Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Түркістандағы газ жарылысына кім кінәлі?

AstanaTV
11.09.2019ж. 20:00
2916
Түркістандағы газ жарылысына кім кінәлі?

Түркістандағы газ жарылысынан 12 адам зардап шекті. Қазір бес өрт сөндіруші ауруханада жатыр. Қалғаны медициналық көмектен соң үйлеріне жіберіліпті. Қонақ үйдегі өрт соңы жарылысқа ұласқан, сол мезетте ғимараттан елу адам эвакуацияланыпты. Полицейлер апат кезінде қонақ үйден 4 жасар қыз бен екі шетелдік азаматты да алып шыққан. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Оқиға орнында арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Көріп тұрғанымыздай үш қабатты қонақ үйдің бүтіндей бір бөлігі жарамай қалған. Жарылыстың күшті болғаны соншалықты газ құятын үш тонналық көліктен түк те қалмаған.

Газ жарылысының екпінінен жақын маңдағы ғимараттарға да зақым келген. Көршілес үйлер мен 150 орындық балабақшаның терезесіндегі шынылары қирап қалған. Бұл уақытта балалар тарап үлгерген. Мектепке дейінгі мекеме бүгін жұмысын тоқтатыпты. 

Сабира ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ: 

Біз мына жерде жүргенбіз. Мен енді бар бала-шағаны шығарып салып, есікті іліп жатқанмын. Одан кейін мына жер жанып жатқанын көрдік. Мына жерде жүрдік, әрі қарай қаштық біз. Маған келген залал тек мынау айналарым сынған. Басқа ешқандай залал жоқ.

Тілсіз жауды ауыздықтауға екі сағат уақыт жұмсалған. Төтенше жағдай мамандарының ақпаратынша ғимараттың 2 мың шаршы метрі бүлінген. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, жарылыстан 12 адам зардап шекті. Соның жетеуі төтенше жағдай маманы, үшеуі полицей. Қалғаны жергілікті тұрғын. Қазір бес өрт сөндіруші ауруханада жатыр. Оның біреуі жансақтау бөлімінде. Бүгін науқастардың жағдайымен денсаулық сақтау министрі мен ішкі істер министрі танысып шықты.   

Әмірхан САНДЫБАЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Төртеуінде күйік, бір ауруда сол жақ бұғанасының сынуы бар. 1-2 дәрежелі күйіктер. Олардың ауқымдары әртүрлі болып келеді. 5 проценттен 15 процентке дейін. Ол өмірлеріне қауіп төндірмейтін жағдайларда.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, соңы жарылысқа ұласқан өрт қонақ үйдің сыртындағы цистернаға газ толтыру кезінде шыққан. Куәгерлер түсірген мына видеода газ таситын көлік лапылдап жанып жатыр. Артынша жарылыс болған. Мамандардың алғашқы қорытындысы бойынша өртке, газ толтыру барысында қауіпсіздік техникасының сақталмауы себеп.  

Нұрғали ЖҮНІСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: 

«ЗИЛ 130» маркалы газ тасымалдау автокөлігінің жүргізушісі сол жерде орын алғанда толтыру барысында қауіпсіздік техникасы сақталмаған деген болжам бар алғашқы. -нақты не істемеген, не істеуі керек еді? - ол бойынша қазір түсініктеме алынып жатыр.

Ал ауыр көлік жүргізушісі Талғат Зулфайдаров қателік жібермегеніне сенімді. Айтуынша ол осы қонақүйге айына бір рет газ толтырып кетеді. 

Талғат ЗУЛФАЙДАРОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ: 

Ол анау газ өзі жиналды, астына жүреді ауадан екі есе ауыр газ. Сол жиналып-жиналып былай пламя болып әрі қарай барған кухня жаққа. Сол кухняда біреу қосқан газды. Содан утечка ол ары қарай ішке кетпейді ғой кухняға, сыртқа қарай кетеді бері қарай, маған қарай. Маған келді, мен шалбарым өзі спец одеждада едім күйіп қалды мына жерім, бәрі жанып кетті. Өзім үлгердім машинаны жауып.

Қазіргі таңда осы жәйтке байланысты «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.  

А. Төребекқызы