Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Президенттіктен үміткерлердің үгіт-насихаты барысынан

AstanaTV
01.06.2019ж. 20:00
1853
Президенттіктен үміткерлердің үгіт-насихаты барысынан

Беделді юрист, еуропалық құндылықтардың жақтаушысы, латыш тілінің негізінде ұлтты ұйыстыруды көздейтін Эгилс Левитс Латвияның президенті болып сайланды. Латвия - парламенттік республика, президенттің құзыреті шектеулі. Дегенмен бір-екі цитатасын келтіргім келеді: «Латвия Батыс пен Шығыс арасында көпір болмайды, біз – батыспыз. Көпірде немесе көпірдің астында басқалар отыра берсін. Біз – Батыстың бір бөлшегіміз».

«Посткеңестік кеңістікте демократияны «экспорттауға» ниетім жоқ. Себебі импульс іштен шығуы керек. Бұл жағдайда экспорт деген сәтті нәрсе емес».

Біздің еліміздегі президент сайлауына қатысатын кандидаттардың үгіт-насихаты барысынан Еркін Карин баяндайды.

«Болашақ» бағдарламасы жаңа талаптарға сәйкес жалғасады. Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың лайықты білім алуына бар жағдай жасалатынын жеткізді. Жалпы, жас толқынның өмірден өз орнын табуы үшін базалық түсінік өзгеруі керек, ал ондай түсінік бар, дейді штабындағылар.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР Қ. ТОҚАЕВТЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Жастар еліміздің болашағы, сондықтан жастарға барлық жағдай жасау керек деп нақты бағдарламада көрсетіп отыр. Жастардың мектепте оқуына, дұрыс білім алуына, дұрыс университеттерге бітіріп жұмыс табуына барлық жолдарды ашып береміз деген уәдесі бар. Жас кәсіпкерлерге арнайы «Жас кәсіпкер» деген бағдаралама жүзеге асырылады. Жас ғалымдарды қолдау үшін жылына 3 млрд теңге бөлінетін болады.

Сәдібек Түгел ұлттық құндылықтар 1 сыныптан бастап оқытылуы керек дейді. Сонда ғана елім деп еміреніп, ортақ мүддеге ұйыса білетін жаңа буын қалыптаспақ. Қазақтың бес мыңнан астам күйі мен 12 мыңға жуық әні бар екенін айтқан Түгел, әйтпесе рух жағынан қауіп күшейеді деді.  

Ардақ МҰҚЫШ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ:  

Ұлттық құндылықтар дегеніміз мынау ән өнері, оның ішінде күй, дәстүрлі ән, кешегі Біржан сал әннің туын тіккен, Ақан сері, Үкілі Ыбырай бұл ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қала беретін дүние. Бала осы ұлттық құндылықтарды мектептен оқыса жаман болмайды.

Жалақысы мұнайшылардан бірнеше есеге аз екендігіне өкпелі Атыраудың бюджеттік сала қызметкерлері айлықты теңестіруді талап етті. Жалақының төмендігінен жастар бұл салаларға қызықпайды. Тұрғындар өтінішіне құлақ түрген Амангелді Таспихов мұны кәсіподақпен бірлесіп шешу қажеттігін айтты. Демек «кәсіподақтардың күші - бірлікте». 

Аманкелді ТАСПИХОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР: 

Бұл жұмыстар деген өте кәсіптік мамандықты талап ететін мәселе. Екінің бірі мұндай жұмысты істей алмайды. Соған лайықты сала мамандары. Сондай қажетті мамандар үшін әрине, әділетсіздік.

Тендерге «теңдік сұраған» Президенттікке кандидат Дания Еспаеваның талабы әріптесінің ұсынысымен ұштасты. Яғни шетелдік және отандық компанияларға қойылатын талап ортақ болуы тиіс. Әрі еліміздегі іргелі өндіріс орындарына басымдық беріп, қуатын толығымен пайдалану керек. 

Дания ЕСПАЕВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР: 

Бұл зауыт шетелден келген компаниялардың тендеріне қатысады. Бірақ та тендерге қатысқанда шетелдік компаниялардың жоспарымен қатысады. Меніңше, шетелдік компаниялар мен мемлекеттіктің талаптары бір-бірімен сәйкес келу керек.

Ауылдық жердегі 7 миллион адамның жағдайына жақсартсақ, ел экономикасы ілгерілейді. Президентіктен үміткер Төлеутай Рақымбековтың сөзінше, ең төменгі жалақы алатындар -ауылдағы ағайын. Сондықтан қалаға ағылғандардың көшін тоқтатпаса, жүздеген елді-мекен қаңырап, бос қалады.  

Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР:  

Ол жол мәселесі, ол ауызсу мәселесі, ол электр қуаты мәселесі. Ол мектеп пен ауруханалар мәселесі, ауылдарда. Енді жергілікті тұрғындар сенімді - ауыл шаруашылығы дамиды, ауыл гүлденетін болса, жалпы Қазақстан гүлденеді.

Үйі жоқтың күйі жоқ. Тығырықтан шығу жолы - баспана алуға берілетін несие пайызын төмендету керек, дейді Жамбыл Ахметбеков. Байларға қырын қарайтын коммунистер, қалталыларға салынар салықты көбейту керектігін айтып отыр. 

Магомад ТОҚСАБАЕВ, ҚКХП ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ КОМИТЕТІ БЮРОСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Өз айлығына күн көре алмай жатқан халық 10% айлығынан салық төлейді. Милиион, миллиардтап табыс көрген азаматтар да солай салық төлейді. Батыс елдерді мысалға алсақ, кей мемлекеттерде бай адамдар 42% дейін салық төлейді. Осыған байланысты әділеттілік талап етсек, бай адамдар неге артық төлеп, әлеуметтік жағдайын көтеруге, еліміздің дамуына үлес қоспайды.

Әміржан Қосановтың та графигінде бос уақыт жоқ, штабында да қарбалас. Осы аптада ол бірнеше облысты аралап, теледебатқа да қатысып үлгірді. Аймақтарды дамыту туралы ұсынысы шалғайдағы ағайынды қуантты. Саяси белсенділігі жоғары азаматтар кандидаттың тұғырнамасындағы әлеуметтік мәселеге қатысты тағы бірнеше ұсыныс енгізуін сұрады. 

Аманжол ЗАҒЫПАР, ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕН ҮМІТКЕР Ә.ҚОСАНОВТЫҢ ОБЛЫСТЫҚ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:   

Бағдарламаларын халыққа таныстырып жатырмыз. Солтүстік Қазақстанның халқы жақсы қабылдап, алдағы уақытта өз таңдауларын жасайды деген ниеттеміз. «Ұлт тағдыры» ұйымының атынан түсіп отырған Әміржан Қосановтың осы өңірде де көбірек екенін жеткізгенді жөн санап тұрмын. Жұмыс барысы жақсы, ойдағыдай жүріп жатыр.

Үгіт-насихат жұмыстары тура бір аптадан кейін аяқталады. Келесі сенбі тыныштық күні. Сайлау құқы бар әр азаматтың ойланып, толғанатын, бәрін таразыға салатын күні. Балаларына қарап отырып...   

Еркін Карин «Біздің Уақыт».