Елімізде
киік санағы басталды. Батыс Қазақстанда мамандар олардың өсімі көбейерінен
үміттенсе, Қостанай облысының Торғай атырабында опаттан тірі қалған киіктер саны анықталып жатыр.
Айта кетелік, былтыр осы өңірде қырылған киіктердің саны 150 мыңға жетті.
Қостанайлық
инспекторлар Бетпақ даладағы бөкендерді бас-аяғы бір аптаның ішінде санап
шықпақ. Бұл ауқымды жұмыс арнайы техникалар мен тікұшақтың көмегімен
жүргізіледі. Былтырғы қырғыннан тірі қалған түз жануарлары төлдеу үшін қазір
оңтүстік аудандарға келе бастаған.
Сұңқаржан
Байдәулетов, Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі
аумақтық инспекциясының бас маманы:
Бетпақ
дала популяциясының таралымының санағы кезінде тікұшақпен саналады. Тікұшақта сегізгее жуық адам отырады. Оның төртеуі есептегіш. Қалғаны белгілі бір координаттарды
жазып отырады. Сонымен қатар осы аумақта киіктерді сақтау және қорғау
іс-шаралары қолға алынды.
Былтыр
Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында
150 мыңға жуық киік қырылды. Тосыннан келген апаттың себебіне қатысты ортақ
тұжырымға келе алмай дауласқан ғалымдар ақырында түз жануарларының жұқпалы
індеттен опат болғанын мәлімдеді. Дегенмен, қорғансыз жануарлардың мүйізіне
қызығып, мылтық кезегендердің де азаймай отырғаны рас. Мамандар бұған да
алаңдаулы.
Бақытбек
Дүйсекеев, ҚР АШМ орман және аң шаруашылығы комитеті басқармасының басшысы:
2003
жылы Қазақстанда 21 мың киік тіркелсе,
2015 жылғы қырғынға дейін олардың саны 300 мыңға жетті. Былтыр көбі пастереллезге
шалдығып, жаппай қырылды. Әрі тұрғындардың да табиғатқа жаны ашымайды. Қатерлі
індеттен аман қалған киіктерді атып, ақша тапқанына мәз. Қазақстан - киіктердің
аман қалуына жауапты санаулы мемлекеттердің бірі. Бұған табиғат қаскөйлері мән
бере бермейді.
Батыс
Қазақстан облысында да жағдай мәз емес. Былтыр киікті заңсыз аулаудың 14 дерегі
тіркелсе, өткен аптада 400 дана киік мүйізін пойызбен жөнелтпек болған
пысықайлар ұсталды.
Талғат
Ілиясов, БҚО орман шаруашылығы және
жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
Өткен
жылғы санақ бойынша Орал популяциясының киіктері 51 мың басты құрады.
Браконьерлердің әрекетіне тиым болмай отыр. Жаппай қырылу дерегі мен басқа да
келеңсіз факторлар бірнеше жылдан бері тіркелмеді. Алдағы уақытта да осындай
қалыпты жағдайда қалады деген үміттеміз.
Бөкендері
былтыр баудай түскен Ақтөбеде әзірге жануарлардың жаппай қырылуының алдын алу
үшін ешқандай шаралар жасалмаған. Мамандар, киіктердің нақты саны мен олардың
қоныс аудару бағытын анықтап алғасын, іске кірісеміз дейді.
Александр
Книжник, Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық
инспекция РММ бас маманы:
Қазір киіктердің нақты саны белгісіз. Авиа-есеп жүргізіп, түсірілген таспаларды
зерттеген соң белгілі болады. Шамамен бір жарым айдан соң Бетпақ дала мен
Үстіртті мекендейтін киіктерге қатысты ақпар қолымызға түседі деген ойдамыз.
Осылайша,
қазақтың Бетпақдаласын мекендеген киіктердің санын анықтауға мамандар белсене
кірісті. Енді бірер аптадан кейін олар Үстірт бойын шарлауға шығады. Ал
бөкендерді қорғау мен оларды санау, мониторинг жүргізу жұмыстарына ел
қазынасынан 800 млн теңге бөлінді.
Заңғар САНАЙ, Мансұр ЕСҚОЖИН, Еркін КАРИН