Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Елде жұмысқа қабілетті 8 млн адамның 2 миллионға жуығы мемлекеттен жәрдемақы алып отыр, - Г. Қарағұсова

AstanaTV
03.10.2019ж. 20:00
3336
Елде жұмысқа қабілетті 8 млн адамның 2 миллионға жуығы мемлекеттен жәрдемақы алып отыр, - Г. Қарағұсова

Елде жұмысқа қабілетті 8 млн адамның 2 миллионға жуығы мемлекеттен жәрдемақы алып отыр. Депутат Гүлжан Қарағұсова атаулы әлеуметтік көмек алатындар тым көп деді. Бүгін мәжілісмендер қазынадан бөлінетін қаржыны нақтылауға жиналған болатын. Айя Мүтәлі тарқатады.

Басқосуға жылдық есептерін арқалап келгендердің мақсаты бір. Республикалық бюджетті нақтылау. Бірі - қазынадан тағы қаржы сұратса, енді бірі - жеткілікті екенін айтып жатты. Субсидияның аз бөлінгені ауыл шаруашылығы саласында сезіліпті. Ведомство бюджеттен тағы 36, 5 млрд сұратып отыр. Алайда, Қаржы министрлігі ақша бөлуден бас тартқан. Мәжіліс депутаттары мұны ақылға сыймайды дейді.

Мәжіліс депутаттарының пікірінше, ауыл шаруашылығы уақытылы қаржыландырылмаса, азық-түлік пен ет өнімдерінің қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін. Ал Қаржы министрлігі болса, субсидияның бөлінбеуіне ведомствоның өзін кіналап отыр. Себебі, олардың тарапынан қажетті талаптар дер кезінде орындалмаған.

 Берік ШОЛПАНҚҰЛОВ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Жолдауда бізге бұрын бөлінген қаражаттың, субсидияның тиімділігін көрсетуді және олардың қалай жұмыс істейтінін көрсетуді міндеттеді. Қаржы министрлігі бұл қаражатты бөлу мәселесін қарауға дайын болатын. Өкінішке орай, нақтылау кезінде оның тиімділігі туралы анализдер ұсынылған жоқ. Осыны ескере отырып, қаржыландыру кейінге қалдырылды.

Басқосуда темір жол вагондарының сапасы да қызу талқыға түсті. Қазақстан испандық «Тальго» маркалы жүк тасымалдаушылармен келісім-шартты бұзыпты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі оны отандық өнеркәсіпті қолдау мақсатында шешілгенін айтады. Ендігі еліміз тек Ресей вагондарын сатып алмақ. Ол үшін де қаржы сұратқан. 
 
Берік ҚАМАЛИЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

"Қазақстан даму банкі Лизинг" АҚ арқылы 63 вагон сатып алдық. Вагондар "Ақтөбе-Маңғыстау" бағытында жүреді. Олардың барлығы "Тверь құрылыс зауытынан" шыққан. Олар бізге жақсы жеңілдіктер ұсынып отыр. Ал бүгінгі нақтылауда біз "Қазақстан даму банкі-Лизинг" арқылы тағы да 18,7 млрд теңге сұрап отырмыз. Ол қаржыға "Алматы-Маңғыстау", "Ақтөбе-Маңғыстау" және "Нұр-Сұлтан-Сарыағаш" бағыттарына шығарылатын вагондар сатып аламыз.

Бұл жиында атаулы әлеуметтік көмек мәселесі де назардан тыс қалмады. Гүлжан Қарағұсова жәрдемақы сұраушылардың биылдыққа күрт өскенін айтып, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне күдік келтірді.
 
Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бүгінде атаулы әлеуметтік көмекті алып отырғандардың саны 1 миллион 800 мың адамға жетті. Тәуелсіздік алғаннан бері мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Елімізде жұмысқа қабілетті 8 миллион адам бар болса, соның шамамен 2 миллионы атаулы әлеуметтік көмекті алып отыр. Сонда осы уақытқа дейін қолға алынған ауқымды жұмыспен қамту бағдарламалары нені өзгертті?

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Республикалық бюджетті нақтылау барысында Қазақстанда 800-ден астам жедел жәрдем көлігінің тозығы жеткені белгілі болды. Бұл Қазақстандағы санитарлық транспорттың 80 пайызы. Жыл соңына дейін оның тең жартысын жаңарту көзделіп отыр.

А. Мүтәлі