Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Энергетика министрі үйінде электр энергиясын қалай үнемдейтінін айтты

AstanaTV
10.06.2019ж. 20:00
2412
Энергетика министрі үйінде электр энергиясын қалай үнемдейтінін айтты

Энергетика министрі үйіндегі электр энергиясын үнемдейді. Бүгін мәжілісте журналистер сұрағына жауап берген Қанат Бозымбаев қуатқа қыруар қаржы төлемейтінін айтты. Сөзіне сенсек, оның пәтеріндегі батареяларда температура көтерілгенде қуат беруді шектейтін құрылғы бар. Абай Сейфулла тарқатады.  

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Бас энергетик Қанат Бозымбаев әзірге көпқабатты үйде тұрады. Егер жер үйге көшсе баламалы қуат көздерін пайдаланбақ. Ал әзірше пәтеріндегі жарықты мейлінше аз қосуға тырысып жүр. Қазақстанда 5-10 жылда қуат тапшылығы туады деген болжам бар. Министр үнемдеуді осы қазірден бастау керек екенін айтады.

Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Ал егер электр энергиясына келер болсақ, балалар түнде жатарда жарықты сөндіруге дағдыланған. Тоқты үнемдеу мәдениетін енгізуге тырысамыз. Пәтерде тұратындықтан, баламалы қуат көзі батареяларын орнатқан жоқпын. Бірақ жоспарда бар.

Биыл халық қуат тарифінің төмендеуінің арқасында 14,5 млрд теңге үнемдейді екен. Мұны мәжілісте Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов айтты. Ал барлық коммуналдық төлемнің арзандығынан, 40 млрд теңге тұтынушы қалтасында қалады. Алпысов мәжіліс төрағасы орынбасарының келер жылы қуат құны қалай өзгереді деген сұрағына нақты жауап бере алмады.

Ермек АЛПЫСОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бағаның өзгеруі 55 пайызға қуат өндіруші көздерге байланысты. Әр тұтынушы, әр өтініш жеке қаралатын болады. Тарифті өсірмеуге тырысамыз. Әрине, ол да әр компанияның инвестициялық жоспарына қатысты.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Қазір энергетика министрлігі аз масштабты қайта жаңғыртылатын қуат көздерін қолдауға қатысты заң жобасын даярлап жатыр. Сол кезде тек Энергетика министрі емес, қарапайым халық та күн батареяларын оңай пайдалана алады. Ақшаны бүгінгі айтылғаннан да көбірек үнемдеуге болады. Аталған саланы субсидиялаудың да оңтайлы жолдарын қарастырамыз деді, Қанат Бозымбаев.

А. Сейфулла