Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Тұрмысы нашарлардың несие қарызы кешіріледі

AstanaTV
29.06.2019ж. 20:00
9704
Тұрмысы нашарлардың несие қарызы кешіріледі

 Журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап, марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтің әлжуаз топтарының несие қарызы мен өсімпұлы кешірілетінін мәлімдеп, өз басым сыйлықтан бұрын соны ойлап кеттім. Өте маңызды дүние, дұп-дұрыс қадам.

Әлеуметтік жеңілдікті көп балалы отбасылар, мүгедек баласы барлар, асыраушысынан айырылғандар мен атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жетім балалар алады. Елде мұндай несиелерге батып қалғандардың саны 500 мыңнан асады. Көбісінің қарызы 1 миллион теңгеден аспайды, ал орташа берешегі 300 мың теңге. Үкімет банктен немесе шағын несие ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтемек. Олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 млн. теңгеден аспауы тиіс. Бұл 250 мың адамның несиесін тұтастай жабылады деген сөз. Ақерке Бектас жалғастырады.

Асыл Кабенова "жыртығымды жамайды" деп алған несиесі уайым болатынын білді, бірақ түнгі ұйқыны қашырады деп ойлаған жоқ еді. 10 баланың анасы тұрмыс тауқыметімен біраз жыл бұрын банктен қарыз алған. Қазір екі есеге көбейіп кетті. Көп балалы отбасының 600 мыңды қайтаруға қаражаты жоқ. Ал өсімпұл күн санап көбейіп жатыр.

Асыл Кабенова, көп балалы ана:

Мен кредитті 12-ші жылы алғанмын. Соны төлей алмадым. Папамыз кейде жұмыссыз болып қалады. Өзімізге жетіңкіремей қалады. Ол кезде АСП деген 40 мың, одан кейін 60 мың, 65 мыңдай ғана төлеп жүрді ғой. Сол кезде кішкене қысылып, төлей алмай қалдық.

Отбасының мұндай қомақты соманы бірден төлеуге шамасы жетпейді. Бұған қоса ипотекалық қарыздары тағы бар. Жалғыз табыс көзі жолдасының айлығы да мардымсыз. 50 мың теңгеден аспайды. Қарызын қайтара алмаған ананы банк жақында сотқа берген. Енді күн сайын соттан қағаз келіп, үйдің берекесі кетті.

Асыл Кабенова, көп балалы ана:

Бұрын мен өзім айтқам ол кісілерге, ең болмағанда 10 мыңнан төлейінші деп, өздері келіспеді жарты ақшасын төлеңіз деп. Звондап жүріп 150 мың деді, 200 мың төлеңіз деді. Келіспеді, менің айтқаныма. Өзім ол кезде 7-8 балам болды. Сол кезде айтқам, ең болмағанда 10 мың теңгеден төлей берейінші, шамам жеткенше деп. Өйткені пәтер иесіне төлеуіміз керек. Оның үстіне балаларды киіндіруің бар. Сабағы, күнделікті тамағы бар. Жоқ, келіспеді...

Елде Асыл секілді жылдар бойы банктегі қарызын қайтара алмай жүргендер қаншама. Көбісінің несиені жетіскеннен алмағаны түсінікті ғой. Бірақ мұқтаждықтан кірген берешегі еселеп көбейіп, белшесінен батқанда, халық тығырыққа тірелді де қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сложилась ситуация, когда наиболее уязвимые в социальном плане граждане в силу разных причин попали в тяжелую жизненную ситуацию и не могут обслуживать взятые на себя кредитные обязательства.Растет долговая нагрузка на многих граждан, снижаются их реальные доходы. Люди не знают, как рассчитаться с долгами по кредитам. Как глава государства не могу оставаться безучастным, видя, что люди не в состоянии выбраться из долговой ямы.

Бұл біржолғы акция. Қарыз әлеуметтік аз қамтылған, тұрмысы тым төмен азаматтарға кешіріледі: көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баласы барлар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен жетім балалар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елде 345 мыңнан аса көп балалы отбасы бар, 169 мыңнан аса шаңырақ асыраушысынан айырылған, 98 580 отбасы мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отыр. Атаулы көмекті 282 615 отбасы алады.

Ал мұндай несиесі бар азаматтардың саны 500 мыңның үстінде. Көбісінің қарызы 1 миллион теңгеден аспайды, ал орташа берешегі 300 мың теңге. Үкімет банктен немесе шағын несие ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтемек. Бұдан бөлек, олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс. Яғни 255 мың адамның қарызы толық кешірілсе, қалған 245 мың адамның банк алдындағы берешегі айтарлықтай азаяды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Данная мера, списание заемщикам будет осуществлено, в первую очередь, за счет банков второго уровня и микрофинансовых организаций. Вводится также запрет на начисление неустойки, комиссий и иных платежей, связанных с выдачей и обслуживанием кредитов, по всем беззалоговым потребительским займам физических лиц с просроченной задолженностью свыше 90 дней. Сложившаяся с потребительскими кредитами ситуация не должна повториться.

Демек бұдан былай банктер де кепілсіз тұтынушылық несиелерді оңды-солды бере алмайды. Президент Ұлттық банкке оны қатаң бақылауды тапсырды. Бұл дегеніміз табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар қарыз ала алмайды деген сөз.  

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі:

Көнкөріс деңгейінен табысы төмен болса, оған несие берілмеу керек. Ол қайтарылмайтын несие. Сондықтан не үшін адамды сондай жағдайға итереміз біз. Берілмеу керек.

«Тенгриньюс» порталында экономист Олжас Құдайбергенов бұндай жағдайда мемлекет күнкөріс деңгейі төмен азаматтарға әлеуметтік бағдарламалар ауқымын кеңейтуі қажет, деп жазған. Егер ешқандай қолдау болмай, әрі несие берілмесе, олардың баратын бір ғана жолы бар. Ол – қылмыс, деген. Ал халық кредитті ақшалай алса да, тұрмыстық техника рәсімдесе де айырмашылық жоқ. Бастысы бекітілген категорияға сай болу.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Ол қандай мәселеге кредит алғаны, қандай жағдайға жұмсалғаны ол терең зерттелмейді. Өйткені бұл аз қамтылған, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар.

Жағдайы төмен азаматтардың несиесін жабуға 105 млрд теңге бөлінеді. Оның 88 миллиарды бюджеттен, қалғаны Проблемалық кредиттер қорынан облигациялар сатылымы арқылы алынады. 300 мың теңге қолға берілмейді. Үкімет банктерге тікелей аударады.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Ол қолға берілетін ақша емес қой. Мысалы, бөлінетін трансфеттер екінші деңгейлі банктерге аударылады. Ол кредитін жабады. 300 мың. Барудың қажеті жоқ. Кейін түсіндірме жұмысын жүргізу керек, мұндай бола бермеу керек. Масылдыққа алып келмей ме, деп отырсыз, ғой, ондай элемент болуы мүмкін.

Сарапшылар халықтың несие бойынша қарызын өтеп беру ел экономикасына кері әсер етпейді, дейді.

Мұрат Темірханов, экономист: /телефон арқылы/

Шамамен 100 млрд теңге – аса қомақты қаражат емес. Яғни бұл ел экономикасына айтарлықтай әсер ете қоймайды. Бюджеттік тұрғыдан аз ғана сома.

Ал экономист Меруерт Махмұтова бұның бір ретік науқан екенін ескерсек, халықтың жағдайын тұрақты жақсарту үшін тың әдістер қажеттігін айтады.

Меруерт Махмұтова, экономист:

Экономикалық реформаны аяқ астынан осылай бір спонтанно указ бойынша іске қоспай, оны ойланып, ұзақ мерзімде экономикамыз тұрақты болатындай іске қосу керек. Әр адам өз басын қалай асырайды, соны ойлануы керек, бюджет арқылы үкімет қарызымды банктің алдында жаба салады деп, әрі қарай барып қаржылана бермейтіндей.  

Есептеу жұмыстары екі айдан кейін толық аяқталып, қарыздар төленеді. 10 бала асырап отырған Асыл Кабенова әрине, уһ деп бір демалды.

Асыл Кабенова, көп балалы ана:

Бүкіл көп балалы аналар да қуанышты. Соны естіп жатырмын. Үлкен мүмкіншілік деп ойлаймын. Болашақтағы өмірлерін жақсартып, бала-шағаларына көмек болады. Бұл үлкен көмек болар еді халыққа...

Ақерке Бектас, тілші:

Бұл – бір реттік науқан. Бірақ бастама жүзеге асқан соң, тұрақты табысы болмай қарызға кіріп, өтей алмаған халық бір тыныстап қалар. Кепілсіз кредитті кімдердің алғаны белгілі: аса қажет заттар алған, аса маңызды мәселесін шешкен адамдар. Қайтсем екен, қалай болады деп, уайымнан жүдеген адамдар...

Ақерке Бектас «Біздің уақыт»