Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

«Адамдар көріп отыр». Атыраудағы жұмысшылар наразылығы

AstanaTV
06.07.2019ж. 20:00
4916
«Адамдар көріп отыр». Атыраудағы жұмысшылар наразылығы

Атырау облысындағы жұмысшылардың наразылығы. Теңіз кенішін игеріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясының Келешек кеңею жобасының үшінші буын зауытының жұмысы әлі тоқтап тұр.

Оқиға алдында компанияның шетелдік қызметкерінің қолындағы рациясын қызға бағыттап түскен суреті WhatsApp желісі арқылы тараған - «Намыс!» деген жігіттердің наразылыққа шыққаны туралы видеолар әлеуметтік желілерде қаптады. Бір намыс екінші намысқа – шетелдік жұмысшыларға қарағанда әлдеқайда аз жалақы алатын жергілікті жұмысшылардың намысына ұласты. Жалақы арасындағы айырмашылық қана емес, шетелдіктердің жергілікті жұмысшыларға қатынасы да «шімпілдеп» тұрған ашуды арнасынан асырды.

Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:

Бір ұжымда бірдей жұмыс істеген екі адамның бірі 300 доллар, екіншісі 3000 доллар алмауы керек, адамдар көріп отыр.

Иә, адамдар көріп отыр. Дегенмен жергілікті жұмысшылардың дірілдеп өмір сүруі көріп отырумен шектелмейтіні белгілі еді. Олардың Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (ССЕР) компаниясындағы шетелдік қызметкерлерді ұрып-соғуы – бірдей, тіпті ауыр жұмыс атқарса да әлдеқайда аз айлық алатындарына ашынудың кульминациясы. Ақша беріп жұмысқа тұру, еңбек шартын созу үшін пара беру деген тағы бар.

Жанжал шыққан ССЕР - «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының үшінші буын зауыты құрылысының ең ірі мердігерлерінің бірі. Онда жұмыс істейтін сегіз мың адамның 600-і - шетелдік. Компания ТШО-ның үшінші буын зауыты нысанында былтырдан бері жұмыс істеп келеді. ССЕР бұған дейін Нұр-Сұлтандағы «Абу Даби плаза» кешені құрылысын салуға да қатысқанын хабарлады, «Азаттық».

Жанжалдан соң Атырауға барған ССЕР компаниясының бас директоры Кауаш Хишам әлгі фотоға түскіш Эли Даудпен келісім-шарттың бұзылғанын, оның еліне қайтарылғанын хабарлады. Бірақ бас директор жұмысшылар жалақысындағы айырмашылық туралы ештеңе айтпаған. Мәселе суретте ғана сияқты. Жағдайды тұрмыстық сипаттағы мәселе деп санайтындай. Біз осыдан екі-ақ апта бұрын мұнай-газ саласына отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсету компанияларының жолай алмай отырғанын, мысалы, NCOC компаниясындағы қазақстандық үлес 33 пайыз шамасында болса, «Теңішевройл» кәсіпорнындағы қызметтің 5 пайызында ғана отандық компаниялар жұмыс істейтінін көтеріп, тендерде ашықтық, салықта тең құқық жоқтығын айтқанбыз. Бұл жергілікті жұмысшылардың шетелдік жұмысшылардан әлдеқайда аз жалақы алатыны сияқты проблемамен қабысатын мәселе. Мемлекет болғалы барымыз да, нарымыз да - мұнай-газ саласында не сервистік қызмет көрсете алмаймыз, не тауар өндіре алмаймыз, немесе жұмысшылардың білігі төмен дегенге кім сенеді? Оған тек шетелдік инвесторлар мен мердігер компаниялар мүдделі ме? Базаргүл Нәдірқызы жалғастырады.

«Теңіздегі» тәртіпсіздік алып мұнай кенішіндегі 3Д зауытының құрылысын тоқтатты. Шетелдік жұмысшылар елдеріне оралса, жергілікті жұмысшылар үйлеріне уақытша демалысқа жіберілді. Айта кетейік, жұмысшылар қақтығысы болған ССЕР компаниясы аталған жобада электр механикалық жабдықтардың құрылысы мен монтажы бағытында жұмыс істейді. Компанияда 8 мыңдай адам бар. Оның 600дейі - шетелдік. «Теңізшевройл» басшылығы орын алған жайттарға қарамастан компания жобада қалады,- деп мәлімдеді.

Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ, «ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» ЖШС ҮКІМЕТПЕН ЖӘНЕ ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

«ССЕР» компаниясымен келісім-шартты бұзды деген әңгіме шын емес. Қазір Келешек жобасының Үшінші буын зауытының құрылысы тоқтап тұр. Бірақ негізгі өндіріс жұмысы тоқтаған жоқ. Адамдар өз жұмыстарын істеп жатыр.

Аймақ әкімі Нұрлан Ноғаев қақтығысқа тұрмыстық кикілжің себеп болған дегенімен ТШО және ССЕР басшылығымен кездесуде аймақтағы шетелдік компаниялардағы еңбек теңсіздігі туралы мәліметтерді де жайып салды.

Нұрлан НОҒАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Еңбекақы айырмашылығы туралы шағым көп. Жалақы, жұмысшыларды үстеме жұмыстарға тартқаны үшін төленетін ақылардың уақыты кешіктіріледі. Мереке, демалыс күндері істеген жұмыстар үшін пайдаланылмаған күндерге өтемақы төлеу уақыты бұзылады. Жұмыс күні кестесін өздері белгілейтін деректер бар. Теңіз жобасында мердігер мекемелердің бірінің басшысы күн сайынғы жұмыс күнін өз бетімен 4 сағатқа көбейткен. Жұмысшылар оған шағымдануға жұмыс берушіден қорқады. Күзет фирмасының өкілдері нысандарда қауіпсіздік пен тәртіпті сақтаудың орнына жұмысшыларды қорқытумен айналысқан. Шағым айтқан жұмысшыдан құтылудың түрлі қитұрқы әрекеттерін жасаған фактілер де бар.

Шетелдік компаниялар экспаттарға жалақыны жоғары төлеу үшін небір мамандықтарды ойлап табады. Шетелдік компаниялардың бірімен жалақы теңсіздігіне байланысты соттасқан Руслан Қожахмет осылай дейді. «Барлық адамға әділ жалақы» деген ұран тек «Еңбек кодексінде» ғана қалып қойған. Ал тәжірибеде ешқашан қолданылған емес,- дейді ол.

Руслан ҚОЖАХМЕТ, АДВОКАТ:

Лауазымға немесе қызметке қосылған бір-екі сөз компания басшылығының жұмысшыларға түрлі жалақы қоюына мүмкіндік береді. Оның үстіне олардың мамандығы, тәжірибесі, біліктілігі қандай да бір құжатпен дәлелденбейді. Ал олардың алып келген құжаттарын ешкім растамайды. Яғни нострификациялау механизмі жоқ. Егер құзырлы органдар назар аударып қарайтын болса, оны анықтау қиын емес. Менің қолымдағы мәлімдеме бойынша, жалған диплом бергендерін сот та растап, шешім шығарған.

Руслан Қожахмет бұған дейін жалған дипломмен жалақы алып келген бір де бір шетелдік жауапқа тартылған жоқ,- дейді. Тіпті дипломның қолдан жасалғаны анықталғанына қарамастан, жалақыны кейін қайтару міндеттелмеген. Яғни мигранттар миллиондарды қалтасына басып, тайып тұрады.

Руслан ҚОЖАХМЕТ, АДВОКАТ:

Әр шетелдікке орташа есептегенде үш миллион теңге көлемінде жалақы беріледі. Бұл кезде дәл сондай жергілікті маман 200-300 мың теңге, әрі кеткенде 500 мың теңге алады. Ал қазақстандықтар қаржыны өз елімізде жаратады. Соның арқасында экономикамыз алға жылжиды. Шетелдіктер болса капиталды алып кетіп жатыр. Мен 3 жыл бұрын жұмыстан кеттім. 8 жыл жұмыс істедім. Осы уақыт ішінде мен де, менің қазақстандық әріптестерім де оларға тым болмаса жақындайтын жалақы тауып көрген жоқ.

Шетелдік компаниялардағы жалақы теңсіздігін Атыраудағы кәсіподақтар ұйымы облыс әкіміне де, мәжілісмендерге де талай рет жеткізген. Тіпті қолдағы бар нақты дәйектерді ұсынып, ықпал етуді сұрапты.

Салтанат РАХИМОВА, «МҰНАЙ-ГАЗ КЕШЕНІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ САЛАЛЫҚ КӘСІПТІК ОДАҒЫ» ҚБ АОФ ТӨРАЙЫМЫ:

1 мың доллар жалақыны қазақстандық жұмысшы алатын болса, сол қазақстандық жұмысшымен бірдей жұмыс атқарып, «бэк- ту- бэк» дейді , яғни «спина к спине» дейді, соны ауыстыратын шетелдік жұмысшы мысалы, 3-10 мың доллар жалақы алады, одан бірнеше есе. Бұл әлеуметтік теңсіздік тудыртады. Қалай болғанда да, «Теңіз кенішінде қазақстандықтардың жалақысы жақсы. Олардың да салыстырмалы түрде басқа салаға қарағанда жалақылары жақсы ғой, олар неге ренжейді»,- деген мәселені айтуға болмайды.

Салтанат Рахимова шетелдік компания басшылары кәсіподақтың арыз-шағымына жүрдім-бардым жауап беретінін айтады. Тіпті кейбір дауларды шешу ұзаққа созылады,-дейді.

Салтанат РАХИМОВА, «МҰНАЙ-ГАЗ КЕШЕНІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ САЛАЛЫҚ КӘСІПТІК ОДАҒЫ» ҚБ АОФ ТӨРАЙЫМЫ:

Қазақстандық 6 разрядтағы операторлар күніне 44 доллар алатын болса, тура сондай шетелдік операторлар күніне 200 доллар жоқ дегенде алады. Яғни 44 доллар мен 200 доллар арасындағы айырмашылық. Екеуінің де разряды, грейді бірдей. Жоқ дегенде. Бұл бір ғана менің айтып отырған фактім. Көптеген фактілер бар. Кейбір компанияларда бар айына 35 мың фунт стерлинг жалақы алып отырған шетелдік жұмысшылар бар, мысалға. 35 мың фунт стерлинг деген қандай жалақы былай қарағанда.

Мұндай көптеген фактілерді еңбек инспекциясы да анықтады. Тек биылдың өзінде отандық және шетелдік мекеме-кәсіпорындарда тексеріс жүргізіп, 300ге тарта заң бұзушылықтың бетін ашқан. Нәтижесінде 9 млн теңге айыппұл салыпты. Ал жұмысшылары шу көтерген ССЕР компаниясының екі қызметкерін еліне қуған. Ұжымдық арыз негізінде жүргізілген тексеріс олардың Қазақстан шекарасынан менеджер ретінде рұқсатпен өтіп алып, мұнда қауіпсіздік қызметінің басшысы лауазымын атқарғанын әшкереледі. Жай жүрмей, қарамағындағылардың артынан шам алып түсіп, шектен тыс талап қойған.

Кемел ИМАНҒАЛИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қауіпсіздік бөлім қызметкерлерінің шектен тыс тексерулер жүргізетіні және де болмайтын нәрсеге тәртіптік жаза қолданатыны туралы арызданған. Мысалы, Рауф Рустамға рұхсаттама менеджерге берілген. Негізінде қауіпсіздік қызметі басшысы қызметін атқарғаны анықталды.

Бұл - тек бір ұжымдық арыздың нәтижесі. Бұдан бөлек, ал жұмысшылардың өздері дәл осы компанияға қатысты 10 шағым түскен. Барлығы - еңбек дауы. Жылдар бойы жиналған реніш пен қыжылдан туған жұмысшылар жанжалы еңбек нарығындағы үлкен мәселенің бетін ашты. Соңғы күндері бұрын Атырауға аяқ баспайтын Иордания, Ливан елшілері келді. «ТШО», «ССЕР» компаниялары президенттері де бой көрсетті. Барлығының талқылағаны - Теңіз кенішіндегі оқиға. Барлығы болған іске өкініп, алда мұндай іске жол бермеуге уағдаласты. Құрылыс нысанында жұмыс қашан жанданады? Ол жағы әзірге белгісіз. Ал ірі жобаларда шетелдікті алмастыратын қазақстандық кадрлардың көбі осы жалақы теңсіздігінен елде қалуды жөн көрмейді,- дейді сарапшылар.

Арман БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИСТ:

Мысалы, біздің қазақстандық компания Сауд Арабиясында немесе Америкада жұмыс істейтін болса, сол елдің заңына бағынады. Егер қазақстандық шетелде осылай бірнеше есе артық алатын болса, ол елде үлкен жанжал туындар еді. Құқық қорғаушы ұйымдар сотқа жүгінер еді. Оның үстіне бізде «Болашақ» секілді керемет жоба бар. Өте көп мамандар дайындалды. Бір өкініштісі, белгілі бір уақытта олар өзіне лайықты еңбек ақысын таппаған соң шетелге кетуге тырысады. Менің таныстарым бар. Болашақты бітірген. 5 жылын өтеген соң шетелге кетуге талпынады. Біз осылайша өзіміздің білікті мамандарымыздан айырылып қалып жатырмыз.

Қалай болғанда да сең қозғалды. Қарапайым жұмысшылар көптің көкейінде жүрген ренішті лақ еткізді. Қазір оқиғаның себебін мекемеаралық комиссия анықтауда. ҚР ҚК 293 бабының 3 бөлігі, яғни «бұзақылық» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Ресми мәлімет бойынша тәртіпсіздікке қатысы бар бір адам ұсталды. Ол қазақстандық па, әлде шетелдік азамат па? Ол жағы да белгісіз. Мәселенің осындай жанжалмен шешілуіне дейін апару - ол да терең әңгіме. Бұл оқиға мұнайы көп болса да, мұңы мол ел жұмысшыларының мүддесін қорғай ма? Мүмкін.. Әлде... жоқ.

Базаргүл Нәдірқызы «Біздің уақыт»