Спорт Қазақстан
$447.89 €476.78 ₽4.79
×

Оралда мектеп оқушысын атып өлтірді

AstanaTV
23.10.2017ж. 20:00
2777
Оралда мектеп оқушысын атып өлтірді

Оралда мылтықты қызықтаған мектеп оқушысының бірі оққа ұшып, мерт болды. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ал өлген баланың анасы ешкімді кінәламайтынын айтады. Дегенмен полиция мән-жайды тексеріп, кінәлілерді анықтап жатыр. Өйткені өрімдей жасты қанға бояп, қыршынынан қиған қару еш жерде тіркелмеген болып шықты. Сондықтан мылтықтың иесі де жауапқа тартылмақ. Еркін Карин ойыннан от шыққан оқиғаның мән-жайын білді. 

Еркін Карин, тілші:

Полиция дерегінше, оқиға сабақтан кейін болған. Уағдаласып балыққа барған төрт оқушының бірі өзімен бірге жақын туысының мылтығын ала келіпті. Мылтық абайсызда атылып кетіп, кеудесінен жараланған бір оқушы көз жұмады. 

Владимир Греховодов, қайтыс болған оқушының нағашысы:

Мылтық ұстаған балалардың бірі қарудың оқталғанын білмеген. Айналдырып қарап, шүріппесін басқанда оқ жайбарақат телефонмен сөйлесіп тұрған жиенімнің кеудесінен тиеді. Ескі үлгідегі мылтықтың сақтандырғыш тетігі жоқ екен.

Ал қайғыдан қан жұтқан ана баласының достарына кінә артпайтынын айтады.

Светлана, қайтыс болған оқушының анасы:

Олардың барлығы да жақсы араласатын достар еді. Қазір бәрі жылап, өкініп жатыр. Кішкентай балалар ғой, ешқайсысын кінәламаймын. Бәрі абайсызда болған нәрсе.

Ал мылтықты үйінен әкелген оқушы мен құрдасына оқ атып алған жасөспірім кәмелетке толмағандықтан, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, әзірге ата-анасының бақылауында болады. Суық қарудың еш жерде тіркелмегенін анықтаған полиция қылмыстық іс қозғады.

Кенжебек Құспаев, БҚО ІІД ЖПҚ бастығының орынбасары:

Негізінде арнайы сейфте, оның ішінде дабыл құрылғылары болуы керек. Бұл кісі соның барлығын бұзып, тіркелмеген қаруды қорасында сақтаған.

Еркін Карин, тілші:

Осы оқиғадан кейін мылтықтың иесін полиция әкімшілік жауапкершілікке тартып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салған. Ол адам жасөспірімдердің бірінің атасы болып шықты. Енді оны қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылып жатыр. Ал аяқ астынан қаза тапқан оқушы ертең жерленеді.

Еркін КАРИН