Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Президенттік сайлауда ең бірінші дауыс берген қазақстандық анықталды

AstanaTV
09.06.2019ж. 10:00
5499
Президенттік сайлауда ең бірінші дауыс берген қазақстандық анықталды

Президенттік сайлауда ең бірінші дауыс берген қазақстандық анықталды. Ол -Жапонияның Васэда университетінде оқып жатқан қандасымыз Ильяс Құрманғали. Орталық сайлау комиссиясы қазір елде 9920 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатқанын айтады. Ал 35 мыңнан аса азамат басқа учаскелерде дауыс беру құқығын беретін куәлік алып үлгерген. Қазір Орталық сайлау комиссиясынан тілшіміз Ақерке Бектас тікелей байланысқа шығады.

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:

-Рақмет, Ләйлә! Орталық сайлау комиссиясы әзірге 2 брифинг өкізіп үлгерді. Айта кету керек, мұнда жұмыс қызу жүріп жатыр. Қазақстандық әріптестерімізден бөлек, шетелдік БАҚ өкілдері де әлемнің түкпір-түкпіріне ақпарат тарату үстінде. Комиссия мүшелері қазір елде 9920 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатқанын айтады. Бұдан бөлек, 15 мемлекетте 17 сайлау учаскесі ашық тұр.  

Шетелде оқып жатқан қандасымыздан бөлек, астанада алғашқылардың бірі болып сағат 7:30-да Премьер-Министр де дауыс берді. Асқар Мамин елордадағы №138 сайлау учаскесіне келді. Кейін сондағы халықаралық байқаушылармен кездесті. Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі де дәл осы учаскеде дауыс берген болатын. Бақыт Сұлтанов бізге берген сұхбатында сайлаушыларға барлық мүмкіндік қарастырылғанын мәлімдеді.  

Бақыт СҰЛТАНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Тұрғындарға сайлауға қатысу үшін тиісті, қолайлы жағдай жасалған. Бүгінгі күні қоғамдық көлікте тегін жүру ұйымдастырылған. Және де барлық учаскелердің қасында жәрмеңкелер, сату және басқа да шаралар ұйымдастырылып жатыр. 

Айта кетейік, Президенттік сайлау Қазақстанда осымен 6-шы рет өткізіліп отыр. Бірақ, бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек. Олай дейтініміз, саяси додаға бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайды. Елбасы 19 наурызда Президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеп, бір күнде күллі жұртты таң-тамаша еткен. Сондай-ақ биыл Қазақстан тарихында тұңғыш рет әйел адам ел басқаруға үміткер атанып отыр.  

Ал ел Президенттігіне 7 кандидат үміткер. Олар 11 мамырдан бастап 1 ай бойы аймақтарды аралап, халыққа сайлауалды тұғырнаманы таныстырып, үгіт-насихат жүргізді. 

Айта кетейік, азаматтар денсаулығына байланысты үйде дауыс беру туралы жазбаша өтiнiшті 12:00-ге дейiн учаскелiк комиссияға бере алады. Ал екі сағаттан соң Орталық сайлау комиссиясының мүшелері жаңа ақпарат таратады деп күтілуде. Бұл туралы Әріптесім Катерина Брынюк тікелей байланысқа шығып, бөліседі. Ләйлә?

Рахмет. Еске салайын, Орталық сайлау комиссиясынан тікелей байланысқа шыққан әріптесім Ақерке Бектас болатын.