$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағандыда 3 жасар баланы ұрлап, өлтірген күдікті ұсталды

AstanaTV
09.09.2019ж. 20:00
4242
Қарағандыда 3 жасар баланы ұрлап, өлтірген күдікті ұсталды

Қарағанды облысының Бұрма ауылындағы орманнан, ұрланған 3 жастағы баланың денесі табылды. Күдікті де қамауға алынған. Ол алдымен бүлдіршінді ұрлап, кейін өлтірді деген күдікке ілікті. Игентай Сопыжанов қыркүйектің 5- і күні баланы анасының қолынан жұлып әкетіп, ізін жасырған. Оқиға орнына тілшіміз Айжан Қуаш барып қайтты. 

Жан түршігерлік оқиға Шет ауданына қарасты Бұрма ауылында болған. Күдікті Игентай Сопыжанов тапа- тал түсте дәл осы орталық дүкеннің алдында 3 жастағы баланы анасының қолынан жұлып әкеткен. Мұны ауылдастары көрген. Артынан қуғанымен жете алмапты. Көршілердің айтуынша, ізін суытқан Игентай Сопыжанов ұрлаған баланың анасымен көңіл жарастырған. Бірақ ұрсысып қалған соң , ол осылай өшін алмақ болуы мүмкін, - деп отыр олар.   

Татьяна, БҰРМА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Осылай қоқытқысы келген шығар. Өзімен бірге кеткенін қалаған болар.

Ұрланған баланы 600 адам 3 күн бойы іздеген. Іздеуге ауыл тұрғындары мен полицейлер, еріктілер мен әскерилер қатысқан. Өкінішке орай бүлдіршіннің кеше таңертең денесі табылды. 

Әлішер БЕКБОСЫНОВ, ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ: 

Біз екі тәулік бойы баланы іздестірдік. Барлық жерден қарап шықтық. Ауа-райы да қолайсыз еді. Бұрма ауылы маңындағы тоғайды тексеру кезінде әріптесім екеуміз баланың мәйітін тауып алдық. Сол жерде жедел тергеу тобына, басшыларға хабар бердік.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Баланың денесі 3 күннен кейін ауыл шетіндегі орманнан табылды.Күдікті оны ағаштардың ішіне жасырып қойыпты. Полиция баланың кісі қолынан қаза тапқанын растады. Нақты себебі арнайы сараптамалардан кейін анықталады.

Әжесі жиенінің өліміне әлі де сене алмай отыр. Оның айтуынша күдікті бұл отбасына осымен екінші рет қастандық жасады. 5 жыл бұрын ол баланың шешесімен кездесіп жүріп, оның туған әпкесін, яғни сыңарын балтамен шауып өлтірген. Түрмеден шыққан соң ғашығымен қайта татуласпақ болыпты. Алайда оның арты қайғылы жағдайға әкеп соқты. Қауіпті қылмыскердің неліктен рақымшылыққа ілінгенін, қайғы жұтқан отбасы түсінбей дал болып отыр. 

Вера ГЕРВЕГ, ҚАЗА БОЛҒАН БАЛАНЫҢ ӘЖЕСІ: 

Баланы қайтаршы деп өтіндім. Үйге қайтаршы, қайда екенін айт, алып кетейік арыз да жазбаймыз,- деп жалындым. Өз жөніңмен жүре бер дедім. Ал ол болса қайта-қайта телефонды үзіп тастап отырды. Бәріміз баламызды тірі көреміз деп сендік. 4 жарым жыл ғана түрмеде отырды. Неге ондай адамды мерзімінен бұрын босатады? Жазасының жартысын да өтемеді ғой.

Жәбір көрген тараптың туысын өлтіргені үшін Игентай Сопыжанов 9 жылға сотталған. Қостанайдағы түзеу мекемесінде оның жартысын өтеп, бостандыққа шыққан.  

Ғазиз ТӘКЕШЕВ, ҚЫЛМЫСТЫҚ АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Заңның 162-ші бабына сәйкес Сопыжановтың тарапынан жазасын жеңілдету жөніндегі өтініш түсіп, мекеме басшылығы тиісті органға бағыттаған. Бірақ түзеу мекемесі тарапынан жазасын өтеушінің тәртібіне қатысты теріс мінездеме берген. Себебі , түрме қабырғасында жүріп 5 мәрте ескерту алған. Сондықтан оны босату негізсіз екенін алға тартылған. Бірақ соған қарамастан Қостанай облысының Әулиекөл аудандық сотының қаулысымен жазасын өтеу мерзімі 6 жыл 8 айға дейін қысқарған. Осылайша 4 жылын түрмеде өткізген Игентай Сопыжанов шартты түрде бостандыққа шыққан.   

Айта кетейік, қазір Игентай Сопыжановты мерзімінен бұрын босатқан апробация қызметінің қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру басталды. Ал бүлдіршіннің денесі ертең жер қойнына тапсырылады. Полиция күдіктіге қатысты қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімі , яғни адам өлтіру фактісі бойынша іс қозғады. 23 жастағы күдікті Игентай Сопыжанов қаладағы вокзалдан поезбен қашқалы тұрған жерінде қолға түскен. Тергеу барысында қылмысын мойындаған.  

А. Қуаш