$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Көмір тапшылығы көпті алаңдатып отыр

AstanaTV
02.10.2019ж. 20:00
3735
Көмір тапшылығы көпті алаңдатып отыр

Өскеменде көмір үшін соғыс басталды. Отын сататын орындарды алыпсатарлар жаулап алған. Тұрғындардың айтуынша, олар әдейі кезек туғызып, көмір сату орындарына жеткізбей отыр. Ал елордалықтар отын жеткізу құны қымбат екенін айтады.

Әлихан АСҚАРҰЛЫ, ТІЛШІ:

Қыстың қамын ертеден ойлаған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары қазірде көмір сатушы компанияларға ағылуда. Компания өкілдерінің мәліметінше, күніне 300 тоннаға жуық көмір сатылады, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бұл бағытта барлығы жеткілікті, әрі бағасы да қолжетімді, - дейді.

Жеке серіктестік жетекшілерінің мәліметінше, қаладағы баға 12-15 мың теңге аралығында. Бірақ тұрғындар оны жеткізу ақысы қымбатқа шығатынын айтып отыр.

БЛИЦ:

- Арзан болғанда келмейді, ал қымбат болғанда қаптап тұрады. Қазір барлығы жоқ дейді, қашан болатыны белгісіз. Міне, соны біліп келе жатырмын.

- Бізге енді көмірдің бағасы арзан. Ал доставкасы 10 мың теңге болып тұр. Қазір Ильинкаға апаратын болса, 25-30 мың сұрайды. Мен оған көмір аламын ба, әлде доставкасын төлеймін бе?

- Қыс ұзақ, жұмыс жоқ. Ақшасы болмағандар көмірдің бір қапшығын 400 теңгеге сатып алып, күнелтіп жатыр.


Бұл мәселе Шығыс Қазақстан облысында да өзекті. Қазыбек Сламбеков көмір сатып алуға таңғы 5-те келген. Содан бері кезек күтуде. Айтуынша, сатушылар кедергі келтірген. Бұл жерде алыпсатарлар өз ережелерін орнататын көрінеді.

Қазыбек СЛАМБЕКОВ, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мынау сол жақта тұрғандардың барлығы таласып-тармасып, бір рет кіріп, екі рет кіріп, алып шығып алып, қайта келіп таласып тұрғандар мыналар. Ал оң жақтағыларды кіргізуге ешқандай тәртіп жоқ.

Еренғай ҚАБЫЛАЙҰЛЫ, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мен әлі тұрмын. Обед дейді, тағы екі сағат тұрамыз. Олар мыналар обедттен кейін тағы қаптайды. Тоже самое схема өздері кіргізеді.


Жергілікті тұрғындар мұндай алыпсатарлар жасанды түрде кезек жасайды дейді. Олар көмір жеткізу бойынша өз қызметтерін ұсынады. Егер қарапайым тасымалдаушылар сегіз мың теңге алса, бұл мамандардың қызметі 30 мың, облыста оның бағасы жүз мыңға дейін жететін көрінеді.

Нұржан ҚАЗИЕВ, КӨМІР САТУ КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:


Біз оларды такси жүргізушісі деп атаймыз. Ешкімге жол бермей, өзінің 7-8 танысын кезектен тыс кіргізіп жібереді. Салдарынан қарапайым халық қиналып жатыр.


Өскеменге күн сайын отын тиелген 30-дан астам вагон келеді. Бүгінде әлеуметтік нысандар 100% көмірмен қамтамасыз етілген. Енді кәсіпорындар мен тұрғындарға сату басталды.

Болат АҚУЖАНОВ, ШҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бүгінгі таңда 710 мың тонна қара отын жөнелтілді. Өткен жылы тасымадау көлемі 40%-ға тең болса, қазір 62%-ға жетті. Соңғы есепке сәйкес, қорда 20 мың тонна көмір бар.

Жергілікті тұрғындар енді полицейлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Себебі, тәртіп сақшылары алыпсатарларға өз ережелерін орнатуға жол бермейді деген сенімде.

Ә. Асқарұлы