$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Министр Асқар Жұмағалиевтың өзі әлі Қауіпсіздік сертификатын орнатпаған

AstanaTV
23.07.2019ж. 20:00
2192
Министр Асқар Жұмағалиевтың өзі әлі Қауіпсіздік сертификатын орнатпаған

Қауіпсіздік сертификаты халықты зиянды контенттен қорғайды. Соңғы күндері жұртты сергелдеңге түсірген сертификат жөнінде Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі осылай деп мәлімдеді. Бір қызығы Асқар Жұмағалиевтың өзі смартфонына сертификат орнатпаған. Астаналықтардың барлығына бірдей келген хабарлама жауапты министрге әлі жетпепті. Ал пилоттық жобаны осы аптада сарапшылар мен құзырлы органдар бірлесіп, талқыламақ. Киберқауіптен қорғайды деген жүйе қаншалықты қажет? Орнатпаған жағдайда не болмақ? Ақерке Бектас тарқатады. 

ІТ-сарапшылар қауіпсіздік сертификаты интернеттегі барлық әрекетіңізді бақылауға алады, дейді. Яғни виртуал әлемінде жеке кеңістігіңіз болмайтынын, бұдан былай желідегі аккаунтыңызды тек сіз емес, мемлекеттік орган да біліп отыратынын айтып отыр. Жүйені жүктемесеңіз интернетке қосылу қиын. Бірақ орнатуға тұрғындар күмәнмен қарап отыр.  

- Негізі керек емес, міндетті емес деп айтып жатыр. Оны мен басқан жоқпын. Сенімсізбін, арғы жағында менің данныйларымды алады.  

- Бір жағынан орнату керек шығар деп ойлаймын киберқауіпсіздік туралы әңгіме болса. Бірақ данныйларымды басқаларға бергім келмейді. Біреу оны бақылап тұрса, ондай жағдайға күмәнмен қараймын.

- Личные. Персональные данные. Утечка...

- Я считаю. что это очень не правильно. Ты его скачиваешь и там есть графа. То есть он блокирует VPN и просматривается с какого VPN сидишь и какой ІР адрес сделаешь.

Норма 2015 жылы байланыс туралы заңға енгізілгенмен, жақында ғана іске кірісті. Ал сертификат орналасқан домен жеке адамның атына тіркеліпті. ІТ-сарапшылар бұны абсурд санап отыр. Киберқауіптен қорғайды деген жүйе керісінше қауіп төндіреді, - дейді.  

Тимур БЕКТҰР, ІТ-САРАПШЫ: 

Бұны техникалық термин тілінде MITM-шабуылы деп айтады. Үй артында кісі бар, ортада адам бар дегенді білдіреді. Яғни сіздің құпия ақпарат алмасудың ортасында 3-ші адам тыңдап тұрса, сіз өзіңізді қалай сезінер едіңіз?! Қолда бар өздерінің ақпаратын сақтай алмай отырған кезде, осы сертификаттың аясында жеке адамдардың жеке бас құпиясын сақтай алады дегенге күмәнмен қараймыз.

Ал Асқар Жұмағалиев жеке мәліметті пайдалану заңмен қудаланатынын айтады. Сондықтан сертификатқа сенім бар деп отыр. Бірақ министр оның неліктен жеке тұлға атына тіркелгенін түсіндіре алмады. Жүйені қондыруды өздері ұсынып отырғанмен, өз смартфонына әлі орната қоймапты.  

Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯ ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Маған әлі ондай SMS хабарлама келген жоқ. Келген соң, бірақ орнатып, өзіме жүктеп аламын.

Сертификатты орнату мәселесін халықаралық кәсіби қоғамдастық та көтерген. Шетелдік сарапшылар бұған тек ел билігі емес, Mozilla мен Google де араласуы қажет деп есептейді. Өйткені мұндай жүйе қауіпті жағдай тудыруы мүмкін.  

Mozilla мен Google бұл жағдайға етене араласып, мұндай сертификаттарды қара тізімге кіргізуі қажет. Себебі, ол - қауіпті. Егер Қазақстан бұл жобаны енгізсе, онда басқа Үкіметтер де, мәселен Ресей, Иран және өзге елдер өз тұрғындарына осылай шабуыл жасауды бастайды. Бұл жақсылыққа әкелмейді.  

Сертификат әзірге пилоттық жоба. Хабарлама тек астаналықтарға жіберілген. ІТ-сарапшылар эксперименттің «жоба күйінде» қалғанын қалап отыр. Жақында Дамумедтің 10 мыңдаған аккаунты интернетке шығып кеткенде, 18 млн халықтың жеке мәліметі қалай қорғалмақ?, деп алаңдайды.  

А. Бектас