Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары 6 миллион теңгеге жуық айыппұл төлемек

AstanaTV
10.07.2019ж. 20:00
1690
Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары 6 миллион теңгеге жуық айыппұл төлемек

Сот экс-вице-министр Эльмира Суханбердиеваға үкім кесті. Ол 6 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуге міндеттелді. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан да айырылды. Ал оның сыбайласы деп танылған елордадағы №3 мектеп-гимназиясының бұрынғы директоры Елена Шеверняеваға 1 млн-нан астам теңге айыппұл салынды. Соттың шешіміне сәйкес, вице-министр мемлекеттік мектепте жекеменшік білім беру мекемесін ашып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін кінәлі деп танылды. Бұдан бөлек, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, министрлікке қарасты мекемелерге айфондар мен планшеттерді "Балдәурен" фестивальіне қатысқан жағдайы төмен отбасыларының балаларына арнап алдыртқаны белгілі болды. Дегенмен, алғашқыда жемқорлық бабы бойынша тағылған айып сотта дәлелденбеді. Суханбердиева процесуалды келісімге келіп, 2 факті бойынша ғана өзі кінәлі екенін мойындады. 

Эльмира СУХАНБЕРДИЕВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ БҰРЫНҒЫ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді балалар үшін жан-жақтан 41 бала тізім бойынша, список бойынша министрлікке келіп, бір ғана кітаппен кетпесін деп. Әрине, сөйлестік, айттық. Біздің қаржыдан, мемлекеттік қаржыдан бір теңге де алынған жоқ. Одан ешқандай да болған жоқ. Ал енді тағы да екі бала бойынша, олар енді сөйлескенде апай арманым ұялы телефон еді. Біреуі үш қарындасын оттан алып шықты, біреуі 2 жасар баланы құдықтан алып шықты. Ал енді қалғанын өздеріңіз көрдіңіздер...  

Тәркіленген 41 планшет пен 2 ұялы телефон қазір мемлекет иелігінде. Дегенмен, Суханбердиева мобильді техника жағдайы төмен балаларға берілуі керек деп отыр. Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары жақын арада жоғарғы сотқа дейін шағымдануға дайын. Ал 34 күн тар қапаста болған вице-министр қол қусырып отырмаған. Ол "Түрме вице-министрдің көзімен" деп аталатын кітап жазыпты. Туынды жақында арада басылып шықпақ. 

Н. Біләл