Медиа саласында телеарна мен интернет бәсекелестігі артып келеді. Көптің көкейіндегі мәселе Astana Media Week-тің негізгі тақырыбына айналды. Тележәшік халық тұрмысының айнымас бөлшегі. Тіпті, отандық жарнама берушілердің басым бөлгі телеарнаның көмегіне жүгінеді. Тақырыпты тілішіміз тарқатады.
Ел экономикасының жетекші салаласының бірі жарнама индустриясы. "VIDEO INTERNATIONAL KAZAKHSTAN" компаниясының басшысы Ильмурад Жұмаевтың ойынша Қазақстанда жарнама берушілердің 56 пайызы телеарнаға сенім артады. Себебі, халықтың жартысынан астамы хабар тарататын жетекші арналарды үзбей қарайтын көрінеді.
Ильмурад ЖҰМАЕВ, "VIDEO INTERNATIONAL KAZAKHSTAN" ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
Менің ойымша, Қазақстанда алдағы 4-5 жылда телеарнаны ешқандай сала басып оза алмайды. Оған басты себеп, үлкен аудиторияның қалыптасуы. Бұдан бөлек, телеарналармен жарнама беру үшін келісу жеңіл әрі қолжетімді.
Теле-жарнаманың ауқымын кеңейтуге ірі ІТ-компаниялардың аздығы да себеп, деді Ильмурад Жумаев. Тек жарнама ғана емес, көңіл көтеретін бағдарламалар мен телесериалдар халық сұранысын қанағаттандырады. Ал, әлеуметтік желіде мұны жасау әлдеқайда қиын. Сондықтан сарапшылар теледидар ең қызықты платформа болып қала беретініне сенімді.
Дильмурат РАХИМОВ, "INTERNATIONAL MEDIA SERVICE" ЖШС ДИРЕКТОРЫ :
Телеарна тапсырыс берушілердің талаптарына бюджеттік тұрғыдан да толық жауап береді. Әрі жылдар бойғы қалыптасқан тәжірибе мен шеберлікке арқа сүйейтін тұтынушылардың таңдауы, телеарналарға түсіп жатады. Сонымен қатар, интернетке кіргеннің өзінде халық телеарналардың арнайы сайттарын бақылауға көп уақытын жұмсайды.
Орталық Азия жарнамалық Қауымдастығының деректері бойынша, елдегі жарнаманың теледидардағы үлесі 50 пайызды құрайды. Ал, интернетте жарнама орналастыру өсімі 16 пайыз. Бұл 2018-ші жылғы көрсеткіш.
Ғ. Өтемісов