Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Полицейлер 8 жасар қыз суға батқанда құтқарушы қайда болғанын анықтамақ

AstanaTV
04.06.2019ж. 20:00
2224
Полицейлер 8 жасар қыз суға батқанда құтқарушы қайда болғанын анықтамақ

Астанада 8 жасар қыз бассейнге батқан кезде құтқарушының қайда болғаны анықталады. Сондай-ақ балалар лагерін ұйымдастырған мектеп ұжымы да жауапкершілікке тартылмақ. Бұл туралы Үкімет қабырғасында Ішкі істер министрі мәлімдеді. "Хан шатыр" жабық жағажайында болған қайғылы оқиға кезінде бассейнде 30 шақты бала болған. 8 жасар қызды біреу батырып жіберді ме, әлде өзі батып кетті ме, ол сараптамадан соң белгілі болмақ. 

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: 

Бейнебақылау камерасынан түсірілген бейнежазбалар алынды. Қазір сот-медициналық сараптама да жүргізіліп жатыр. Содан қорытындысы дайын болғанда баланың неден қайтқанын білетін боламыз. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал оқиғадан соң Білім және ғылым министрі барлық жазғы лагерьлерде қауіпсіздік шараларын күшейтуге тапсырма берген.  

Күләш ШӘМШИДИНОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:  

Екі-үш жылдан бері Білім және ғылым министрлігінің балаларды жүзіп үйретуін ұйымдастыру бойынша бұйрығы бар. Сондықтан соңғы кезде жүзе алатын балалар саны артып келеді. Ал лагерьдегі әрбір мұғалімге балалар қауіпсіздігі мен өмірі үшін жауапкершілік жүктелген. Олар ол туралы біледі және арнайы курстан өтеді.

Қаза тапқан №10 мектептің 1 сыныбын аяқтаған оқушы. Жабық жағажайға 200-ден астам оқушы мектептің лагерь бағдарламасымен барған. Оларға 24 тәлімгер бас-көз болыпты. 

Г. Меңдеева