Елде 7 мың отбасы «Nur Otan» партиясының бірыңғай әлеуметтік терезесіне жүгінген. 3 мыңнан аса жанұяға әлеуметтік-материалдық көмек көрсетілген. Бірінің баласы балабақшаға орналасса, енді бірі- тұрақты жұмыс тапты. Ал 119 отбасы баспаналы болды. Бұл игі бастамалар - «Бақытты отбасы» жобасының бір бөлігі ғана. Партияның балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңесі енді арнайы жол картасын әзірлеп отыр. Бұған үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлер тартылмақ.
8 баланың анасы Әсем Сомтемірова бір кәсіпті меңгеруді бұрыннан армандаған. Бірақ тұрмыс тауқыметі бұған мүмкіндік бермей, көпбалалы келіншек жұмыс таппайды. Енді әлеуметтік бағдарлама арқылы тегін оқыту курсынан өтіп жатыр.
Әсем СОМТЕМІРОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тегін курстар, оқулар бар екен. Соның ішінен осы тігінгі таңдадым. «Nur Otan» партиясына алғысым шексіз. Оқып болғаннан кейін, мамандықты алып болған соң қаламын деген ойым бар.
Әсем секілді біраз анаға «Жәрдем» бағдарламасы жәрдем беріп отыр. Бастаманы Іскер әйелдер қауысдастығы «Nur Otan» партиясымен бірлесіп қолға алған. Тараптар тігінші, аспаз секілді мамандық түрлеріне жұмыссыз әйелдерді баулымақ. Кейін тұрақты жұмыс тауып береді.
Динара ЗАКИЕВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Нұр-Сұлтан қаласында атаулы әлеуметтік көмекті 4200 отбасы алады. Біз олардың аяққа тұрып, кірісін көбейтуге көмектесуді көздейміз. Олар мемлекетке тәуелді болмай, өздігінше белсенді болғанын қалаймыз.
«Бірге» акциясына келіп түскен жарты миллион өтініштің көбі осы бағдарлама арқылы жүзеге асады. Өйткені халық әлеуметтік мәселені ертерек шешіп беруді сұрайды.
Тамара ДҮЙСЕНОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Үкіметтік емес ұйым арқылы көрсетілетін қызметтің барлығы үлкен қалаларда ғана жүйесін тапқан. Ал ауыл жерлерде бұл қызметтерге қол жеткізу мүмкін емес. Екіншіден аз қамтылған отбасылар балаларын қосымша біліммен қамтуды сұрайды.
Енді мемлекеттік органдар «Бақытты отбасы» жобасымен көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетеді. Бұған бизнес-қоғамдастықтар тартылмақ. Партия атқарушы билікпен қосымша көмек беру үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді қарастырады.
А. Бектас