Негізгі / Жаңалықтар / 9 айда әйелдер бала туып үлгереді, сендер әлі бір құжатқа қол қоя алмай жүрсіңдер, - Н. Нығматулин

9 айда әйелдер бала туып үлгереді, сендер әлі бір құжатқа қол қоя алмай жүрсіңдер, - Н. Нығматулин

9 айда әйелдер бала тауы үлгереді, сендер әлі бір құжатқа қол қоя алмай жүрсіңдер! Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасының берген тапсырмасын уақытында орындамаған Білім және ғылым министрлігіне шүйлікті. Оның айтуынша «Жас маман» бағдарламасын қабылдаудың өзіне осынша уақыт кеткен. "Жастар жылы" аяқталып келеді, десе де министрлік әлі жұмысқа кіріспеген. Парламенттегі жиынға қатысқан Әлішер Өмірзақ тақырыпты тарқатады.

Мәжілістің жалпы отырысы өз еркімен палатадағы өкілеттігін тоқтатқан Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаны шығарып салудан басталды. Төрағаның қолын, артынан бір шоқ гүлін алып ризашылығын айтып қоштасты.  Артынша жиналғандар күн тәртібіндегі мәселеге көшті. Экология министрі гүлдің емес сынның астында қалды. Депутат Сергей Симонов сумен қамту жүйелерін салу және қалпына келтіру бағдарламасы бойынша қаржыландырудың едәуір қысқартылғанына алаңдаушылық білдірді. Дегенмен министрдің жауабына қанағаттанбаған төраға Нұрлан Нығматуллин, министрді сынап тастады.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жаңа ғана депутат қаржының 50 пайызы игерілмегенін айтты. Қалайша сонда? Бұл сіздің жұмысты қалай ұйымдастыруды мүлде түсінбейтініңізді көрсетеді. Берген жауабыңыздан осындай ой түюге болады. Мағзұм Маратұлы, бұл іспен тиіп-қашып емес, кәсіби түрде айналысу керек.

Ал депутат Бейбіт Мамыраев білдей бір министрліктен концепция әзірлейтін мамандардың шықпағанына қынжылды. Оның айтуынша мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларының бірыңғай кешенінің тұжырымдамасын әзірлеуге бюджеттен 100 миллион теңге сұраған. Бұған мәжіліс төрағасы да қосыла кетті.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Менің білуімше тек сіздің министрліктің аппаратында 300-дей адам қызмет жасайды. Осылардың ішінен бағдарлама емес, концепция жасайтын бір топ шықпаса, онда осынша қызметкерлер не үшін керек? Не үшін оларды ұстаймыз біз? Біз бір топты жалдаймыз, олар бізге жазып береді, дейді. Мынау масқара нәрсе ғой.

Отырыстың кульминациясы Білім және ғылым министрлігі болды. Олар Елбасының «Жас маман» бағдарламасын қабылдаудың өзіне 9 ай жұмсапты. Бұл уақыт аралығында әйел бала тауып үлгереді деді. Нұрлан Нығматулин елдегі қағазбастылық пен бюрократияны сынға алды.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Сондағы қаулы 1,5 беттік қағаз. Соны 4 ай бойы жазып шығыпты. Арада бір жарым ай өткенде министрлік ережесін бекітті. Сосын тағы 2 ай өткенде үш министрлікпен келісімге келеді. Әйтеуір қыркүйекте әділет министрлігі бұл бұйрықты тіркеген. "Жастар жылы" аяқталып келеді, ал сіздер енді оянып жатырсыздар.  Осындай жастарды қызығушылығын оятқан маңызды бағдарламаны созып жүрсіздер.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы, бас ұстазға жауаптыны табуды тапсырды. Егер олар «Nur Otan» партиясының мүшесі болса, біз партия басшылығына парламенттік фракцияның атынан осы тұлғалардың жеке жауапкершілігі туралы ұсыныспен жүгінетінін ескертті. 


Ә. Өмірзақ