Хиджама. Соңғы уақытта ауруды қан шығару арқылы емдеу тәсілі тарап барады. Ал бұл процедураның керісінше, адам денсаулығына орасан кесапатын тигізуі мүмкін. Себебі қанату процедурасында микроб, инфекция жұғып кетуі өз алдына, қан шығаруға мүлдем болмайтын жағдайлар бар. Біз сұхбаттасқан қарапайым дәрігерден бастап академикке дейін бұл рәсімді алдымен зерттеу керек, дейді. Бірақ ең қорқыныштысы, бұл процедура ...мемлекет тарапынан қадағаланбайды! Заңмен реттелмеген. Хиджаманы кімдер және қандай жағдайда жасап жатыр, пациенттерінің денсаулығы туралы «қан шығарғыштардың» хабары бар ма? Оларға алдын-ала анализдер жасата ма? Камераға айтып бермеді, бірақ сенетін бір дәрігер танысының ұлы хиджама жасатамын деп ...вич жұқтырғанын айтты. Ал алматылық доктор қан қысымы 40-қа түсіп кеткен жігітті әрең дегенде қалыпқа келтіргенін мысалға келтірді. Ол 18 жерінен қан алдыртқан екен...Денсаулық сақтау министрлігінің комментарийі де бар - дәстүрлі емес медицининалық қызметтер лицензияланбайды. Сондықтан олардың қызметін тек кәсіпкерлік кодекстің аясында тексеру мүмкін. Ал ол тексеруді жүргізу үшін нақты факті, көрген зардап тіркелуі қажет. Не деуге болады?
Денесіндегі «арам қаннан» құтылып, бой түзеп, сауығып кеттік дейтіндер бар. Солардың бірі -Асқар Әлиасқаров. Бірнеше жыл қатарынан қан қысымынан, яғни, гипертониядан зардап шеккен ол, аурухана аралап, шаршағанын айтты. Содан соң жолдастарынан осы «жүз ауруға бір ем» - хиджама тәсілі туралы естіп, тәуекел етіп, Бердібек хиджамға келеді. Екі сеанстан соң көзім ашылып, толық сауығып шықтым деген Асқар, енді емнің тек осы түрін таңдайтынын жеткізді.
Асқар Әлиасқаров, емделуші:
Қанша дәрігерге көрінгенімен бұл қоймады, расында. Содан кейін осы хиджама жасатуға бет бұрдым. Және осы жерге келіп, хиджама жасаттым. Сол хиджама жасатқаннан кейін давлениеден шипасын берді. Отбасыма да, өзіме де осы хиджаманы таңдар едім.
Хиджаманы жасау тәсілін Бердібек, айтуынша, Алматыдан Нәзгүл деген апайынан оқып келген. Арнайы сертификаты да бар. Қаладағы сауда орталықтарынын бірінен кабинет ашып, емделушілерді осы жерде қабылдайды. Айтуынша, әр келген емделуші үш мың теңгеге арнайы құралын сатып алады, тағы үш мың тенгені қан шығару рәсіміне төлейді.
Бердібек Нұрмағамбетов, емші:
Жалпы хиджаманың ешқандай зияны жоқ, адам денесінен лас капиллярды, қандарды алып тастаймыз. Жақсы нәтиже беріп жатыр. Қазір ұлтына қарамай келіп жатыр. Арнайы құралдар бар алатын, аппараттарымыз бар, осындай арнайы кабинет аштық. Әр адамға жаңа құрал пайдаланады - үш мың көлемінде тұрады, соны сатып алуға тиісті. Сонымен істеп, соны өзіне беріп жібереміз қайтадан. Этил спиртіне батырылып істеледі. Қауіпті ештеңе жоқ.
Ал медицина майталмандары, тәжірибелі мамандардың пікірі басқа. Олар бірінші кезекте қан алу процесінің ойын еместігін айтады. Тазалық талаптары мүлтіксіз орындалуы тиіс. Адамның қанын жіберу - ол массаж емес, кез-келген кісі үйреніп, жасай беретін.
Сабит Пазылов, Қызылорда облыстық медициналық орталықтың директоры:
Қандай жағдайда ол қан алынып жатыр, стерилді жағдай сақталынып жатыр ма, сақталмаса организмге инфекция түсуі мүмкін, басқа да аурулар жұқтыруы мүмкін. Ол банканы бір-ақ адам пайдалануы керек. Бірақ сол бір рет қана пайдаланып жатыр ма, мүмкін ол ауру адамнын пайдаланған банкісі болуы мүмкін.
Ем-доммен айналысатын кез-келген маман адам анатомиясын толық біліп, алдына келген әр адамды диагностикадан өткізіп барып, қабылдауы шарт. Ал хиджама жасайтындар ше? Олардың біліктілігі қай деңгейде?
Шымкент тұрғыны:
Менің әпшемнің белі біраздан бері ауыратын. Белі ауырғаннан кейін барлық жерге қараттық, көрсеттік. Кейін олардан нәтиже шықпағаннан кейін бір подружкасы бар еді өзінің, сол айтты танысы «мен де белімде грыжа бар еді, сол кезде қан алдырғам. Қоятын шығар сенікі де» деп. Кейін әпшем барды соның айтқанын тыңдап. Қан алдырды. Кейін нәтижесінде әпшеме ұнамай шықты да өзіне. Өзі айтты «болмайды, өтірік сияқты. Ешқандай пайдасы жоқ. Әсері де тиген жоқ» деп. Қазіргі жағдайын қарасаң тура баяғыдай, өзгеріс жоқ. Қазір больницада жатыр, өзі емделіп.
Жасан Зекейұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Ол дәрігер маман болуы керек. Өйткені, қалаған точкадан микроб кіреді, инфекция кіреді. Бір ауруды істеп бір ауру қосып алуы мүмкін болады. Қазір ақшанын көзі қылып анау бұрышта, анау жерде үйде, мешіттің ішінде алып жатыр. Сондықтан шығыстық кафедралар ашылса, факультеттер ашылса, бұны зерттейтін.
Мамандардың айтуынша, хиджаманы жасатуға тек гипертониктер ғана емес, онокологиялық ауыр дерттке шалдыққандар, бедеуліктен шипа іздегендер, церебральді параличпен ауратын кісілер, бір сөзбен айтқанда барлық ауру түрлерімен баратын көрінеді. Бұл барып тұрған надандық. Екіншіден, кез-келген жерден хиджама жасатып ВИЧ инфекциясын, гепатит В,С жұқтырып алған кісілер бар екені мәлім.
Жасан Зекейұлы, академик, халықаралық Сократ орденінің иегері, жоғары дәрежелі дәрігер
Мәселен, анау күні бізде бір жігіттің давлениесі қырыққа түсіп кетті, елуге түсіп кетті. Ол бір жерге барып 18 жерінен қан алдыртып келіпті, хиджама деп. Жақсы қанында алып тастаған, бәрін алып тастаған. Сонымен ол тұра алмай қалған, тамақ іше алмай қалған. Әрең жақсы женшень, жақсы қуантандыратын укол, система, дәрілер беріп, баланы жақсы қалыпқа емдедік.
Денсаулық сақтау министрлігі дәстүрлі медицина мекемелерінің ғана қызметін тексеруге қақымыз бар, деп отыр. Тиісінше, дәстүрлі емес - хиджама тәсілімен емдейтіндерді тексермейді.
Бердібек Нұрмағамбетов, емші:
Арнайы қадағалау жоқ. Тікелей, шындығына келгенде, денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған жоқ бұны, сол себепті лицензия жоқ. Бірақ дегенмен арнайы сертификат берілген, халық өз ықыласымен келеді, біз ешкімді мәжбүрлемейміз.
Сөздің тоқетері - емдеу тәсілі, емдеу болғанда да қан алу сияқты күрделі процедура болса да, дәстүрлі саналмағандықтан, мемлекет тарапынан қадағаланбайды! Ал 2006 жылы Шымкентте 220 балаға ВИЧ вирусы жұққаны есте. Бұл трагедия тіпті ауруханада болған. Расымен сабақ алмайды екенбіз.
Анар Мамаева ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтің сапасын бақылау басқармасының басшысы:
Медициналық қызметтің барлық түрі біздің елімізде лицензияланады. Ал дәстүрлі емес медицина - емшілік, шипагерлік сияқты - ол лицензияланбайды. Сондықтан олардың қызметін тек Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі аясында ғана тексеру мүмкін. Ал ол тексеруді жүргізу үшін нақты орын алған факті, көрген зардап тіркелуі қажет. Яғни, тексеруді өткізу үшін адамның деңсаулығына зиян келтірілген деген негіз керек. Бірақ қайталаймын, нақты негіз керек. Ал түскен шағымдар, фактілер дәлелденіп жатса, материалдары құқық қорғау органдарына өткізіледі.
Сонда хиджама - кәсіп түрі болса, хиджамдар - кәсіпкер болғаны ғой. Яғни массаж, маникюр, шаш қию, аспазшы сияқты хиджаманы да арнайы курсқа барып, үйренуге еліміздің кез-келген азаматы құқылы деген сөз. Оған заң түрінде тосқауыл жоқ. Заң кабинет ашып алып, қан алуға кіріссеңіз де «қой» демейді.
Дәстүрлі медицинадан гөрі «саған тіл-көз тиген, бойыңды тазарту қажет, дем саламын»,- деп «уф-суфпен» емдеушілерді онсыз да тәуір көретін адамдар қан алғызу процедурасының «көз тигендегі оқылудан» әлдеқайда күрделі екенін түсінулері керек.
Сабит Пазылов, Қызылорда облыстық медициналық орталықтың директоры:
Қадағалап жатқан ешкім жоқ. Салып жатқан, Қазақстанда жасап жатқан азаматтар қай жерде білім алды, қай жерден рұқсат алды - ол белгісіз. Халыққа айтатыным: осындай жолды таңдаған жағдайда ойлану керек, ол дұрыс нәрсе ма?
Шарипа Сақтапова, Ришат Асқарбекұлы, Диана Сапарқызы, Қайрат Рабаев «Біздің уақыт».