$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Аптап ыстықта Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар-2 ауылының тұрғындары ауыз сусыз отыр

AstanaTV
25.06.2019ж. 20:00
3228
Аптап ыстықта Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар-2 ауылының тұрғындары ауыз сусыз отыр

Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар-2 ауылының тұрғындары қырық градус ыстықта ауыз сусыз отыр. Халық қаладан тасып ішуге, сатып ішуге мәжбүр. Екі мыңнан астам халқы бар елді-мекенде су мәселесі сегіз жылдан бері шешілмей келеді. Бақыт Рахметова сабақтайды. 

Полат Алмағамбетов бұл ауылға алты жыл бұрын Қарақалпақстаннан көшіп келген. Содан бері тіршілік нәріне зәру.  

Полат АЛМАҒАМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 

Балдарға қиын. Ана жақтан тасимыз. Әркімнен сұраймыз. Жалынамыз. Көшедегі машинаға су қосып жібереміз. Біреу әкеледі. Біреу әкелмейді. Қалаға такси жалдап су әкелеміз. Кір жаутын суды сатып аламыз үш мың теңгеге. Ол бір аптаға да жетпейді.

Судан тарыққан ақжарлықтар бүгін орталық көшеге жиналды. Қырық градус ыстықта сусыз өмір сүру қиын дейді халық. Бұрын таңертең екі сағат, кешке бір жарым сағаттан су ақса, қазір оған да зар болып қалған.  

- Түнімен күзеттік алма-кезек. Жаңа сағат жеті де құттай су ақты. Туалеттен ақты. Соны банкіге құйып алдық. Тағы жабылып қалды.  

- Қаладан тасимыз. Баклашкамен тасимыз. Басқаша білмеймін. Менің үйіме бір жетіден бері қарай круглосуточно су тамған жоқ. Жұртқа шамалы келеді ғой. Маған тәулік бойы су келмейді. Міне көршілерім тұр ғой. Тәулік бойы су жоқ.  

«Ақбұлақ» мекемесінің өкілдері ауыз судың жоқтығына не себеп болғанын енді анықтап жатыр. Бүгінде Ақжар-2 ауылында төрт сусорғыш стансасы жұмыс істеп тұр. Оның өзі екі мың жеті жүздей халыққа жеткіліксіз.   

Динара ЖАНАЛИНА, «АҚБҰЛАҚ» АҚ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Су құбырларын тесіп, өздігінен заңсыз су жүргізіп алушылар көп. Олар құбырларының диаметрі үлкен. Біздер үй аралап, халыққа ескерту жасап жатырмыз. Бізбен келісім шартсыз су кірігізіп алғандарға айыппұл салынатын болады.

Ауыз су сұраған халыққа Ақтөбенің кеше ғана сайланған әкімі де келді. Ол ауылға не жаңа су мұнарасын салады не болмаса қосымша сусорғыш станса орнатылады деп отыр.  

Мавр АБДУЛЛИН, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Су мәселесі айтып тұрмын ғой. Ертең таңертең тоғызға дейін бізге судың қорын анықтап береді. Содан кейін қандай біз ол жерге қосымша насос қондыруымыз керек. Соның барлығын қазір міне "Ақбұлақтың" мамандары жұмыс жасап жатыр. Сол бойынша біз максимально жұмыс жасаймыз.

Алайда әкім ақжарлықтар суға қарық болатын күнді атамады. Ал бұл ауылдың жаз болса судан тарығатынына биыл 8-ші жыл.  

Б. Рахметова