Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Жетімдерге баспана қашан бұйырады?

AstanaTV
09.10.2019ж. 20:00
4366
Жетімдерге баспана қашан бұйырады?

Жетімдерге баспана қашан бұйырады? Жыл сайынғы бөлінетін үйдің 20 %-ы жетімдерге берілуі керек деген Елбасының тапсырмасы, толығымен атқарылып жатқан жоқ. Кейбір аймақтарда ол 2-4 пайызды ғана құрайды. Мұндай есеп кезекті Мәжіліс отырысында келтірілді. Бұны естіген тұл жетімдер редакциямызға жүгінді. Олар 1 ай бұрын ғана 10 жылдан бері үй кезегі жылжымай келеді деп шу көтерген еді.

Бұл Татьянаның қазір тұрып жатқан үйі. Интернаттан түлеп ұшқалы 8 жылдан асса да, пәтер-пәтерді жағалап келеді. Бұл жолы тұрақтаған баспананың қабырғасы көгеріп, сыз тартқан. 2 бала тәрбиелеп отырған жолдасы екеуінің басқа барар жері жоқ. Отбасын күйеуі жалғыз асырап отыр. Ал оның табысы пәтерақыға ғана жетеді.  

Татьяна БУЛГУЧЕВА, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

Біздің үйдің кезегі қашан жылжиды деп сұрап бармаған жеріміз жоқ. Әкімнің орынбасарының қабылдауына да жазылғам. Олар үнемі күтіңдер деумен шектеледі. Түсінсе ғой деймін. Күйеуім де, мен де балалар үйінен шыққанбыз. Біздің баратын жеріміз жоқ. Қиын кезде бауырына басып, қол ұшын созатын туыстарымыз жоқ. Баспана кезегі мүлдем жылжып жатқан жоқ.


Астаналық тұл жетімдер баспана кезегі бір сатыға да жылжымай жатыр деп 1 ай бұрын ғана «Тұрғын үй қоры» мекемесінің алдында шу шығарып еді. Сол кезде мамандар үйді қазан айынан бастап үлестіріледі деп ашылу тұрғындарды сабырға шақырып, шығарып салды. Енді олар жыл соңына дейін күту керек деп отыр.

Дидар САУҚЫМБЕК, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ЖҚЖӘҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Қазіргі уақытта 1600 тұрғын үй салынуда. Және жылдың соңына дейін соның берілуі жоспарлануда. Соның 20 пайызы жетім балаларға берілуі тиесілі.

Маманның айтып отырған 20 пайызы кезекті Мәжіліс отырысында сөз болды. Алайда, бұл жолы депутаттар жыл сайын бөлінетін баспананың 20 пайызы тұрмақ, жартысы да  жетімдерге қарастырылмай жатқанын сынға алды. Қарағанды облысы 1,9 пайызын, Нұр-сұлтан қаласы 3,9 пайызын қамтыған. Бұны Бас қаланың әкім орынбасары да растады.

Нұрлан НҰРКЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Иә, жоғарыда айтып кеткен сандар рас. Үйдің 3,9 пайызы ғана жетімдерге берілді. Биыл жыл соңына дейін 1640 пәтердің кілтін әлеуметтік осал топтарға табыстаймыз деп отырмыз. Соның 7 - 7,5 пайызы жетімдерге қарастырылған. Ал келесі жылы 5000 астаналықты баспаналы етуді жоспарлап отырмыз. Ол кезде бұл көрсеткішті 10-11 пайызға дейін көбейтеміз. 20 пайызды толығымен жаба алмаймыз.


Айта кетейік,  Елордада 2700-ден астам жетім үй кезегінде тұр. Оның ішінде 10 жылдан бері баспанаға қол жеткізе алмай жүргендері бар. Былтыр соның 36-сы ғана үйлі болған. Биыл 1600 үй беріледі деп жоспарланса, оның қаншасы жетімдерге бұйырары белгісіз.

А. Мүтәлі