Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қостанай облысында биыл бидай шығымы мардымсыз

AstanaTV
04.09.2019ж. 20:00
5469
Қостанай облысында биыл бидай шығымы мардымсыз

Жыл сайын бидайы бітік шығатын Қостанайлық диқандардың биыл аста-төк астық жинаудан үміті үзілгендей. Ала-жаздай болған аптап ыстық салдарынан алқаптағы өнім азайған. Орташа шығым гектарына 8 центнер деңгейінде. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда екі есе төмен,-дейді өңір шаруалары. Астық тапшылығы нан мен ұнның бағасына әсер етуі мүмкін бе? Толығырақ Заңғар Санай сабақтайды.

Биылғы қуаңшылық талай шағын шаруамен қоса нөлдік технологияны қолданатын кәнігі диқандарды да тақырға отырғызатын сыңайлы. Астық алқабына ылғал сақтау әдісін енгізген Александр Бородин де мол өнімнен күдер үзіп отыр. Орташа шығым гектарынан 8 центнер. Өткен жылғы көрсеткіш - 19 болған. Облыстың оңтүстік аудандарында астық шығымы мүлдем аз,-дейді диқан.

Александр БОРОДИН, ДИҚАН:

Менің ойымша бидайдың бастапқы бағасы тоннасына 74 мың теңге болса, бірден нанның бағасы өседі. Ұн мен ұн өнімдерінің құны шарықтайды. Баға қайткенмен де көтеріледі. Ал шаруа болса осы қиын жағдайдан шығу үшін бидайын ұтымды бағамен өткізуі тиіс.

Ауыл шаруашылық министрі биыл 19 миллион тонна бидай орылады деген болжам айтты. Бұл ішкі нарықты қамтуға толық жеткілікті деді. Министр астықтың шығымы нан бағасына әсер етпейтінін мәлімдеді. Ал құрғақшылық салдарынан шығынға ұшыраған шаруаларға үкімет тарапынан қолдау көрсету шарасы қабылданады. 

Сапархан ОМАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Негізгі астық өсіретін өңірлердің бірі Қостанай облысындағы жағдай алаңдатарлық болып отыр.Құрғақшылық салдарын зерделеу мақсатында арнайы жұмыс топтары құрылып, олар облыстың барлық аудандарын зерттеп қарады.Фактілер расталды.Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай әкімдігімен бірлесіп ауыл шаруашылық тауар өндірушілерді қолдау шараларын қабылдайтын болады. 

Қолайсыз ауа райының кесірінен бидайдың құны қымбаттаса, шығынды диірмендер арқалайды. Теріскейдің бидай өңдеу кәсіпорындары осындай пікірде. Аймақта 2.8 миллион гектар алқапқа ырыс дәні егілген. Жоспар бойынша биылғы егін көлемі 5 миллион тоннадан кем түспейді. Алайда, соңғы екі апта толастамай жауған жаңбыр астық сапасын нашарлатуы мүмкін. Бұл бидай бағасының өсуіне ықпал етпек,- дейді диірмен өкілдері. 

Таисия КОЛЛЕГОВА, «СЕВЕСИЛЬЗЕРНО» ЖШС КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Егер бидайдың дефициті пайда болса, онда диірмендер ұтылады. Себебі, мемлекет бізбен меморандум жасасуға тырысады. Яғни, мысалы ретінде ұнның өзіндік құны 95 теңге болса, үкімет тарапы дайын өнімнің бағасын 80 теңгеден асырмауды сұрайды. Ақыр аяғында барлық шығынды бізге арқалауға тура келеді. Бұған жол бермеу үшін билік өкілдері диірмендерге арзандатылған шикізат ұсынуы тиіс. 

Наубайхана өкілдері сұқбат беруден бас тартты. Қостанай облысында қазір егін алқабының 37 пайызы ғана орылған.Соңғы күндері толассыз жауған жаңбыр науқанды тоқтатып тұр. Шаруалар небары 600 мың тоннаға жуық астық жинады. 

З. Санай