Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Он жыл бұрын алапат жарылыс болатыны ескертілген еді...

AstanaTV
29.06.2019ж. 20:00
3789
Он жыл бұрын алапат жарылыс болатыны ескертілген еді...

Ресейлік «Новая газета» басылымының әскери шолушысы Павел Фельгенгауэрдің пікірін «Азаттық» беріпті. Ол «Арыстағы әскери қоймада ескі қару-жарақ жарылды» деп топшылайды. - Бұл совет үкіметі заманынан бері жиналып қалған өте көп оқ-дәрі... Совет одағы миллион әскері бар Қытаймен соғыс бола қалса деп, көп қару жинаған... Ал қазір Қазақстан бұл қаруларды утилизация жасауы керек. Себебі Қазақстанға [бұл қарулардың] мүлде керегі жоқ. Жойылмаса, жарылыстар бола береді. Бұл көп қаруды тез жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан сұрыптап, дұрыстап сақтау керек. Дұрыс сақталмаса, жарылады. Себебі қару ескірген сайын қауіпті, - деген ресейлік сарапшы. Ал әскери журналист Мұхарбек Махамбет жарылыс кезінде иен далаға ұшып барып, жарылмай қалған снарядтар тұрғындардың өміріне қауіпті деп санайды.

- Қоймадағы снарядтар 10-20 километрге ұшып кетіп, жарылмай қалуы мүмкін. Олар жердің астына кіріп кетеді. Кейін қой бағып жүрген бала, адамдар кездесіп қалса, қиын болады. Адамдар мыс пен метал іздейміз деп жүріп, снарядтарға тап келуі де мүмкін, - дейді ол. Демек қаланы тазартып болғасын, даланы сүзіп шығу керек! 

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған. 2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан. Он жыл бұрын, 2009 жылы Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол кезде төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Осындай – шығарылмаған қорытындылар. Кімге және неге сену? Қалайша бір жауапты ойланбады? Әскерилер «айтып-ақ жүрміз» дейді. Қалай айтқан – аргументтері темірдей болмаған ба, жоқ әлде ақша бөлетіндердің санасы ... Миға қонбайтын қамсыздық. Жоқ, бірнәрсені, бір әрекеттерді жасырудың салдары ма?

 Апат айтып келмейді. Бірақ алдын алуға болатын апаттар болады. Арыстағы жарылысты осыдан тура он жыл бұрын генерал-майор Ержан Исақұлов болжап кеткендей. Депутат кезінде сауал жолдаған. Онысын ешкім ескермеді ме, әлде шаруа тиісті деңгейде атқарылмады ма, кім біледі?..

Ержан Исақұлов, 2009 жыл, Парламент Мәжілісінің депутаты: 

 ...Мұнан да зор жарылыс болып, салдары жаман болуы мүмкін.

Ержан Исақұлов, экс-депутат, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері: 

Әскери қоймадағы оқ-дәрі, қару-жарақтар, барлығы 1986 жылдан бастап сол жерде сақталып жатыр. Ол Ауған соғысы біткеннен кейін сол оқ-дәрі, қару-жарақты алып келген еді. Ал енді содан бері 33 жыл өтті. Міне, екі рет онда жарылыс болды. Менің Қазақстан Парламентінің мінбесінен 2009 жылы көтерген осы туралы мәселе ол соның алдында болған жарылыс еді. Онда 4 адам қаза болып, 17 адам зардап шеккен болатын.

Бір қалада, бір әскери қоймада әлденеше рет оқыс болып жатқанда... ешкім пысқырмағандай. Әр жолы жылы жаба салып отырған. Бұл жолғысы олай емес. Төтенше болды. Бүкіл қала толық дерлік қирап қалды. Оқиғаға басқаша қарауға жоғарғы эшелондағы өзгерістер де себеп болуы мүмкін. Соңғы саяси науқандар да түрткі шығар. Қайткен күнде де, ендігәрі елдегі жағдайларға көзқарас бөлекше болмақшы. Ал арсеналдың жарылу себебін тағы бір генерал – Бақытжан Ертаев бүгінгі күннен емес, кешегіден іздеу керек деп отыр. 

Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Бұрын кеңес кезінде бұл үлкен склад болған. Енді қазір ол біздің қарулы күштердің иығына салынған дүние. Бірақ олар қолынан келгенін істеген шығар. Бірақ бұның тарихы терең. Соны ашу керек.

Бұрын Қарулы күштердің Бас штабын басқарған ардагер-сардар аталмыш әскери қойманы Арыстан Ембі полигонына көшіру туралы мәселе уақытында көтерілгенін де айтты. Ал 2005 жылдан бері бұл жерден 184 тонна жауынгерлік арсенал басқа қоймаларға тасымалданған екен. Қаражаттың аздығынан, шамамен, 90 тонна оқ-дәрі қалып қойған. Қорғаныс министрлігі осылай тұспалдап отыр. 40-50 жарылыс болғанын да қоймада сақталған оқ-дәрілердің санына қарап тұжырымдаған. Министрдің орынбасары Тимур Дәндібаев елдегі қару-жарақтың тең жартысы ескірген деді. Советтен қалған соғыс құралдары әлі күнге қоймаларда жатыр. 

Тимур Дәндібаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары: 

Қазір біздегі қару-жарақтың 50 пайызға жуығы ескірген. Бірақ біз оны жою үшін қажетті іс-шаралар өткізіп отырамыз. Ол кезең-кезеңмен жүргізіледі және өте қымбат процесс.

Қымбат процеске ведомство өкілдері қаражатты жылда сұрайтындарын айтады. Қаржы бөлетіндер жағдайды түйсіне алмай ма? Әлде сұрауы дұрыс болмай тұр ма? Осыны білмек үшін Қаржы министрілігіне апта бойы біз сұрау салдық. Сол күйі мардымды жауап болмады. Мүмкін қаралы оқиға басқа әскери қоймаларда қайталанбас үшін мерзімі өткен оқ-дәрілерді құртуға ақша санаудан босай алмай жатқан шығар... 

Ержан Исақұлов, экс-депутат, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері: 

Басқа елді-мекендерде де бар ғой ондай оқ-дәрі қоймалары. Өйткені әскер болғаннан кейін оларды қару-жарақпен, оқ-дәрімен қамтамасыз ету керек. Олардың барлығында ондай қоймалар бар. Енді сол жердегілердің барлығын мемлекет деңгейінде комиссия құрып, белгілі мамандарды, депутаттарды қосып, соларменен барлығын мұқият тексеру керек. Оларға қажет болса, қаржы бөлу керек. Оларға барлық шешілмей жатқан мәселелерін шешіп беру керек. Өйткені әскерилер ондай сұраныстарды беріп жатқанына мен кәміл сенемін, бірақ оларға сол барлығы қаражатқа байланысты ғой, қаражат жеткілікті бөлінбей жатуы мүмкін.

Ержан Исақұлов депутат кезінде Арыстағы жарылысты бір ескертсе, одан бұрынырақта – қызметте жүргенінде елорданы осындай апаттан аман алып қалған десек болады. 

Ержан Исақұлов, экс-депутат, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері: 

Мен 1995 жылдан бастап осы жерде – Ақмолада, содан кейін Астанада ҰҚК департаментін басқардым. Сол кезде біз осы Астананың іргесінен сондай бір үлкен қойма тапқанбыз. Ол қоймадағы оқ-дәрінің көлемі де осындай еді. Соны Елбасымызға айтып жүріп, Қарағанды облысына тасымалдағанбыз. Менің естуім бойныша сол кезде 600 эшелондай болған еді.

Шығыс Қазақстан облысы Арыстан 1 мың тұрғынды қабылдауға дайын екенін білдіріп жатыр. Бұл әрине, арыстықтарға демеу! Дегенмен олардың бәрі бірдей алыс облысқа қоныс аудармайтыны түсінікті. Сондықтан 120 шақырым жердегі Шымкентке көшіруді талап еткендердің өз шындығы бар шығар. Әрі-беріден соң жұрт кінәлі емес. Тәңір ісі дейтіндей бұл табиғат апаты да болған жоқ. Жылдар бойы жиналған салғырттықтың, жауапты адамдардың бейқамдығының салдарына көбірек ұқсайды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

С самого начало этот склад должен быть убран за черту города как минимум. Но он остался по разным причинам. После всех этих взрывов всех надо убрать оттуда. Арыс должен полностью очищен от всякого рода взрывного устройства. 

  Данияр Қайыртай «Біздің уақыт»