Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда әлеуметтік сенім комитеті құрылады, - Қ. Тоқаев

AstanaTV
09.06.2019ж. 14:00
2008
Қазақстанда әлеуметтік сенім комитеті құрылады, - Қ. Тоқаев

Ал саяси додаға еліміздегі ең ірі партия атынан түскен Қасым Жомарт Тоқаев біраз мәлімдеме жасап үлгерді. Ол «Әлеуметтік сенім» комитеті құрылады дейді. Бұл ұйым қоғамда наразылық білдірген азаматтармен ашық диалог орнату үшін қажет деп отыр. Елордадағы 115- сайлау учаскесінен Абай Сейфулла жалғастырады.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

Президенттікке кандидат Қасым Жомарт Тоқаев "Астана Опера" театрындағы 115- сайлау учаскесінде өз дауысын берді. БАҚ өкілдеріне арналған брифингте осынау мерекелік датамен барша халықты құттықтады. Сайлау - жөнсіз тартыстың алаңы емес, ұтымды бағдарламамен, өтімді ұсыныстармен сайысқа түсетін науқан екенін атап өтті. Тоқаев жер-жерде болып жатқан жастар наразылығынан хабардар екен. Оған қатысты да пікір білдірді. BBC арнасы журналисінің сауалына жауап берген кандидат "Жастар - қоғамның бір бөлігі. Арада ашық диалог болу қажет" - дейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ: 

Қандай жағдайда да біз өзге пікірдегі азаматтарға толеранттылық танытамыз. Билікті қолдайтын адамдармен де, оған қарсы азаматтармен диалогқа келеміз... Әрине, құқық қорғау органдарының шектен шығатын күштеу әрекеттеріне жол беруге болмайды. Дегенмен жастарды да бізге толеранттылық танытуға, ақылдасу арқылы елді бірге дамытуға шақырамын.

115-учаскеде 20 бақылаушы бар. Олар бір ғана ескерту жасап үлгерді. Учаскедегі сайлау жәшігінің бір жағына пломба салынбаған екен. Ал бірінші болып дауыс бергендер мен туған күн иелерін тосын сый күтіп тұрды.  

Жұлдызай БАДАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Отбасыммен келдім, биыл. Қызым өзім салғаннан кейін сыйлық берді. Кішкентай балапаным салғаны үшін. Енді ең мықтысы ұтсын.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

115- сайлау учаскесіне 2500 елордалық сайлаушы тіркелген. Жағдай мұнда тұрақты. Таңертең халық аз болғанымен жаңбырлы ауа-райына қарамастан олардың саны сағат сайын өсіп келеді. Дәл осы жерде Қасым-Жомарт Кемелұлынан бөлек, Президент әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев мырза да дауыс берген болатын.