$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Nur Otan» партиясы үздік журналистерді марапаттады

AstanaTV
10.07.2019ж. 20:00
5305
«Nur Otan» партиясы үздік журналистерді марапаттады

Елордада қаламы жүйрік журналистер мерейлі марапатқа ие болды. «Nur Otan» партиясының дәстүрлі «Нұр Сұңқар» сыйлығы бүгін үздіктерді анықтады. Қатарынан оза шауып, марапатталғандар арасында «Астана» телеарнасының тілшісі Екатерина Брынюк те бар. Салтанатты шарадан тікелей байланысқа шыққан тілшіміз Ақерке Бектас тарқатады. Сіз тікелей эфирдесіз. 

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:  

Рақмет, Ләйлә! Бұл жолы бас қосқан тілшілер «Тәуелсіздік» сарайына мерекелік көңіл-күймен келді. Осымен 10-шы рет ұйымдастырылған байқау 10 аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады. Қоғаммен қатар тыныстап жүрген қалам иелерінің еңбегін партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те ерекше атап өтті.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

10 жылдың ішінде "Нұр Сұңқар" номинациясына 100-ден аса журналист ие болды. Журналистердің жұмысы халық үшін, мемлекет үшін өте маңызды. Неге десеңіздер, жалпы біздің қоғамда азаматтардың белсенділігі артып, дұрыс шешім қабылдау үшін журналистер жан-жақты ақпаратты әділ әрі жедел жеткізуі қажет.

«Nur Otan» партиясы биыл тілшінің талдау тереңдігі мен мәселені ашу шеберлігіне басымдық берген. Сонымен сайыста шоқтығы биік тұрған тілшілерге тоқталсақ. «Елбасы салған сара жол» аталымы бойынша бәйгеге түскен "Казахстанская правда" газетінің тілшісі Игорь ПрОхаров жеңіске жетті. Отандық журналистикаға сіңірген еңбегі үшін берілетін «Майталман» сыйлығын Нұртілеу Иманғалиев иеленді.  

Нұртілеу ИМАНҒАЛИ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІ: 

Ал партиялық жобаларды үздік насихаттағаны үшін "Айқын" газетінің шолушысы Гүлжан Рахман мен әріптесіміз, «Астана» телеарнасының тілшісі Екатерина Брынюк марапатталды.  

Екатерина БРЫНЮК, «АСТАНА» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АРНАЙЫ ТІЛШІСІ:

«Астана» телеарнасына алғаш келгенде әріптесімнің «Нұр Сұңқарды» иеленгенін естіп,қуанып қызығып қарадым. Бұл марапатқа жету үшін үлкен еңбектің керек екінін білдім. Осы уақыт аралығында партия жұмысы мен жобаларына байланысты біраз материалдар дайындадым. Еңбек еленді. Қуаныштымын!

"Халық дауысы" аталымы бойынша "Қазақстан" телеарнасы "Апта" бағдарламасының сарапшы редакторы Айбек Қобдабай жеңіске жетті. «Сөз зергері» аталым бойынша Егемен Қазақстан газеті бас редакторының орынбасары Ғабит Мүсіреп топ жарды. Интернет басылымның үздік журналисі деп "биньюс" порталының бас редакторы Ақмарал Олжабаева танылды. Ал биылғы жастар жылында «Жас серпіліс» номинациясын Хабар агенттігінің тілшілері Сакен Сейітхан мен Назымгүл Күміспаева иеленді.  

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:  

«Нұр Сұңқардың» жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келеді. Мәселен, биылғы сайысқа 200-ге жуық журналистен 1000-ға жуық шығармашылық жұмыс келіп түскен. Ортақ міндет - қоғамға ой салар тұшымды пікір айтып, халық игіліне жасалған істен хабардар ету. Салтанатты шараның толық көрсетілімін сенбі 15 шілде сағат 18-00-де "Астана" телеарнасынан тамашалай аласыздар! 

А. Бектас