Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтауда украиндер мен өзбектер қазақ қызын ұзатты

AstanaTV
13.09.2019ж. 20:00
3656
Ақтауда украиндер мен өзбектер қазақ қызын ұзатты

Ақтау қаласында дағыстандықтар, қырғыздар, немістер, украиндар мен татарлар қазақ қызын ұзатты. Бір шаңырақ астында тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің мұндай шарадан табылуы жайдан-жай емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы жергілікті этномәдени бірлестіктерді қазақтың әдет-ғұрыптарымен таныстыруды жөн көрген. 

Осетиндік Беркле Фатима - қазақтың нәрестені бесікке бөлеу рәсімін ұлықтап жүргендердің бірі. Айтуынша, бұл жоралғы баланың тыныш ұйқысын қамтамасыз етеді.

Фатима БЕРКЛЕ, "АЛАН" ОСЕТИН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:  

Менің балаларым да осындай бесікке жатып өсті. Кіші ұлым қазір 40-қа келді. Баланы қазіргі заманғы кереуетке жатқызғаннан гөрі, бесікке бөлеу өте пайдалы. Олар тыныш әрі жайлы ұйықтайды.

Бір шаңырақ астына Ақтау қаласының 20-дан астам этномәдени бірлестігі жиналды. Олар ұлттық салт-дәстүрімізбен танысып қана қоймай, өз қалауынша өткізу мүмкіндігіне де ие болды. Мәселен, әзірбайжан, белорусь, орыс және башқұрттар бірлесіп, тұсаукесер рәсімін өткізді. 

Құдалық күту жоралғысы да ұмыт қалмады. Болашақ құдалармен танысуға белді дағыстандықтар, қырғыздар, немістер, украиндар мен татарлар келді.  

Людмила КРАВЧЕНКО, ФОРТ-ШЕВЧЕНКО ҚАЛАСЫ УКРАИН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Менің ойымша, бұл іс-шараға атсалысқан барлық халықтар бір-бірінің әдет-ғұрпын біліп қана қоймай, құрметі де артады. Бүгін бір-бірімізді басқа қырымыздан танып, достығымыз одан әрмен нығайды десем де болады.

Халықтар достығын нығайтуды көздеген шара, өңірде алғаш рет өткізіліп отыр. Дегенмен ұлттық салт-дәстүрге өзге ұлттың терең тануына жол ашып отыр. 

Гүлжан ИСМУРЗИНА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:  

Біз ойлаймыз. Сол салт-дәстүрді енді біздің қатысқан өкілдеріміз өздерінің этномәдени бірлестіктерінің арасында тереңінен танытады деп, халыққа тереңінен танытады деп ойлап отырмыз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тек мәдениетпен таныстырып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанда тұратын халықтарды біріктіреді. 

А. Мүтәлі