Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Жоғалған бармен жігіт ұялы телефонын өзі сатқан, - ДП

AstanaTV
17.09.2019ж. 20:00
2659
Жоғалған бармен жігіт ұялы телефонын өзі сатқан, - ДП

Елордада жоғалып кеткен бармен Әнуар Байзуров ұялы телефонын, өзі сатқан. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мамандары айтты. Олар жоғалған жігіттің компьютерлік клубтар мен букмекерлерлік контораларда болғанын да анықтапты. 24 жастағы жоғалған бармен жігіт жайлы, әріптесім Асылбек Даниярдың репортажында. 

Әнуар Байзуров табыс табу үшін Атбасар ауданынан елордаға биыл ақпан айында келген. Туыстарына қаладағы мейрамханалардың біріне бармен болып жұмысқа орналасқанын айтқан. Бірақ нақты қай жерде істейтінін олар да білмейді. Туысының үйінде тұрыпты. Соңғы рет 6 қыркүйек күні кешке туыс әпкесіне хабарласып, жұмыста екенін жеткізген. Бірақ ертеңінде жұмыстан үйіне оралмапты.

Сұлушаш ИБРАЕВА, ТУЫСЫ: 

Әнуар жұмыстан келмеген соң, біз қоңырау шала бастадық, оның ұялы телефоны өшірулі болды. Мен оны бұрынғыдай екінші ауысымдағы жұмысқа қалды деп ойладым. Ертесі күні де хабар болмаған соң біз қатты алаңдадық. Дереу полицияға хабар бердік.

Хабар-ошарсыз кеткен Әнуарды қазір іздеу шараларына 70-тен астам еріктілерде үлес қосуда. Олар жер-жерге іздеу салу парақшаларын жапсырған. Құзырлы органдар Әнуардың ұялы телефонын тапқан. Оны Шардара ауданының азаматы алып-сатарлардан сатып алғанын айтыпты. Ал, алып-сатарларға байланыс құралын Әнуардың өзі сатқан деп отыр.   

Дмитрий ДЕМИДОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз айғақтарды нақтылау үшін "Артем" сауда орталығында орнатылған камерадан бейнебақылау жүргіздік. Камерадан Байзуровтың телефонын сатқанын және белгісіз бағытқа кетіп бара жатқанын көрдік. Іздестіру кезінде еріктілермен, жедел қызметкерлер Байзуровтың түнгі және күндізгі уақытта бірқатар компьютерлік клубтар мен букмекерлерге бірнеше рет барғаны анықталды.

Криминалдық полиция қызметкерлері Есіл ауданының аумағында орналасқан барлық ойын-сауық нысандарын аралауда. Әзірге ешқандай дерек жоқ. 24 жастағы жігітті жедел-іздестіру шаралары әлі де жалғасып жатыр.

А. Данияр