Негізгі / Жаңалықтар / 2020 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер 30 пайызға өсуі мүмкін

2020 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер 30 пайызға өсуі мүмкін

Келер жылдан бастап елде үш түрлі әлеуметтік төлемнің мөлшері орташа есеппен 30 пайызға өседі. Ол асыраушысынан не жұмысынан айрылған және еңбек қабілетін жоғалтқан 200 мың азаматты қамтиды. Бүгін Мәжіліс мақұлдаған «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң жобасы осыны көздейді. Құжатты таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі енді азаматтың еңбек өтілі мен Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан алатын төлем көлемі барынша сәйкестендіріледі деп отыр. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, еңбек өтілі 5 жылдан асатын төлем алушылардың әрбір еңбек еткен жылы үшін коэффициент көлемі 2 пайызға артпақ. Осылайша олар халықты әлеуметтік сақтандыру жүйесіне көп жылдар бойы ақша аударуға ынталандырғысы келеді.  

Бердібек САПАРБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Мысалы, азаматтың орташа айлық табысы 100 мың тг, 7 жыл жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдарды төлеген болса, онда еңбек ету қабілетінің 65 пайызға айрылған жағдайда әлеуметтік төлемнің мөлшері қолданыстағы формула бойынша 22 988 тг, ал заң жобасындағы жаңа формула бойныша 31 080 тг құрайды. Яғни өсім 35 пайыз.

Асыраушысынан айрылған отбасыға берілетін төлем үйдегі бала санына қарай 5 пайыздан 20 пайызға дейін өсіріледі. Ал жұмыстан айрылғанда кірістің орнын толтыруға берілетін ақы 40 пайызға жеткізіліп, 6 ай бойы төленбек.

Д. Қайыртай