Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қарағандыда көп балалы ана 8 жыл бұрын алған үйінің ақшасын даулап жүр

AstanaTV
03.10.2019ж. 20:00
2266
Қарағандыда көп балалы ана 8 жыл бұрын алған үйінің ақшасын даулап жүр

Қарағандыда баспана дауы. Көп балалы отбасы «NOMAD» компаниясының банкте кепілде тұрған үйін алып, басы бәлеге қалған. Гүлжан Қалданованың айтуынша, компания баспананы кепілден шығармағаны өз алдына, ақшасын да қайтармаған. Бір қызығы, осыдан 3 жыл бұрын Жоғарғы сот компанияға жапа шеккен отбасының шығынын қайтаруды міндеттеген. Сот шешімі неге орындалмай келген? Айжан Қуаш тарқатады.

Даудың басы мына зәулім үйден шыққан. Осыдан 8 жыл бұрын 5 балалы Гүлжан Қалданованың отбасы жылдар бойы базарда сауда сатып, тапқан- таянғандарына осы үйді сатып алады. «NOMAD» компаниясы банкте кепілде тұрған мүлікті дереу кепілден шығарып береміз деп уәде еткен көрінеді. Бірақ ол орындалмай, 4 жылдан соң үйді босатуға тура келеді. Жылдар бойы компаниямен соттасып, ақшасын қайтаруды талап еткен Қалдановтар ақыры 2016 жылы әділдікке қол жеткізеді. Жоғарғы сот «NOMAD» серіктестігіне жапа шеккен отбасына 57 млн теңгесін қайтаруды міндеттеген.

Гүлжан ҚАЛДАНОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА, ЖАПА ШЕГУШІ:


«NOMAD» фирмасы маған верховный соттың шешімі бойынша 57 млн -нан астам теңге қарыз. Соны сот шешімін орындамай келе жатыр. 3 жыл болды. Ол өзімнің бала- шағама жинаған өзімнің еңбегімнің ақшасы. Мына тұрған еңбегімнің ақшасын қайтаруды сұраймын.


Отбасының қорғаушысы Шарапат Ахметов арнайы брифингте облыстық әділет департаментінің сот орындаушыларының өзі Жоғарғы соттың шешімін орындамай отырғанын мәлімдеді.
 
 Шарапат АХМЕТОВ, ҚОРҒАУШЫ:

Сот орындаушы орындай бастаған кезде «NOMAD» оның директоры Әдекенов сотқа арызданды. Банкрот деп тану туралы. Сот одан бас тартады. Талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды. ал арыз берілген уақытта естественно жаңа орындау үрдісі тоқтатылады. Сотқа қайта- қайта беру деген сөз соттың шешімін орындаудан өрескел бас тарту деген сөз.

Қалдановтар отбасы қазір қала шетінде пәтер жалдап тұрады. Көп балалы отбасының үй сатып алуға қаржысы жетпейді. Шағымданып бармаған жерлері қалмапты. Жылдар бойғы күйзелістен Гүлжан онкологиялық ауруға душар болғанын айтады.  

Гүлжан ҚАЛДАНОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА, ЖАПА ШЕГУШІ:


4 операция өттім. Бір Алла біледі қанша күнім қалғанын. Тірі кезімде балаларыма баспана болсыншы деген ниетпен істеп жатырмын. Құрметті Президент мырза, осыған бір көмек берсеңіздер.

Адвокат «NOMAD» компаниясы банкте кепілде тұрған баспаналарын бірнеше адамға осындай әдіспен сатқанын да айтты. Жоғарғы сот шешімі бойынша серіктестік оларға 200 млн теңгеден астам соманы қайтаруы тиіс. Бірақ компания басшысы Нұрғазы Әдекенов сот шешімін орындаудан қашпайтынын айтты.

Нұрғазы ӘДЕКЕНОВ, «NOMAD» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Бүгінде банк алдындағы қарызымызды жауып, компанияның мүліктерін нарықтағы бағамен сатуға тырысып жатырмыз. Ол үйлерді адамдар өте арзанға алған. Енді біз мүлкімізді ондай бағамен сатпаймыз. Мүліктерімізді сатқан соң барлық тараптар ұтылмайтындай етіп, қарызымызды қайтарамыз.
 
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Әзірге жәбірленушілерге ақшалары қашан берілері белгісіз. Біз 3 жыл бойы Жоғарғы соттың шешімін орындай алмаған облыстық әділет департаментіне де сауал жолдадық. Әзір нақты жауап болмай отыр.

А. Қуаш