$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ең қымбаты – адам өмірі! Полицейлер туралы жөткірінбей тыңдайтын әңгімелер

AstanaTV
22.06.2019ж. 20:00
4529
Ең қымбаты – адам өмірі! Полицейлер туралы жөткірінбей тыңдайтын әңгімелер

Біреудің өмірі үшін өз өмірін қию – ерлік дейміз, ол адамның өзі парыз деп есептеген. Парызды орындауға жүрек керек, пайым керек. «Саған қатысы не, мүмкін қажеті жоқ?» деген жымысқы ой кімде жатпайды? Тумысы бөлек ғана жанын арының садағасы ете алады. Ішкі істер министрлігіне реформа керектігін, реформа дегенде форма өзгертетін емес, басты постулатты өзгертетін уақыт туғанын мысалдармен беріп жүрміз. Дегенмен. Ертең елімізде полиция күні. Ең қымбаты – адам өмірі екенін түсінгендер туралы Еркін Карин жөткірінбей-ақ көретін материал дайындады.        

Суыт соғылған әрбір қоңыраудың артында адам тағдыры тұр. Бәрі дерлік қиын сәтте қиналып көмек, кеңес сұрағандар. Жандос та осындай шұғыл шақырту түскесін, жанталасып жеткен еді. Жанұшырып жеткендегі көрініс жігіттің көз алдынан әлі кетер емес.

Жандос Құбаев, БҚО ПД инспекторы:

 Үйге кіріп барған кезімізде ер азамат бес жасар құрттай сәбидің мойнына пышақ тақап тұрды. Жақындауға мұрша бермеді, жақындасақ ол балконға қарай қашады, әлде баланы пышақтаймын деп қорқытты. Анасы келгенше бізге ұстап тұруға сондай мүмкіндік болды. Анасын алға қарай қойып, анасының артымен бірге жағаласып кіріп, қолын қайырып ақыры ұстадық.

Тағдыры жалаңдаған пышақтың жүзіне тірелген кішкентай періште ақыры анасымен аман-есен қауышты. Ал үйіндегілерге өкпелеп, биіктен секіріп өлмек болған мына бойжеткеннің оқыс қылығы өз алдына бір бөлек әңгіме. Взвод командирі Нұрболат Смағұл рациямен түскен суыт хабар ізімен көмекке бірінші болып жеткен. Көп қабатты үйдің төбесінен аяғын салбыратып отырған қызды көргесін, әріптесі Нұржанмен бірге дереу жоғары көтеріледі. Өйткені бес қаруы сай құтқарушылар мен арнайы техниканы күтуге уақыт тығыз. Бірақ төбеде қарға адым жер жүрудің өзі мұң, өйткені тозығы жеткен ескі шифердің морт сынып кетуі немесе арнайы құралы жоқ жігіттердің өздері төменге тайып құлауы да мүмкін еді. Бірақ Нұрболат төменге құлдилағалы тұрған қыздың шалғайына жармасып үлгірді. Әйтпесе бір мезеттік ашудың кесірінен қызғалдақ ғұмыр қиылып түсер еді.

Нұрболат Смағұл, БҚО ПД қызметкері:

 Қатты тайғанақ болды, аяққа тіреу ескі шиферден шыққан шегенің бастары ғана. Сол ғана аяққа тіреу болды. Аздап қорқыныш болды. Басты міндет сол қызды құтқару болды. Кез-келген ішкі істер органы қызметкерінің міндеті деп ойлаймын. Бәрі ойдағыдай болды.

Ал атыраулық полицей Жайық өзеніне секірген қызды құтқаруға ұмтылған. Тұңғиыққа бойлаған қызды аман алып қаламын деп ойланбай суға секірген атпалдай азамат екінші мүшелге жетпей опат болды. Бір әулеттің үміт артқан асыраушысы, сержант Шалқар Ақымғалиев небары 24 жаста еді... Ал павлодарлық полицейлер тас жолда жүйткіген мектеп автобусына қарсы бағыттан төніп келген «КамАЗ»-ды өз көлігімен бөгеді. Автобустағы 24 жолаушыны, оның барлығы дерлік балалар, ажалдан құтқарған сақшылардың көзсіз ерлігі қандай мақтауға да лайық. Сол апатта ауыр жүк көлігінің астына түсіп, ауыр жараланған Мұрат Нұрсейітов ұзақ емделді, тіпті бірнеше рет күрделі ота жасатты. 5 баланы тәрбиелеп отырған азамат қазір жұмысына қайта оралған.

Мұрат Нұрсейітов, полиция қызметкері:

 КамАЗ көріп тұрмын, не болса да біз анау КамАЗ-ды тоқтатуымыз керек. Баянбекке айттым. Қазір қарсы аламыз ана КамАЗ-ды дедім. Сол қарсы алдық лобовоймен. Менің өзімнің де балаларым бар. Бір уақытта өзімнің де балаларымды ойладым, ана автобустың ішінде менің де балам болса, не болса да тоқтатуымыз керек ғой. Солай шешімге келіп тоқтаттық.

Жалпы еліміз егемендік алғалы бері 787 полицей қызметтік борышын өтеу кезінде көз жұмған. 83 қызметкер қауіпті қылмыскерлердің қолынан қапияда қаза тапқан. Сонымен қатар 2 443 полицей қызметтік борышын өтеу кезінде жараланды. Олардың ішінде ауыр жарақат алғандары да бар.

Тараздағы қанды қырғында бүлікшінің жолын кескен батыр Байтасовтың ерлігі байтақ елдің есінде. Намысты жігіттер бейбітшілік үшін өз өмірін осылай құрбан қылды.

Гүлжамал Махамбетқызы, Ғазиз Байтасовтың жұбайы:

 Халқы Ғазизді ұмытпайды. Әрқашан да, бүгінгі Ғазиздың қайтыс болған күнінде, Ғазиздың туған күнінде, өздерінің қызметтік мерекелерінде әрқашанда еске алып, оның ерлігіне тағзым етеді. Үлкен ұлы Ғазиздың әке жолын қуып, Қазақстан Ұлттық университетінің заң факультетінің студенті. Болашақта тек қана жақсылық болсын, аспанымыз ашық болып, мұндай жәйттер ешқашан қайталанбасын.

Елі үшін от пен суға түсіп, оққа ұшқан ерлердің ерлігі ұмыт болған жоқ. Осындай батылдығымен көзге түскен ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның 1 340 қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталыпты. Лайықты марапат 131 боздаққа бақилық болғаннан кейін ғана бұйырды. Өкініштісі, бейбіт күнде баудай түскендердің қатары бір полктың сарбазына жетеғабыл. «Мәңгілік полктың» қайсар жауынгерлері мәңгі есімізде! 

Қаршыға Кішкентаев, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы милиция полковнигі:

Полицейский ант береді ғой. Ант бергенде кез-келген адамды қорғауға тиісті. Бұл енді үлгі, қалған полицейлерге. Біз оларды ұмытпаймыз, біз олардың семьясымен хабарласып тұрамыз. Семьясына жәрдем береміз.

«Отан үшін жан пида!» деп ант қабылдаған бұл жігіттер - бейбіт заманның батырлары. Олардың небір оқыс оқиғамен өрілген әр күні мылтықсыз майданға бергісіз. Бірақ олар әскери рапорт бергендегідей сөзге сараң болғанымен, ісіне мығым. Өйткені «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» деген тәмсілді өмірлік ұстанымына айналдырған.

Еркін Карин, Өзгеріс Қуанар, Әлішер Өмірзақ, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»