Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Жамбыл облысында 180 орындық мектеп 450-ден аса оқушыны қабылдаған

AstanaTV
05.09.2019ж. 20:00
2809
Жамбыл облысында 180 орындық мектеп 450-ден аса оқушыны қабылдаған

Жамбыл облысында оқушылар медициналық бекеттен, бүгін мектепке көшірілді. Байзақ ауданы Қостөбе ауылының 500-ге жуық оқушысы енді тар мектепте сабақ оқуға мәжбүр. Данияр Әлімқұл орын тапшылығы қалай шешілетінін, ауылға барып біліп қайтты. 

Ауылдағы амбулаториялық бекет білім күні алғашқы қоңырау соғып, мектеп даярлығы сыныптарына баратын 40 шақты баланы қабылдап алған. 3 күн сабақ сонда өткен. Алайда, ата-аналардың қарсылығынан соң, балғындарды тар мектепке бүгін орналастырған.  

- Жоқ, нолевойда оқиды.

- Бұл балалар медбекетте оқып бастады ма?

- Жоқ, бүгіннен бастап мектепте қайта оқимыз.  

Бұл - шағын ғана білім ошағы 40 жыл бұрын бой көтерген. 180 балаға арналған мектеп, қазір 454 оқушыны сыйдыра алмай отыр. Білім басқармасы болса «Қостөбе» мектебінің қасынан қосымша ғимарат салуға 400 млн теңгеге жуық қаржы қажет дейді. Қазіргі қарбаласты шенділер биыл даярлық сыныбының ашылуынан туған проблема деп түсіндірді.  

Әсел ЕЛГЕНБАЙ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ЖАБДЫҚТАУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Мектепте 184 орын тапшылығы бар. Қосымша ғимарат құрылысын соғу бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында мемлекеттік сараптамамен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2020 жылғы облыстық бюджетке ұсынылды. Даярлық сыныбы бойынша мәселе толығымен шешімін тапты. Кабинет тапшылығына байланысты мектепалды даярлықтың 2 сынып топтамасы 2 ауысым арасындағы сағат 11:25 пен 13:55 аралығындағы мезгілде оқуда.

Дегенмен бұл мәселе түбегейлі жойылды деуге ерте. Бір жарым мың халық тұратын ауылға жаңадан мектеп салу жоспары жоқ. Тек ескі мектебінің жанынан қосымша ғимарат салу ғана жоспарланып отыр. Білім күні даярлық топқа есігін ашқан ауылдағы амбулатория болса, қазір бос тұр. Медициналық бекет «Өнер мектебі» болып өзгерген.   

Д. Әлімқұл