$517.84 €543.11 ₽5.28
×

Алматыда құбыр жарылып, ыстық су үйлердің ауласына жайылды

AstanaTV
21.04.2016ж. 20:00
1654
Алматыда құбыр жарылып, ыстық су үйлердің ауласына жайылды

Алматының қақ ортасында тағы да құбыры жарылды. Бұл жолы жоғары қысыммен атқылаған  ыстық су  Әйтеке би мен Абылай хан көшелерінің қиылысындағы аумаққа жайылды. 

Нұржан Молдабеков, куәгер:

Менің көзімше, біздің есепшінің аяғы күйіп қалды. Ол өзінің көлігін ыстық судың арасынан алып шықпақ болған еді. Айнала будан көрінбей кетті. Қазір жұмысшылар біз отырған ғимараттың жертөлесінен суды сорып шығарып жатыр. 

Әп сәтте айнала будан көрінбей қалды. Жолды жағалай аққан ыстық су ғимараттар мен аялдамаларға жайылған. Ал жүргізушілер жол жиегінде қаңтарылған көліктеріне жете алмай, коммуналдық қызмет мамандарының келуін күтуге мәжбүр болды. Абырой болғанда, адамдар дін аман. Ал зардап шеккен мекемелердің өкілдері шығындарын есептеп, оның өтелуін коммуналдық кәсіпорыннан талап етуіне болады. Қазір осы аумақтағы үйлер мен ғимараттар уақытша ыстық судан ажыратылды.

Ян Гирин, Алматы қаласы «Жылуэнергокешені» кәсіпорнының ресми өкілі:

Құбыр әбден тозған. Бұл жерге салынған құбырлар 1988 жылдан бері ауыстырылмаған. Ол өзінің қызмет ету мерзімінен асып кеткендіктен, жарылды деген болжам бар. Алматыда жылу құбырларының 64 пайызы қайта жөндеуді қажет етеді. Қайта бүгінгі құбырдағы судың қызуы 60 градустан аспаған. Адамдар күйіп қалудан аман. 

Айта кетейік, Алматыда қаңтар айында Қазыбек би мен Қалдаяқов көшелерінің қиылысында тура осындай жағдай орын алған болатын. Ал өткен жылы Райымбек батыр мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында құбырдың жарылуынан бір адам қаза тауып, оннан астам адамды күйік шалып, ауруханаға жатқызылған еді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ