Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Азаматтардың кредиттік борыш жүктемесін азайтуға қатысты жылдың бюджеті нақтыланды

AstanaTV
02.07.2019ж. 20:00
2942
Азаматтардың кредиттік борыш жүктемесін азайтуға қатысты жылдың бюджеті нақтыланды

Азаматтардың кредиттік борыш жүктемесін азайтуға қатысты бюджет нақтыланды. 88 жарым млрд теңге өмірлік қиын жағдайға қалған азаматтардың несиесін жабуға бөлінеді. Ал биыл әлеуметтік салаға қосымша бөлінетін 138, 6 млрд теңге былай жіктеледі. 1,5 млрд теңге - көпбалалы отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатындардың балаларына берілетін 5000 грант үшін қарастырылып отыр. 2,4 млрд теңге жұмысшы мамандықта оқитындардың шәкіртақысын 30 пайызға өсіру үшін бөлінген. 49,2 млрд теңге жұмыссыздарды еңбекке тартуға және «Бастау бизнес», «Еңбек» несиелеу бағдарламаларын қолдау үшін қарастырылады. Ал ірі үш қалада жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы пәтер санын көбейтуге 14,4 млрд теңге бөлінбек. 70 млрд теңге - атаулы әлеуметтік көмекке, 1,1 млрд теңге кәсіпкерлікке оқытатын жоғары оқу орындарына үшін қарастырылған. Ал Ұлттық банк кредитін жабуға 300 мың ақшалай көмек ұсынылатын азаматтар тізімін әлі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен нақтыланып жатыр. Несие төлеуге шамасы жетпейтіндерге кейін кредит беру талабы қалай болатыны белгісіз. Белгілісі - Парламентке несие шартын қиындату жөнінде заң жобасы ұсынылады. 

Ерболат ДОСАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жұмыстарымызды шілденің соңына дейін бітіреміз деп ойлап отырмыз. Сосын қабылданып жатқан республикалық бюджетке өзгерістер ішінде қаржы бөлінгеннен кейін Еңбек министрлігі операторға аударады. Проблемалық кредиттер қоры бар, қаржы министрлігінің ішінде. Сол жерде списокпен барлық ақшаны ешкімді шақырмай банктерге, микроқаржылық ұйымдарға жіберетін болады. Кредиттік бюро тексереді, сосын тұтынушылардың кредиттік счетында көрінеді, осындай ақша жетті деп. 

Үкіметтегі отырыста Білім және ғылым министрі көп балалы және атаулы көмек алатын отбасынан шыққан балалар грант конкурсына екі рет қатысатынын айтты. Олар ҰБТ-дан шекті балды жинаса, 21 -31 шілде аралығында жалпы конкурсқа түседі. Егер оқуға ілінбей қалса, тамыздың 5-інен 10-на дейін Үкімет берген 5000 грант үшін өтетін қосымша байқауға қатыса алады. Ол жергілікті әкімдікке өтініш беру арқылы жүзеге асады. Жергілікті атқарушы органдар гранттарды мамандықтар бойынша сол аймақтың сұранысына қарай бөлмек. 

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ :

Әкімдіктер гранттарды ҰБТ-ның балына және грант санына қарай тағайындайды және жеңімпаздарды жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын болады. Барлық мақсатты грант иегерлеріне әдеттегідей 20 949 теңге көлемінде стипендия тағайындалады. Сондай-ақ жылына екі рет жол жүру өтемақысы төленеді.