$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Солтүстік Қазақстан облысында көмір тапшы

AstanaTV
16.10.2017ж. 20:00
2928
Солтүстік Қазақстан облысында көмір тапшы

Солтүстікте көмір әлі де тапшы. Ал Астанада мәселе біртіндеп шешіле бастаған сыңайлы. Бұл туралы әкімдік өкілдері айтты. Жұртшылықтың сұранысына ие Шұбаркөл көмірінің бағасы да түскен. Алайда, арзан бағаны пайдаланып, қатты отынның үстіне ақша қосып сатушылар табылмасына ешкім кепілдік бере алмайды. 

Солтүстік Қазақстанға жылыту мауысымын толық қамту үшін 410 тоннадай көмір қажет. Қазір оның 65 пайызы ғана жеткізілген. Халықтың сұранысына ие Майкөбе мен Шұбаркөл көмірлері мүлде жоқ. Облыстың энергетика басқармасы өкілдері тасымалдау барысында қиындықтар туындап тұрғанын айтады. Күн сайын тек 10  вагон қатты отын жеткізіліп отыр.

Айдархан Мусин, СҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

Облыста көмір тапшы. Себебі вагондар жетіспейді. Қазір Қазақстан темір жолымен келісімге отырып, күн сайын 10 вагоннан Петропавл станциясына жеткізілуін қарастырдық.

Ал елордада көмір тапшылығы ауыздықтылған сыңайлы. Осыдан біраз күн бұрын көмірдің қымбаттағаны былай тұрсын, тіпті көп адам Шұбаркөл көмірін таппай зар болған. Жетіспеушіліктің неліктен орын алғанын әкімдік өкілдері түсіндірді.

Азамат Рашитов, Астана қалалық әкімдігі өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы:

Басқа региондардан сатып алушылар келгендіктен, осы дайындалған көлем жетпей қалды Астананың тұрғындарына. Сол себепті осындай жағдай туындап қалды.

Астанаға Шұбаркөл мен Қаражыра көмірлерін жеткізуді арттыру мақсатында әкімдік ЕрЖИ компаниясы мен Қазақстан темір жолымен келісімшарт жасасты. Осы  тасымалдау келісімінің нәтижесінде қазір елордада Қаражыра көмірінің тоннасы 14000 теңге болды. Бұған дейін құны 14 500 теңге болған Шұбаркөл көмірінің қазіргі бағасы 11500 теңгеге түскен. Майкөбенің тоннасы 10500 болса, Богатырь көмірінің құны 7500 теңгені құрады.

Азамат Рашитов, Астана қалалық әкімдігі өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда көмір жеткілікті. Жағдай тұрақты. Әкімдік өзінің тарапынан тиісті шаралар қолданып жатыр. Ары қарай жұмыс жүргізіледі.

Алайда кей азаматтар баға тұрақтанып, көмір күнделікті жеткізілсе де, қаз қатар тізілген кезектің айтарлықтай азаймай тұрғанын айтады. Бағаның арзандағанын пайдаланып отырғандар да бар, - дейді көмірге келгендер.

Сағындық Ерғазин, көмір сатып алушы:

Мен өзі 11500-ге бере аламайсың, 13 мың дейсің хотя бы, таңертеңнен кешке дейін уақытында. Доставкасы 5000. Түсіп жатыр дейді, осылай болу керек  10 күн бе, 15 күн болсын. Кішкене азайсын мына ажиотаж. 

Диана Сапарқызы, тілші:

Елордада қазір көмір сататын орындарда күн сайын кемінде 50 шақты сатып алушы кезекке тұрады. Әкімдіктілер бұл өткен аптамен салыстырғанда 2 есе аз деп отыр. Астаналық атқамінерлер, көмір тапшылығы болмайды, деп сендірсе, ал Солтүстік Қазақстан облысында әзірге көмір қоры 265 мың тонна ғана. Аймақ атқамінерлері "Қазақстан темір жолы" компаниясымен жасасқан келісімшарттың нәтижесінен кейін жағдай түзеледі деп сендірді.