Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Гүлнара Каримова кешірім сұрайды...

AstanaTV
29.06.2019ж. 20:00
3599
Гүлнара Каримова кешірім сұрайды...

Өзбекстанның экс-президенті, марқұм Ислам Каримовтың қызы түрмеде отырып үндеу жасады. Гүлнара Каримова тар қапастан жолдаған хатында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтан кешірім беруді сұрап, 686 млн доллар ақшасын дауламауға уәде берді. Ол "менен осы күнге дейін алынған Өзбекстан аумағындағы 1,2 млрд доллар көлеміндегі қаражат енді маған тиесілі емесін, қаржының республика бюжетіне қосылғанын айтқым келеді. Бұған жергілікті тергеу деректері дәлел" деп жазады. Каримованың президент пен халыққа бағыттаған үндеуін қызы Иман Каримова әлеуметтік желіде жариялады. "Адвокаттарым 131 млн доллар және 555 млн доллар қаржыны қайтару туралы сотқа түсірген шағымды қайтарып алды. Қазір денсаулық жағдайым алаңдатады. Екі операция жасату қажет боп тұрғандықтан президентке өтініш айтуға мәжбүрмін" - дейді Каримова хатында. Бұған дейін "ол 2 млрд доллар жымқырды" - деген айып тағылып, үстінен 2 қылмыстық іс қозғалған еді. 2017 жылы сот 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесіп, артынан сот үкімі жеңілдетілген болатын. Бірақ жыл басында көрші елдің бас прокуратурасы үйқамақта отырған Гүлнара Каримова «жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзған: бірнеше рет байланыс құралдарын пайдаланып, қызының үйінен рұқсатсыз шығып кеткен» деп, оның үйқамақтан түрмеге ауыстырылғанын хабарлады.

Ал, үндеу жарияланбай тұрып жым-жырт отырған Өзбекстанның жарық жұлдыздары, соңғы уақытта бір-бірімен жарысып, желіге Каримованы мадақтап жаза бастаған. Дауысы меццо-сопрано болмаса да бостандықта жүргенінде ән шырқап, бейнебаян түсіріп, шоу-бизнеске бір табан жақын болған Googoosha-ның экс-әріптестері «бостандық» деп шу ете қалды. Бірақ жұлдыздардың бұл әрекеттерін кейбіреулер түсінбеді. Олар «тапсырыс» бойынша халықты Гүлнараның босап шығуына дайындап жатыр, деп пайымдады біреулер.

Бірер жыл бұрын тағы бір президенттің баласының басы дауға қалған. Ол да жемқорлық әрекеттерге барды деген «әңгімемен» сотталып кете жаздады. Бірақ әкесінің көзі тірісінде Біләл Ердоғанның қолына кісен тағылмады. Түркия басшысы Реджеп Тайып Ердоған істі жылы жапты деп БАҚ «бұрқылдады» да қойды. Бір сәтте проблема су сепкендей басылды да қалды. Дегенмен бұл алапат дауыл алдындағы тыныштық іспетті. Сарапшылар Ыстамбұл мэрін сайлауда 2 рет жеңіске жеткен, билік біріншісін жоққа шығарып, қайта сайлау өткізгенде тағы жеңген, оппозициялық кандидат Экрем Имамоғлы, Президент Реджеп Тайып Ердоғанның билігіне нүкте қоюы мүмкін деп отыр. Алайда 49 жастағы билік қарсыласы Еродғанмен халық игілігі үшін қызмет етуге дайын екенін мәлімдеді. 1994 жылы Түркияның ең ірі қаласын қазіргі мемлекет басшысы басқарған еді. Ердоғанның өзі бірнеше рет Ыстамбұлды басқарған адам президент болуға лайық дейтін. Енді міне, көз алдында оппозиция өкілі тақымын қысып, билікке нық қадам басып жатыр. 17 миллион тұрғыны бар Ыстамбұл – Түркияның қаржылық, экономикалық және мәдени орталығы. Тіпті елдің бүтін саясатына ықпал ете алатын мемлекет ішіндегі мемлекет.