Негізгі / Жаңалықтар / Алимент төлей алмайтындарға арналған қор құрылуы мүмкін

Алимент төлей алмайтындарға арналған қор құрылуы мүмкін

Қазақстанда алимент төлей алмайтындарға арналған қор құрылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Әділет министрі Марат Бекетаев айтты. Бұл ретте Финляндияның тәжірибесі есепке алынып отыр. Онда борышкер ауырып немесе жұмысынан айырылып қалғанда қор көмек береді. Бірақ ақшаны қарыз алушы кейін еңбек етіп, қайтаруы керек. Министр идея әлі Парламентпен талқыланатынын айтты. Жоспар 3-5 жылда қор жұмысын бастау. Қаржы көзі де әлі нақты белгісіз.

Марат БЕКЕТАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Біріншіден, сот орындаушылардан түсетін болады менің ойымша. Сот орындаушылардан барлық ақшаны ала алмайсың. Өйткені тек социалды жауапкершілік арқылы алуға болады.

Министрлік енді алимент өндіруші сот орындаушылар жауапкершілігін арттырмақ. Олар егер арыз түскен соң екі ай ішінде борышкерді іздемесе, лицензиясынан айырылады. Мәжілісте жатқан түзету жыл соңына дейін енгізілуі керек. Сот орындаушыларда қазір 230 мыңға алимент төлеуші азаматтың ісі бар. Оның 14 мыңы борышкер. Яғни, алименттен қашып жүргеніне үш айдан асқандар.

Дархан ЕГЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІ СОТ АКТІЛЕРІН ОРЫНДАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Мүлдем төлемеймін, бас тартамын дейтін азаматтар бірен-саран. Көбісі «Мен төлеймін, бас тартпаймын. Дегенмен бүгінгі таңда жұмысым жоқ. Сол жұмыс қалай реттеледі. Содан бастап мен төлеймін» деп айтады. 

А. Сейфулла