Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Соқыр ішекті 4 ай анықтай алмаған дәрігерлер. Медицинада өзгерістер бола ма?

AstanaTV
01.06.2019ж. 20:00
3846
Соқыр ішекті 4 ай анықтай алмаған дәрігерлер. Медицинада өзгерістер бола ма?

Медицина саласындағы әміршіл-әкімшіл жүйемен, екінші жағынан дәрігерлердің біліксіздігімен бетпе-бет кездескен адамдар аз емес. Пара бермесе операция бастамайтынын айтқан хирургтарға сұрағанын беріп, жаны қалған жақыным бар. Ол ауруханаға жедел жәрдеммен түскен еді. Дауыс көтеріп, талап етпесең қимылдамайтын жағдайға өзім де талай тап болғам. Момындау кісілер қайтеді?.. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын цифрландыруды өзі бақылауға алатынын баяндап, системаны бюрократиядан арылтуға пәрмен берген. Дәрі-дәрмек бағасының қарапайым айтқанда, удай екенін айтып, бұл нарықты мемлекеттік реттеуге көшкендерін Twitter –гі парақшасында жазған. Иә, бір дәрінің арасы жап-жақын дәріханаларда әр түрлі бағамен сатылатынын, әр түрлі болғанда айырмасы айтарлықтай болатынын бәріміз көріп жүрміз. Қалай? –десең, иығын қиқаң еткізеді. Бір жағынан жалдамалы қызметші не айтсын? Ал ең сорақысы, дәрімен өмір сүретін адамдардың жылда сүргінге түсетіні. Дәрі тапшылығынан әсіресе емделмейтін аурулар зардап шегеді. Онсыз да оңып тұрмаған өмірлері ышқынумен өтіп жатыр. Ашу туғызатыны – миллиардтаған теңге бөлінеді, бірақ сатып алулар кешіктіріледі. Айжан Қуаш жалғастырады.  

Шымкентте дәрігерлердің қателігінен әп-әдемі келіншек өлімші күйге түсті. Доқтырлар Александра Песецкаяның соқыр ішегін 4 ай бойы анықтай алмаған. Науқас теріс ем-домның салдарынан жатып қалған. Оның бұл күйі әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған соң ғана назарға ілінді. Қызметтік тексеруден соң қаладағы 5-інші емхана мен жедел жәрдем станциясының 14 медицина қызметкері тәртіптік жауапкершіліке тартылып, екі дәрігер жұмыстан қуылды. Ал, жүйке жүйесі мен жүрегі зақымданған Александра қазір жеке меншік ауруханада оңалту емін алып жатыр.

Александра ПЕСЕЦКАЯ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Басында ішім ауырды, жүре алмадым. Учаскелік дәрігер келмей қойды. Жедел жәрдем шақырдым, олар спазма, антибиотик егіңіз деді. Басылмаған соң қайта емханаға бардым. Олар ішкі құрылысыңыз шығар деп, тағы да дәрі жазды. Еш көмектеспеді. 4 рет жедел жәрдем келді, қаншама дәрігер қарады, ақыры осы күйге түстім. Жарылған соқыр ішекті алған соң ғана аман қалдым.

Ақтаудағы екі жасар Александра тегін берілуі тиіс дәрінің өзін ала алмай отыр. Былтыр қарашада мәскеулік профессорлар бүлдіршіннен қанның миелопрофилеративті ауруын анықтаған. Яғни, балада тромбоцит деңгейі жоғары, ал оны төмендететін «Гидреа» деген препарат Қазақстанда тегін дәрі-дәрмектер тізімінде бар. Анасының айтуынша, дәрігерлер аталған препаратты екі ай бұрын жазып берген. Алайда ол дәрі елде жоқ. Амалы жоқ ана Ресейден сатып алған.

Екатерина ЕРМОЛЬЧЕВА, АЛЕКСАНДРА ЕРМОЛЬЧЕВАНЫҢ АНАСЫ:

Гематолог дәрігерім бұл дәрі науқасқа аса қажет екенін, сондықтан біз үшін арнайы тапсырыс бергенін айтты. Ол тіпті аталған дәріні бізде ешкімнің ішіп жүрмегеніне таң қалды. Дәрігер алаңдап отыр. Өйткені анықталғанындай белгілі бір ережемен жеткізілетін жүйе бұзылып тұр. Фармацевттер тапсырыс бермеген...

Қажетті препараттың бір қорабы шамамен -1300 теңге. Ол елде жоқ болғандықтан анасы келесі айдан бастап 10 есе қымбат дәріге ауыспақ. Онда бір айлық шығыны 132 мың теңгеге жетеді. Ал емханадағылар қажетті препарат директор уақытша орнында болмағандықтан алынбады,- дейді. Қол қоятын ешкім жоқ көрінеді.

Ботагөз МЭЛСОВА, АҚТАУ ҚАЛАЛЫҚ №1 ЕМХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл дәрі тегін берілетін препараттардың тізіміне кіреді және біз оны беруіміз керек. Қазір тапсырыс бердік. Енді соны күтіп отырмыз.

Дәрі тапшылығы елімізде жиі болады. 2017, 2018 жылдары қант диабетімен ауыратындар да дәрілерін дер кезінде ала алмады. Елімізде қазір 330 мың адам инсулинге тәуелді. Сарапшы Жанай Ақановтың пікірінше, дәрі тапшылығына жергілікті шенеуніктердің жайбасарлығы мен науқастар арасындағы «тұтынушы синдромы» себеп.

Жанай АҚАНОВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ДИАБЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, АЗИЯЛЫҚ ДИАБЕТТІ ЗЕРТТЕУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Былтырғы дәрі тапшылығына инсулинмен науқастарды қамтамасыз ететін жергілікті шенеуніктердің жайбасарлығы тікелей себеп болды. Әрі біздің сырқаттардың «қайта- қайта емханадан сұрап жүрмейін»- деп, инсулинді бір алғанда 3- 4 айға алып алатын әдеті бар. Нәтижесінде кейбіреудің дәрі қорапшасы инсулинге толып қалады, ал енді біреулеріне дәрі жетпей жатады.

Елді дәрі- дәрмекпен қамтитын "СК Фармация" компаниясы биыл барлығы 203 млрд теңгеге дәрі- дәрмек сатып алған. Оның 116 млрд- ы амбулаторияға, ал 87 млрд-ы ауруханада жатып емделетін науқастарға жұмсалған. Бұл соманың 28%- ы отандық препараттарға жұмсалады екен.

Қазақстанда 45 түрлі дерт тегін дәрімен емделуі тиіс. Оларға дәрінің 500 атауы белгіленген. Дәріге тапсырыс тамыз айында беріліп, ал желтоқсанда аймақтарға жіберілуі тиіс. Әсіресе, қант диабеті мен гипертания, яғни қан қысымы ауруларына көп бөлінеді. Оларға тапсырысты жергілікті медицина мекемелері дайындайды. Бұған дейін Алматы, Жамбыл облыстарының емханалары дәріні артығымен алдырып алып, уақыты өтіп кеткен соң жоюға тура келген. Салдарынан мемлекетке 24 млн теңге шығын әкеліпті. Препараттарға қатысты келеңсіздіктерді жою үшін енді 10- ыншы шілдеден бастап барлық дәрілердің бағасын мемлекет реттейді.

Людмила БЮРАБЕКОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ТАУАРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН САПАСЫН ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Дәрілердің бағасын реттеу туралы заң өткен сәуір айында ғана күшіне енді. Бүгінгі таңда 20-сыншы мамырға дейін бизнес өкілдерінен ұсыныстар қабылдадық. Енді шілдеде бекітіледі. Сол кезде препараттардың көтерме және бөлшек саудадағы бағалары анықталады. Одан арзан сатуға болады. Бірақ қымбаттатуға құқылары жоқ. Барлық ақпаратты сол кезден бастап «Дәрі. кз» қосымшасынан көруге болады.

Диабетті зерттеп жүрген Жанай Ақанов «дәрі бағасын мемлекет реттейді», - деген бастаманы қолдайды. Оның пікірінше, фармацевтикалық компаниялар расында да жылдар бойы препараттарының бағасын шарықтатып, ойларына келгенін істеп келеді.

Жанай АҚАНОВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ДИАБЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, АЗИЯЛЫҚ ДИАБЕТТІ ЗЕРТТЕУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Мәселен, инсулин помпасының өзі 3 мың доллардай тұрады. Бұл түтікшені толтыру үшін ай сайын тағы 300 доллардай керек. Ал енді осы әдісті 1190 науқас қолданады. Диабетті емдеу құны елімізде 35- 36 млрд теңгеге жетеді. Елжан Біртановтың осы ақпаратына мен еш күмән келтірмеймін. Өйткені шығын мемлекет мойнында.

Медицина саласында кадр тапшылығы да шешілмеген мәселе. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда түрлі бағыттағы 80 маман жетіспейді. Оның басым бөлігі жалпы тәжірибедегі дәрігерлер. Ал қалалық №3 емханада балалар травматологы, хирург және көз дәрігері аз.

Әлия ТАШЕТОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ №3 ЕМХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Біздің емханаға 24 маман жетіспейді. Мамандарды тарту үшін Шымкент, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларындағы бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, бірнеше түлекпен келісім-шарт жасастық. Олардың кейбірінің терең білім алуы үшін резидентураға жібереміз. Сондай-ақ, жас дәрігерлер назарын аудару үшін көтерме ақы бөліп, баспанамен қамтуға тырысамыз.

Ауыр жұмыс, аз жалақы, науқастардың шағымы бәрі бірге дәрігерлердің сағын сындырған,- дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Жангентхан Абылайұлы.

Жангентхан АБЫЛАЙҰЛЫ, С. АСФЕНДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰМУ ЭНДОКРИНОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

Елбасы айтқандай біз қызмет көрсетушілерге айналдық. Барлық науқастар бізден осыны талап етеді. Науқастар емдеу процесіне араласып, денсаулықтарына жауапкершіліктерін арттыруы тиіс. Сонда ғана дәрігер мәртебесі көтеріледі. Қан қысымы, асқазан жарасы, диабет секілді ауруларға дәрігер 30 минут арнайды. Ал қарауға берілетіні 15-ақ минут. Үлгермейді. Қағаз, хаттама толтыру, аяқ- қолын, жүрегін тыңдау оның бәріне уақыт жетпейді.

Профессордың сөзіне Алматы емханаларының бірінде жұмыс істейтін Ануар Баймағамбетов те қосылады. Дәрігер – эндокринолог екі жерде жұмыс істесе де жалақысы 100 мың теңгеден аспайды.

Әнуар БАЙМАҒАМБЕТОВ, ДӘРІГЕР- ЭНДОКРИНОЛОГ:

Кадр тапшылығынан эндокринологтардың көбі жеке меншік емханаларда қосымша жұмыс істейді. Жалақысы 60- ақ мың теңге, ештеңеге жетпейді. Науқас көп, ауыр салмақ бізге түседі. Есепке қою, карта толтыру, хаттама жазу деген тағы бар. Қағаздан бас алмай отырсақ, есіктің сыртындағылар «неге тез қабылдамайсың?», - деп тағы айқайлайды.

Осындай проблемаларға қарамастан қазір елде жаппай цифрлық медицина бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қарағандыда басталған пилоттық жоба қалада 95 пайыз іске асқан. Дегенмен шалғай ауылдарға жете қоймаған. Президент Тоқаев жеделдетуді тапсырған жүйе 2021 жылы шалғай ауылдарда толық жұмыс істейді,- дейді мамандар.

Алма ҚАНАФИНА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ТЕРАПЕВТІ:

Оның бәрі интернет жүйесіне байланысты. Алыс шалғай аудандарда 200- 300 км жерде интернет жүйесі кіргізілмеген. Интернет жүйесі кіргілімесе әрине, біз цифрлық жүйені кіргізе алмаймыз. Әрбір аудандарда жоспар бойынша қолға алынды. 2019- 2021 жылдары толығымен интернет жүйесі кіргіледі. Сонда олардың да жұмыстары жақсарады деп ойлаймыз.

Елімізде тегін дәрі- дәрмекпен қамтылатындардың саны 1 млн 900 мың. Оларға жыл сайын 3 млн рецепт беріледі. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сақтандыру арқылы бұл тізімді жыл сайын ұлғайтуды жоспарлайды. Өйткені елімізде науқастар саны да, аурудың түрі де жыл санап артып барады.

Айжан Қуаш, Ақерке Бектас «Біздің Уақыт».