Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында заңсыз митингке шыққан 200-дей адам ұсталды - ІІМ

AstanaTV
11.06.2019ж. 20:00
2134
Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында заңсыз митингке шыққан 200-дей адам ұсталды - ІІМ

Маусымның 10-ы күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында заңсыз митингке шыққан 200-дей адам ұсталды. Оның 150 шақтысы әкімшілік жазаға тартылды. Бұл туралы ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз мәлімдеді. Ал сайлау күні жазаланғандар саны 400-ге жуық. Министрлік заңсыз митинг ұйымдастырушы Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымы деп таныды. Елордада ұсталғандардың 200-і Қарағанды мен Ақмола облысының жазалау орындарына жөнелтіліпті. Белсенділер полицияға қарсы тас, таяқ сияқты қатты заттар қолданған көрінеді.

Нұрділдә ОРАЗ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ, РЕСМИ ӨКІЛ:

Біздің үш қызметкер жарақат алды. Екеуіне тас тиді. Біреуінің көзін шығарды. Бұл оныншы маусым күні де қайталанған болатын.

Ішкі істер министрінің орынбасары Үкіметтегі брифингте «Целинный» кинотеатры маңында белгілі ақын Ринат Зайытов ұйымдастырған заңсыз жиналысқа қатысты да пікір білдірді. Тұтқындалған айтыскерді полиция көп уақыт өтпей қайта босатса да, жиналғандар алаңнан оңай тарай қоймаған.

Марат ҚОЖАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Ол адамдар тараудың орнына, Алматының екі орталық магистралі бойымен жүріп, көлік жүрісіне кедергі келтірді. Айғайлап шулап, қоғамдық тәртіп талаптарын бұзды. Ескертуге қарамастан Сайран автобекетіне дейін барды.  

Қазір екі қалада да «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымының әлеуметтік желі арқылы митингке шақырған орындарында жүруге тыйым салынған. Ол жерлерді полиция күзетіп тұр.

А. Сейфулла