Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Атырауда косметологиялық клиниканың директоры қамауға алынды

AstanaTV
13.09.2019ж. 20:00
2906
Атырауда косметологиялық клиниканың директоры қамауға алынды

Атырауда косметологтардың көмегіне жүгінбек болған 250 адам алданып қалды. Арасында несие рәсімдегендері де бар. Бір жылдай жұмыс істеп келген сұлулық орталығының директоры- қазір қамауға алынды. Оңай ақша таппақ болғандар енді заң алдында жауап бермек.

Зейнеткер Талғат Ележанов косметологиялық клиника қызметі үшін алған несиесін жуырда ғана жапты, ал зайыбы әлі төлеп жүр. Банктен әрқайсысы 150 мың теңгеден несие рәсімдеген.  

Талғат ЕЛЕЖАНОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:    

Зейнетке шыққан соң «қолым бос қой» деп төбе шашымды шығаруға барып едім. Онымен результат болмай жатыр. Жақсы процедуралар бар екен соған мәз болып қуанып, өзім бастап алып, кейіннен жолдасымды алып бірге барып, бастапқыда жүрдік. Менің байқағаным соңғы істеп жүрген көптеген қыздар апта сайын бір-бірлеп жұмыстан кете берді.

Алғашында клиника мамандары емдік шараға аптасына бір рет шақырып, кейін оны да сиреткен. «Мекен-жай ауыстырып жатырмыз, орналасқан соң шақырамыз»,- деп сылтауратыпты. Сосын телефонға мүлдем жауап бермеген.     

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:   

Адамдарды алдап соққан косметологиялық клиника мына екі қабатты ғимаратта орналасқан. Өз ойларын жүзеге асырғаннан кейін мекен-жайларын жиі өзгертіп отырған. Қазір мұнда клиниканың ешқандай белгісі жоқ. Балаларды дамыту орталығы жұмыс жасап жатыр.

Жеке клиника жаңа технологиямен беттегі дақтарды кетіріп, терісін жасартамыз, шаш өсіріп, түрлі аурудан айықтыратын массаж жасаймыз деп жарнамалаған. Жылдық қызмет үшін қомақты қаржы салғандарға жеңілдік ұсынамыз деп қызықтырған. Келушілердің алды 500 мың, арты 150 мың теңге несие рәсімдепті. Алданғандардың нақты саны белгісіз. Ал арызданғандар 250-ге таяған.    

Қанат ҚАБДОЛОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:  

Полиция департаменті мен қала тұрғындарының арыздары негізінде «Экоклиник» ЖШС басшыларына қатысты косметологиялық қызмет көрсетуде алаяқтық әрекеті фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Қазіргі уақытта 242 жәбірленуші анықталды. Қылмыстық кодекстің 190 бабының 3 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Клиниканың лицензиясына қатысты прокуратура тергеу құпияларына орай әзірге жариялай алмайтындарын айтты. Белгілісі клиникасын басшысы 26 жастағы әйел адам. Оған 2 ай мерзімге дейін «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беріліпті.

Б. Нәдірқызы