$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Арыс трагедиясы. Алғашқы күн...

AstanaTV
29.06.2019ж. 20:00
5314
Арыс трагедиясы. Алғашқы күн...

Арыс трагедиясы. Жарылыстар. Аспан қою түтін. Жылаған ана мен бала. Қираған қаладан жаяу-жалпылап қашқан жұрт. Бәрінің көлігі жоқ ғой... Адасқан бала, аңыраған әке-шеше. Арыспен бірге күңіренбеген адам жоқ шығар. Кеше таңертең тұрғындар Арысқа орала бастады. Алдымен оқиғаның қалай болғанына тоқталайық.

Абай Сейфулла, тілші:

Жиырма төртінші маусым күні түске жақын анам хабарласты. «Біз құжаттарымызды жинап жатырмыз, қалаға кетеміз» деді. Түсінбедім. «Арыста жарылыс болып жатыр ғой, біз мына жақта аспаннан түтіндерін көріп, даусын естіп отырмыз. Бөген су қоймасын бұзады екен. Ол біздің ауданды да шайып кетеді» дейді. Осылай басталған Арыс жайлы ащы шындық пен қауесет күллі Қазақстанға тарап кетті. Біздің ауыл Арыстан 50 шақырым алыс болса да уайымдап жүрген анамды жалған ақпаратқа сенбе деп ұстап қалдым. Ал көршілер көшіп кетіпті... Арыс қайда, біз қайда?

 Әскери бөлімдегі алғашқы жарылыс таңғы тоғыз жарымда тіркелді. Әлеуметтік желілерде бірінен-соң бірі дүмпудің бейнелері пайда бола бастады. Қауіптің күшті екенін сәл кейін түсінген ел қаланы тастап қашты. Көлікпен кеткені де бар, ондаған шақырым жаяу тартқаны да бар. Біразы қырға шығып кетті.

Гүлнар Әбу, Арыс қаласының тұрғыны:

Үйге кірсем балаларым ұйықтап жатыр еді, сүйрей-мүйрей келінімді немеремді алып сүйреп әкімшілікке қарай қаштық. Артымызданатылып, ұшыпжатырғой.снарядтарұшып... мынақырменжаяуқашыпкелдік.

Ержан Тұрсынбеков, Арыс қаласының тұрғыны:

Уфф, үйге қарамай кетіп қалдық. Біз білмейміз оны. Жер үйде, үйдің жанындағы үй жарылды. Үйдің төбесінің жартысы түсіп қалған екінші атылған кезде. Сонымен қаштық бері қарай біз. Бұл бір емес, осыдан бес алты жыл бұрын бір болған, түнде. Ол кезде де қашқанбыз.

Шәрбану Қожықова, зардап шегуші:

Үйде тұғынбыз бірден атылған кезде. Шығып қырда телевишка бар Арыста соған қарай жүгірдік. Сол кетіп бара жатқанда жолда осколка тиді ғой аяғыма. Тиген кезде аяғым бөлініп қалды. Сонымен зорға әйеуір скорый жоқ, басқа жоқ, әкеліп Шымкентке әкелді ғой.

 Кешке дейін «итшілеп» жүріп 45000 адам төрт эвакуациялық пунктге жетті. 38000-ы өз аяғымен барған. Түркістан, Шымкент қалаларына орналастырылды. Арыстың өзінен алыс емес ауылдарға қоныстанды. Түнделетіп Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жетті. Абдыраған көңілге басу айтты. Ауруханаға түскендердің көңілін сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бәрі жақсы болады. Город восстановим. Все будет нормально. Потерпите. Это чрезвычайная ситуация, катастрофа. Қайтеміз. Солай болады. Кейбір уақытта. Үкімет ақшаны санайды, қанша керек. Қаражат бөлеміз. Ремонт жасап береміз.

 Жарылысқа қатысты қылмыстық із қозғалды. Қауіп тудыратын затты сақтау ережесін бұзу бабы бойынша. Тоқаев та жазды. Кінәлі кім? Кімдер? Әдеттегідей, бір-екі сарбаздың мойнына іліп, жылы жаба сала ма? Ашынған халық оған көнсе...

Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі, ресми өкіл:

ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Шымкент бөлімі қылмыстық кодекстің 462-ші бабының 1-ші бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркеді. Барлық жағдай ІІ органдарының қадағалауында.

 Қадағалау қала қирап қалғанда емес, қашаннан болуы тиіс база екенін, бірақ қолдарынан келмегенін қорғаныс министрлігінің өзі мойындады. Министр Нұрлан Ермекбаевтың орынбасары Мұрат Бектенов үйлерге 200 метр жақын қашықтықта қару қоймалары бар деді. Ал талап бойынша ол елді мекендерден аз дегенде 3 шақырым алыс болуы тиіс. Көшіріп әкетуге сылтау табыла берген.

Мұрат Бектенов, ҚР қорғаныс министрінің бірінші орынбасары:

Біз 10 шақырым қашықтыққа алып кетуге бірнеше рет құжат өткіздік. Бірақ ол үшін адамдарды көшіре тұру керек болды. Оның үстіне 800-ақ метр жерде теміржол тұр. Сөйтіп біз қойманы ауыстыруға шешім қабылдадық. 2005 жылдан бері көшіріп жатырмыз. Бірақ қаржы жетпеді. Үлгермедік.  

 Министрлік көшіріп үлгермей жүргенде, арыстықтар төрт бірдей жарылысқа куә болып үлгерді. 2009 жылы «ҚазАрсенал» базасында қару-жарақты утилизациялап жатып, от шыққан. Жарылыстан үш адам қайтып, 17 азамат жараланған. Мекеменің басшылары кінәлі деп танылып, әр түрлі жылға сотталып кетті. 2014 жылы қоймада оқ дәрі тұтанып, екі әскери тіл тартпай кеткен. Ал соңғы оқиға 2015 жылы әскери полигондағы сынақ кезінде болды. Қалдықтардан тазарту уақытында жарылғыш зат іске қосылып, технолог өлді. Ресми дерек бойынша, кешегісінде тағы үш азамат ажал құшты. Осының бәрі Арыста болды. Бомбаның үстінде отырған халық, енді соның астында қалғымыз келмейді деп шу шығарды. Шымкенттің мешітінде отырған жерінен митингке шығып кетті.

Гүлбаршын Достанова, Арыс қаласының тұрғыны:

Оның экологиясы, қару-жарақтың қалған қалған зарары бізге ол ешқандай пайда әкелмейді. Ол онсыз да Арыс қаласы бірталай жылдан бері экологиялық аймақ. Ол енді тіпті бұдан кейін экологиясы шарықтап кетті деп ойлаймыз. Сондықтан біз ол жаққа бармаймыз, балаларымыздың өмірін қауіп-қатерге, от пен бомбаның астына қайта апарып тыққымыз келмейді.

Қойма 60 жылдардан бері бар. Қазір тұрақты 400 адам жұмыс істейді. Онда құрлық әскерлеріне арналған артиллериялық, атқыш және ракеталық типтегі қару-жарақ сақталған. Қорғаныс министрлігі ешқандай химиялық қару жоқ екенін айтты. Сондықтан радиация болуы мүмкін емес. Шөкеев экология үшін өз басыммен жауап берем деп те ант ішті. Ақырында Арыста бір ай тұратынын айтты. 

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

Біз өз өзіміздің абыройымызды түсірмейік. Ол жерде қазір ешқандай радиация жоқ. Осында жүрген біраз провокаторлар бар сөйтіп айтып жүрген...Мен басыммен жауап берем. Ешқандай радиация жоқ, ол жерде.

Төрт күн жұртсыз қалған Арыстан саперлар 5700 снаряд жинады. Секем алып қалған ел біртіндеп қайтып жатыр. Шығын шаш етектен. Үйлердің көбі қираған. Тоқаевтың қоймаларды толық көшіріп әкетіңдер деген тапсырмасы енді орындалуы керек. Тағы қаржы жетпей қалмаса...  

Абай Сейфулла, Самат Орынбаев «Біздің уақыт»