Негізгі / Жаңалықтар / Қазақстанда нумерологтардың бір күндік жалақысы 80 мың теңгеден асады,- А. Кәкен

Қазақстанда нумерологтардың бір күндік жалақысы 80 мың теңгеден асады,- А. Кәкен

Қазақстанда нумерологтардың бір күндік жалақысы 80 мың теңгеден асады. Сандардың қыр-сырын зерттеп жүрген Айдана Какен арнамызға берген сұхбатында осылай деді. Айтуынша, бір нумерологқа болашағын болжату үшін күніне 10 шақты адам жүгінетін көрінеді. Сандарды сөйлетіп, сыр ашуды көздейтіндердің әрекеті қаншалықты дұрыс? Мамандар пікірі қандай? Тақырыпты Айдана Тілеуғабыл зерттеп көрді. 

Айдана ТІЛЕУҒАБЫЛ, ТІЛШІ:

Бүгінде халық құт аштыру үшін құшынашқа, бал аштыру үшін балшыға бармайды. Туған жылы, айы мен күні арқылы болашағын болжайды. Балшы мен балгерлерді аралайтындар енді нумерологтардың есігін тоздырып жүр. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 30-ға жуық нумеролог бар екен.

Бұл ғылымның құпиясын білу үшін, біз де нумерологқа барып көрдік. Қызмет құны 8000 теңге тұрады. Күніне оннан аса адамды қабылдайтын оның айлық жалақысын есептей беріңіз. Одан бөлек, шәкірт тәрбиелейді. Бүгінге дейін 170 адамды осы салаға баулып шығыпты.

Айдана КАКЕН, НУМЕРОЛОГ:

170-ке жақын шәкіртім бар, қазір бес оқушы менен тәлім алуда. Ешқандай жарнама жасамағанның өзінде, бір күнде он адамға дейін хабарласады. Өйткені нумерологияның қыр- сырлары көп. Әр адам әртүрлі айтып әр түрлі түсінуі мүмкін. Нумерологиядан көрі, тығырыққа тірелген мәселені шешкеннің болашағы бар. 

Елде нумерологтардан кеңес алу құны 5000 теңгеден басталып, жүз мыңға дейін барады. Олардың көбі өз жұмысын әлеуметтік желіде дөңгелетіп отыр. Бағасы қанша қымбаттағанмен, құнығып отырғандар азаяр емес. Бірақ дінтанушы Кеңшілік Тышханның айтуынша, болашақты болжаудың кез келген тәсілі дұрыс емес.  

Кеңшілік ТЫШХАН, ДІНТАНУШЫ:

Ғайып дүниені, болашаққа қатысты дүниені адамдар толық білмейді. Мейлі ол дін адамы болсын, мейлі ол нумеролог болсын. Адамның болашағына қатысты дүниені айту дұрыс емес деп есептеймін.

Нумерологияға адамдар сәттілік санын анықтау үшін жүгінетін көрінеді. Соңғы жылдары бұған түпкілікті сенетіндер де артқан.

Анна ТАЛИП, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Нумерологияға сенемін, өзімнің сәттілік санымды осы ғылым арқылы анықтағанмын. Онымен баланың қай күні туатының да білуге болады. Белгілі бір мәселені шешу барысында осы ғылымға жүгінемін.

Ал қоғам белсендісі Аятжан Ахметжан нумералогияны ғылым деп есептемейді. Сандарды санап, болашақты болжайтындардың әрекетін ақша табудың бір жолы деп атады.

Аятжан АХМЕТЖАН, ҰСТАЗ:

Нумералогия сектаның әдеміленген форматы. Кез-келген ұйым өзінікін ғылым деп атайтын шығар. Бұл да сол сияқты, ол ешқандай да ғылым емес. Адамдардың психологиясы арқылы жасалған бизнес.

А. Тілеуғабыл