Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Мұғалімдер жұмыс дәптері қажет деп мәлімдеді

AstanaTV
05.09.2019ж. 20:00
4305
Мұғалімдер жұмыс дәптері қажет деп мәлімдеді

Бастауыш сыныптарға арналған жұмыс дәптерлері қажет емес. Білім және ғылым министрлігі мұны тағы да ескертті. Бірақ мұғалімдер бұған қарсылық білдіріп отыр. Оқушыларды қосымша көмек құралдарынсыз оқыту мүмкін емес дейді. Ал жазу дәптерлерін кез-келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Тараптардың уәжі Данияр Қайыртайдың материалында. 

Министр қосымша оқу құралдары «Міндетті емес» дейді, ал педагогдар оның қажеттілігін айтады. Арада ата-аналар әуре-сарсаңға түсті. Кімге құлақ асарын білмей дал. Сонда да мектептегілердің айтқанына еріп, 10 мыңдап шығынданып жатқандары да бар.

Ольга КАМНЕВА, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Кейбір отбасында бір емес, 2-3 бала болуы мүмкін, ал жазу жиынтығының құны 10 мың теңгеге жуықтайды. Барлық ата-аналардың сатып алуға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан оқулықтар секілді олар да тегін таратылса екен дейміз.

Қазір жазу дәптерлері оқулықпен бірге тегін берілмейді. Алайда мұғалімдер оқушыны жазуға үйреткенде оның маңыздылығы ерекше екенін айтады. Гүлнар Қадырғалиева қосымша материалдар сабақты тез меңгеруге және тақырыпты пысықтауға аса қажет деп отыр. Оның үстіне баланың шығармашылық қабілетін жетілдіруде де оған жетер құрал жоқ деді. 

Гүлнар ҚАДЫРҒАЛИЕВА, МҰҒАЛІМ:

Мектеп оқулығында енгізілген материалдан қарағанда, жұмыс дәптеріндегі тапсырмалар мазмұны түсінікті әрі жеңіл тілде берілген. Кітап пен жұмыс дәптерін қатар меңгеру арқылы, баланың ой өрісі кеңіп, есте сақтау қабілетті жақсарады.

Ал Білім және ғылым министрлігіндегілер «жұмыс дәптерлері қажет емес» деп кесіп айтты. Ата-аналардың оны сатып алып жатқанына таңданыстарын да жасырмады. 

Бибігүл АСЫЛОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жазу дәптері де, қосымша жұмыс дәптерлері де қажет емес! Мұны қанша рет айттық!? Кімнің құлағына жетпей жүргенін білмеймін. Ата-аналар әбігерге және артық шығынға түспесін деп Министрдің өзі оқушылар жәй дәптерлерді пайдалансын деген.

Оқу-гуманитарлық орталықтың маманы Евгений Нечаев министрліктің бұл шешімін түсіне алар емес. Ол қосымша құралдарсыз сабақты өткізуге болса да, одан бас тарту - қате деп санайды. Себебі оқулықтардағы тапсырмалар дәл сол дәптерлердегі жаттығулармен байланыстырылған дейді. 

Евгений НЕЧАЕВ, ОҚУ-ГУМАНИТАРЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ: 

«Қарапайым дәптерлермен ғана жұмыс жасау, бүлдіршіндерді зеріктіріп жіберуі мүмкін. Ал жазу құралында, бала үшін өте маңызды деген мысалдар ерекше кескіндермен ұсынылады. Осы арқылы, балаларда оқуға деген қызығушылық пайда болып, тапсырмаларды ойынның бір бөлігі ретінде қабылдайды. Министрліктің ұстанымы мені таң қалдырды.

Мұғалімдер бастауыш сыныптардың жұмыс дәптерлерін, мектепте тегін берілетін оқулықтарға теңестіруді бірнеше жылдан бері сұрап келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Ал Өскемендегі кейбір мектептер оқу құралдарын бөліп төлеп сатып алуға саудагерлермен келіскен. Бұл ата-аналар үшін жеңілдік екенін алға тартты.  

Д. Қайыртай