Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Жабылып қалған екі банктің салымшылары бір миллиардтан астам теңгесін әлі күнге дейін алмаған

AstanaTV
24.06.2019ж. 20:00
2069
Жабылып қалған екі банктің салымшылары бір миллиардтан астам теңгесін әлі күнге дейін алмаған

Жабылып қалған «Астана БАНКІ» мен «Qazaq bankі»-нің салымшылары өз ақшасын алуға асығар емес. Депозиттердің кепілдендірілген сомасы былтырдан бастап төленіп жатыр. Бірақ Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан хабарлағандай, салымшылардың бірқатары ақшасын әлі қайтарып алмаған. «Астана банкінің» клиенттері 36 млрд. теңгеден астам қаржысын алыпты. Бірақ қаржы мекемесінде әлі 755 млн. теңге жатыр. Ал «Qazaq bankі» салымшылары 20 млрд. теңгесін алғанымен, әлі 325 млн. теңге иесіне қайтарылмаған. Бұл депозиттердің дені 5 мың теңгеге де жетпейді. Ал ең ірі жинақ 13 млн. теңге екен. Бүгінде мамандар жабылған банктердің клиенттерінің бәріне хабарласып шыққан. Олардың жартысынан астамы ақшасын қайтарып алмайтынын жеткізіпті. «Qazaq bankі» клиенттеріне жағдай жасауға тырысқан кепілдік беру қоры ақшаны беру мерзімін банк-агент арқылы 24 желтоқсанға дейін созған еді. Ал салымшылар қаражаттарын одан кейінгі 5 жылдың ішінде қордан ала алады.  

Ақылжан БАЙМАҒАМБЕТОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕПОЗИТТЕРГЕ КЕПІЛДІК БЕРУ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кейбір азаматтар банкте жатқан ақшасын ұмытып кетуі мүмкін. Мысалы, негізгі соманы шешіп алғасын, қалдық қалғаны есінен шығып кетуі мүмкін. Біз банктің барлық клиентіне хабарласып, олардың ақшасын осыған дейін де қайтарып алғысы келгенін анықтадық. Ал азаматтардың 60% депозиттегі ақша азғантай болғасын, солай қалдыра беретінін айтты. Өйткені ақшадан уақыт қымбат болатын кездер болып жатады.

Е. Карин