Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Шығыс Қазақстандағы "Үлбі" өзені арнасынан асты

AstanaTV
12.06.2019ж. 20:00
7389
Шығыс Қазақстандағы "Үлбі" өзені арнасынан асты

Шығыс Қазақстан облысындағы Тархан ауылын су басуы мүмкін. Толассыз жауған жаңбырдан Үлбі өзенінің арнасы күн санап үлкейіп барады. Елді мекен тұрғындары жергілікті биліктен тез арада жағаны бекіту жұмыстарын жүргізуді сұрап отыр.  

- Вот этот бугорок нас и спасает

Ауыл іргесіндегі аласа дөңнен басқа бұл маңда тасқынға тосқауыл болар бөгет жоқ. Тұрғындардың айтуынша, жағалаудағы шағын тоғайды Үлбінің арынды ағысы тамырымен жұлып тас-талқан етті.

Елена ЛЯПУНОВА, ТАРХАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Түн ұйқымызды төрт бөліп, өзен жаққа елеңдеп жатамыз. Бүгін таңғы сағат 4.40-та сыртқа шықтық. Себебі соңғы 2 жылда өзен арнасы өзгеріп, жағалауды су басты. Өзен суы бау-бақшаға дейін жетті.

Көктемгі су тасқыны салдарынан Үлбінің арнасы 15 метрге кеңейген. Маусым айындағы толассыз жауған жаңбыр өзен суын толтырып, күн санап ауылға таяп келеді деп отыр үрейлі халық. Бұл ауылда 600 -ден астам үй бар.

Валерий БЕЛЯНИН, ТАРХАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Өзен арнасын өзгертті, ол мына аралдың ар жағымен ағатын. Жыл сайын ұлғайып барады. Соңғы үш жылда жағалаудың 15 метрі шайылып кетті.

Тарханның төменгі жағында 10 жыл бұрын салынған бөгеттер тасқынға тосқауыл бола алмады. Мұндағылар егер бөгет бұзылса, Үлбі өзені облыстың тас жолдары мен саяжай кооперативтерін шайып, өзге де ауылдар зардап шегуі мүмкін деп қауіптенеді.

Надежда КРУГЛОВА, ТАРХАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге бөгет салынады деп уәде берген. Ал он жыл бұрынғы бөгеттерді тасқын су біртіндеп бұзып жатыр.

Үлбі жағасын бекіту жұмыстары облыстың жол картасына енгізіліп, 2021 жылға жоспарланған. Сарапшылардың тұжырымына сәйкес жағалаудың екі жарым шақырымын нығайту қажет. Бұл мақсатқа бюджеттен 89 миллион теңге керек. Тарханнан басқа тағы екі ауылға қауіп төніп тұр. Сондықтан жергілікті билік тасқынға тосқау жасаудың жоспары мен бөлінетін қаражатын қайта қарастырып, бекіту жұмыстарына биыл кіріскелі отыр.

Айдар ЖАНПЕЙІСОВ, ШҚО ГЛУБОКОЕ АУДАНЫ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қоршау бөгеттерін салу мәселесі қарастырылып жатыр. Құжат дайын. Қазір төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері суды сорғызу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыншама жауын-шашын болады деп ешкім ойлаған жоқ еді.

Мамандардың айтуынша су деңгейі төмендеген соң елді мекендерде тасқынға қарсы іс-шаралар жүргізіле бастайды. Ал Үлбінің арынынан үрейленген ауыл тұрғындары кез-келген уақытта бас сауғалап қауіпсіз жерге көшуге дайын отыр.

З. Санай