АҚШ, Қытай және Ресей секілді ядролық державалар елордада саяси диалог құруы мүмкін. Мақсат - әлемді жойқын қарудан түбегейлі азат ету. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев алпауыт елдерді басқосуға шақырды. Әрі ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Елбасы премиясының иегерлері анықталды. Марапаттау рәсімінен Ақерке Бектас тарқатады.
Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:
Қазір ядролық қаруды әлемнің 20 елі әлі күнге дейін сақтап отыр. Жаһанда мұндай суық қарудың саны 15 мыңнан асады. Тек бір түйменің көмегімен олар адамзат ғұмырының күлін көкке ұшыруы бек мүмкін. Бұл премияның беделі сондықтан зор. Әлемді ядролық қарудан азат етудің маңызын айқындайды.
Алдымен Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қаруды жоюдың алты тезисін атады. Біріншіден, алыптарды астанаға ашық диалогқа шақырды. Содан кейін қаруы бар мемлекеттерге қатысты қатаң шара қажет, деді. Ал ескірген тұжырымдаманы қайта қарауды ұсынды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Я выступил с официальным предложением встретиться в нашей столице основным игрокам в этом деле - руководителям США, РФ, Китая и других ядерных держав. Потому что ответственность за безопасность и мир лежит именно на главах государств.
Елбасының айтуынша, зымырандарды жою туралы шарт өз күшін жоғалтты. Әлем тағы бір шиеленістің шегінде тұр. АҚШ пен Ресей және Қытай арасындағы қақтығыс, Таяу шығыстағы жағдай, санкциялық саясат, Корей түбегіндегі өршу. Тұңғыш Президент мұның бәрі геосаяси дағдарысқа әкеледі, деді.
Ал Назарбаев сыйлығын бұл жолы бір емес, екі бірдей лауазымды тұлға алды. Бірі МАГАТЭ-ні 9 жыл басқарып, 39 күн бұрын өмірден озған Юкия Амано. Елордадан марапатты алуға бауыры Ману мен жары Юкика Амано келді. Енді бірі Ядролық сынаққа тыйым салу шарт ұйымы комиссиясының атқарушы хатшысы Лассина Зербо.
Лассина ЗЕРБО, НАЗАРБАЕВ ПРЕМИЯСЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:
Толқым тұрмын. Ядролық қарусыздануға қосқан үлесім үшін марапаттап жатыр. Ортақ мақсатқа бірген жеткен әріптесім Юкия Амано мырза өкінішке қарай арамызда жоқ. Бірақ әбден лайықты тұлға. Енді шарт ертерек күшіне енуі қажет деп ойлаймын. Мен сіздерге бірлесе жұмыс істеуді ұсынамын.
Бұдан бөлек, БҰҰ бас хатшысы қатысушыларға арнайы үндеу жолдады. Антониу Гутерриш ядролық қарумен күрес қиындап бара жатқанын жеткізді.
Антониу ГУТЕРРИШ, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ:
Қазіргі таңда жаппай қарудан бас тарту түрлі қатерге толы. Жаһандық қауіпсіздік үшін күрес қиынға соғып жатыр. Сондықтан халықаралық қауымдастық бұл проблемамен жұмыла күресуі тиіс.
Айта кетейік, Ядролық қарусыз әлем құруға үлес қосқан адамдарға Елбасы 3 жыл бұрын арнайы сыйлық тағайындаған. Назарбаев премиясын алғаш рет алған Иордания Королі Абдалла 2-ші болатын.
А. Бектас