Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

147 адамды алдаған кәсіпкерге қатысты сот басталды

AstanaTV
11.07.2019ж. 20:00
2099
147 адамды алдаған кәсіпкерге қатысты сот басталды

Қарағандыда 147 адамды «алдады» деп айыпталған «Тас Бұлақ» демалыс орнының бұрынғы директоры Талғат Ақуовқа қатысты сот басталды. Атышулы істі Қазыбек би аудандық соты қарап жатыр. «Алаяқтық» бабымен айыпталған танымал кәсіпкердің ісі бойынша 80-ге жуық жапа шегуші сұраққа алынып үлгерген. Олар Теміртау, Қарағанды, Жезқазған және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Сотта Талғат Ақуовтың демалыс орны банктегі несиесін өтей алмауына байланысты аукционға қойылып, арзанға сатылып кеткені белгілі болды. Бірақ, ол жаңа қожайын «Тас Бұлақты» атына жаздырғанға дейін жұмыс істей берген. Кәсіпкер процесте осылайша өз бизнесін қайтарып алмақ болғанын айтты. 

Талғат АҚУОВ, АЙЫПТАЛУШЫ: 

Мен кінәсізбін. Жапа шеккендерге алаяқтық жасаған жоқпын. Тасбұлақта менің құны 2 млрд теңге тұратын мүлкім қалды. Содан осы 147 адамға 16 млн теңгені қайтарып беруге де болар еді. Ол үшін мен қамаудан босауым керек. «Тас Бұлақтың» жаңа қожайыны алаяқтық жолымен менің мүлкімді иеленіп отыр. Шыққан соң мен міндетті түрде тұрғындардың ақшаларын қайтарамын.

Еске салсақ, Талғат Ақуов былтыр көктемде қамалған болатын. Тергеу материалдарына сүйенсек, адамдар 2017 жылы желтоқсан айында «Тас Бұлақ» демалыс орнынан 40% жеңілдікпен жолдамар сатып алған. Бірнеше айдан соң «Тас бұлақтың» жаңа директоры келісімшарттардың күші жоқ екенін хабарлайды. Тұрғындарға келген шығын көлемі 16 млн теңге. 

А. Қуаш