Жыл соңына дейін 5 халықаралық және республикалық айтыс өтеді. Ұлттық өнердің өркендеуіне бұдан былай «Nur Otan» партиясы қолдау білдірмек. Бүгін Атырауда партия және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілерінің халықаралық одағы арасында ортақ меморандумға қол қойылды. Жыр сүйер қауым тартысты сайысты «Qazaqstan» телеарнасының эфирінен тамашалай алады.
"Nur Otan" ұлттық құндылықтарды ұлықтап, мәдениет пен дәстүрді дамытуда тағы бір игі іске қолдау танытты. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
- Ежелден «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, хан алдында дат айтып, еркін ойға ерік берген, баршаға бірдей теңдік берген елміз. Сондықтан ұлтымыздың осындай озық өнерін, ізгі дәстүрлерін жалғастыру бізді кемелдендіре түседі. Осыған орай партия Төрағасының бастамасымен қайта жаңғыруға кірісіп, екінші тынысы ашылып отырған саяси ұйымымыз айтысқа айрықша назар аударып отыр.
Енді айтыскерлер одағы елдегі оң өзгерістерді асыл сөзбен өрнектеп, халыққа жеткіземіз деп отыр. Мұндай ұйғарым партияның саяси кеңесі отырысында көтерілген.
Жүрсін ЕРМАН, ҚАЗАҚСТАН АЙТЫС АҚЫНДАРЫ МЕН ЖЫРШЫ -ТЕРМЕШІЛЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Алдағы айтыстардың бәрінде басты өзекті тақырып - Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайының жақсару жолындағы шараларды кеңінен насихаттау. «Nur Otan» партиясының халыққа бет бұрысының жаңа қадамдарын халықтың көз алдында көркем жырмен өрнектеп көрсету. Осы бағытта айтысты қолдауды бірыңғай мойнына алды да, біз айтыскерлер одағы, соның жүзеге асырушысы ретінде, айтыстың сапасы, саяси бағыты, көркемдік сапасына жауап береміз.
Партия қолға алған міндеттің бірі де отбасы мен дәстүр сабақтастығын жоғалтпау. Елбасы да озық өнерге жанашырлық танытуды бағдарламалық мақаласында айтқан.
Ғабидолла ОСПАНҚҰЛОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Бұл «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткенімізді ұмытпай, рухани мұрамыздың бағасын біліп, дәстүрімізді дәріптеу туралы айтқан болатын.
«Жыр жұлдызы Фариза» атауымен республикалық айтыс Атырауда өтсе, оны елорда мен Орал қаласында болатын «Алтын домбыра», «Береке бірлігіңде елім» атты жыр додасы жалғайды.