Арыстағы жарылыс қаупі сейілген жоқ. Екі қару-жарақ қоймасындағы өрт ауыздықталғанымен, тағы біреуіндегі тұтанған от әлі де басылмай тұр. Қорғаныс министрі осындай мәлімдеме жасады. Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин қазір қызыл жалынды сөндіру үшін мыңнан аса құтқарушы жұмыс істеп жатқанын айтты. 200-дей техника тартылған. Вице-министр өртті сөндіру үшін оқ өтпейтін техника қолданатындарын да жеткізді. Ал қалаға оралу әлі де қауіпті. Өйткені үйлер мен теміржолдарда жарылмай қалған снарядтар жатыр. Сондықтан құтқарушылар тұрғындардың төтенше жағдай аумағына, қалаға қайтып келмеуін ескертті.
Юрий ИЛЬИН, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, ұшқышсыз ұшатын аппараттың көмегімен әуеден барлап көрдік. Әскери қару-жарақ қоймасы аймағында әлі тұтанып тұрған ошақтар бар. Қауіп сақталады. Дегенмен, алқашқыда болған жойқын жарылыс қайталанбайды деп ойлаймыз.
Жойқын жарылыстан Арыстағы үйлердің 90 пайызы зардап шеккен. Әсіресе баспаналардың шатыры сынып, терезесі шытынап кетіпті. Әскери сапер әзірге 20 мыңнан аса снаряд пен жүздеген оқ-дәрі тапты. Қазір оларды қала сыртына шығарып жатыр. Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мамандардың көшелер мен теміржол бойын аралағанын айтады. 150 адам 9 топқа бөлінген. Бірақ тұрғын үй мен құрылыс нысандары әлі тексерістен өткен жоқ. Ертең Қорғаныс министрлігі, құқық қорғау органы мен қопарушы-мамандардан арнайы топ жасақталмақ. Олар баспаналардың қауіпсіз екенін анықтаған соң ғана тұрғындар қайтарады. Арыста барлығы 7600 үй-жай бар.
А. Бектас