар ойнататын.

Күнзипа БАЛАЖАНОВА,АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүгін келсек, ештеңе де жоқ. Суды құйылмаған, енді-енді құйып жатқанға ұқсайды. Қайта мен бүгін гүл егіп қойған шығар деп едім. Гүл де жоқ, ештеңе де жоқ. ағаштардың көбісі қурап жатыр. Гүл тіпті егілмеген.

Парк бастапқыда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қарауына берілген. Бөлім басшысы Ақылбек Рысқалиевтың айтуынша, ағаштарды күтіп-баптап, саябақты таза ұстау үшін арнайы кәсіпорын құрылып, 100 млн теңге де бөлініпті. Алайда бұл жұмыс қолымыздан келмеді,- дейді ол.

Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Соның тек қана 50 пайызын ғана жұмсадық. Қалғанын бюджетке кейін қайтардық. Себебі оны күтіп-баптау үшін көп жұмыстар жасау керек, арнайы мамандар шақырту керек, көптеген өскіндерді сатып алу керек, күтіп баптау керек дегендей. Бізде оның бәріне мамандар жоқ. Оның барлығы айналып келгенде одан да көп қаржыны қажет етеді. Сондықтан туындаған қиындықтардың алдын алу үшін біздер жұмысты тоқтаттық.

Жаңа жылдан бері парк иесіз қалған. Тендер жарияланыпты. Үш компания ниетті болған, дегенмен таңдау біреуіне түскен.

Әлия ЖӘМИТОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Ретропарк аумағына Атырау облысының климаттық жағдайына келетін ағаштар отырғызылады. Бұған дейін отырғызылған ағаштар облыс табиғатына төзбей, өліп қалған болатын. Сенімгерлік басқаруға бергендегі басты мақсат - осы саладағы мамандандырылған компания саябақтағы барлық жасыл-желекті күтіп-ұстау, сондай-ақ саябақ тазалығын сақтау.

Әкімдік өкілінің айтуынша, сенімді басқаруға берілгенімен саябаққа кіру, көлік тұрағы тегін болып қала бермек. Компанияға сондай-ақ бірнеше талап жүктелген. Мәселен, ойыншықтар мен тәттілер сатуға тыйым салынған. Талаптар сақталса, аталмыш мекеме келісім-шарт бойынша 10 жыл бойы иелік етеді.

Б. Нәдірқызы