Негізгі / Жаңалықтар / Алматылықтар жолдың жоқтығынан балшық кешіп жүр

Алматылықтар жолдың жоқтығынан балшық кешіп жүр

Алматыдағы «Томирис» шағын ауданының тұрғындары жолдың жоқтығынан балшық кешіп жүр. Олар жаңбыр жауса көшелер ми батпаққа айналатынын айтып шағымданды. Ал атқамінерлер жұрт коммуникацияға қосылмайынша жол салу тиімсіз екенін айтып отыр. Жол қашан салынады? Келесі материалда.  

- Дорогу нам обещают сделать уже сколько лет. Мы утопаем в грязи. Дети не могут пойти в садик, потому что мы не можем выйти из дома.

«Томирис» шағын ауданының тұрғындары бірнеше күннен бері өз көшелерінен әрі ұзай алмай отыр. Езілген балшық пен көлкіген жолдарға көліктер тұрып қалып жатыр.

- Мынау Алматыда тұрамыз дейміз, қайсы Алматы? Бір светіміз жоқ көшеде. Мыне Алматыда тұрамыз - батпақтың ішінде тұрамыз. Қай жаққа қарап жүр?

Тұрғындар әзірше аяқтарына полиэтилен қалташалар киіп амалдап жүр. Бұл мөлтек аудандағы онсыз да қиын жағдайды былтыр мұнда тартылған орталықтандырылған кәріз бен су жүйесі мүлдем қиындатып жіберіпті. Жауын жауса болды ми батпаққа айналатындықтан тұрғындар үйден шықпауға тырысады екен. Халықтың айтуынша жергілікті билік жаңа жол салып беруге уәде еткен. Тек ол үшін азаматтар коммуникацияға өз күштерімен қосылуы тиіс болған. Тұрғындар уәдемізде тұрғанымызбен, төселген асфальт жоқ деп шағымданды.

Серік СҰЛТАНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сәуір айында бізге 5 күн уақыт берді. Асфальт төсеп тастаймыз, ал оны кім бұзатын болса 300-400 мың теңге айыппұл салынатынын жеткізді. Халық қорыққанынан үйді үйге су мен кәріз жүйесін кіргізе бастады. Одан бері екі айдан асса да асфальттайтын адам көрмедік.

Атқамінерлердің мәліметінше 30 шақырымдық кәріз бен 20 шақырымдық су жүйесін орталық көшемен жүргізуге бюджеттен 784 млн теңге жұмсалыпты. Жол төсеп, тротуар салып, жарықтандыруға да ақша бөлінген. Бірақ тұрғындардың 20 пайызы коммуникацияға әлі қосылмады деп отыр.

Дәурен ЖАНДЫБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мердігер мекемемен жол салуға келісімшарт жасалды. Әйтсе де тұрғындардың кейбірі коммуникацияға қосылып үлгермегендіктен жол салудың тиімділігін көрмей тұрмыз. Айдың соңына дейін барлық тұтынушылар қосылып, «Алматы су» мекемесімен келісімге отырып, орталықтандырылған су мен кәріз жүйесіне қосылып болса, мәселе туындамайды.

Жол салу жұмысы алдағы айдан басталады. Оған дейін коммуникацияға қосылғысы келгендер асфальтты бүлдірмеуі тиміс. Бірақ ол шаруа қымбатқа түспек. Өйтпеген жағдайда жолды бүлдіргендерге айыппұл салынады.

А. Төребекқызы