Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Дифференциалды тарифтердің жойылуы кəсіпкерлердің қосымша шығындалуына əкеп соқтырды

AstanaTV
16.10.2017ж. 20:00
3038
Дифференциалды тарифтердің жойылуы кəсіпкерлердің қосымша шығындалуына əкеп соқтырды

Жарыққа деген дифференциалды тарифтердің жойылуынан кəсіпкерлер бірнеше миллион теңгеге шығындалып жатыр. Бұл әсіресе түнде жұмыс істейтін өндірістерге қиын тиді. Себебі түнгі тарифтер шамамен 4 есе қымбаттаған. Енді табысынан қағылған бизнес иелері энергияны есептеу жүйесінің бұрынғы нұсқасына оралуды қалайды. Солтүстік Қазақстандағы тілшіміз Абзал Құрманкин бизнес өкілдерінің жанайқайын тыңдап көрді.

Дифференциалды тарифтерді жою жөніндегі шілдеде шыққан заң кәсіпкерлерді екіге бөлген. Кәсібін күндіз дөңгелеткендер жаңа жүйені оң қабылдаса, түнде жұмыс істейтіндер бұған қарсы. 80 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан Қызылжардағы ең ірі наубайхана 4 жыл бұрын қондырғыларды жаңартқан. Жарықтың түнгі тарифі арзан болған соң, кәсіпорын түнгі өндіріске басымдық береді. Алайда, жаңа жүйе енгізілген соң наубайхана өкілдері дағдарып қалды. Себебі арзан коммуналдық төлемнің арқасында жаңғыртуға алған несиесін жауып отырған еді.

Наталья Агабабян, «Петропавл нан комбинаты» ЖШС бас экономисі:

Шығынымыз 25 пайызға артты. Қысқа қарай 30 пайызға көбейеді деп ойлаймыз. Осыған дейін түнде тарифті 4 теңгеден төлеп едкі, енді ол 15,5 теңгеге қымбаттады. Әзірге шығынды табыстың есебінен азайтып отырмыз.

Энергетиктер дифференциалды тарифтердің кесірінен табысын толық мөлшерде ала алмай отырғандарын айтады. Мәселен, былтыр 366 миллион теңге кірістен қағылған.

Мағауия Сағындықов, «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директоры:

Біз, шын мәнінде, шығынға батып жатырмыз. Біз ғана емес, бүкіл елдің энергиямен қамту компаниялары осындай қиындықтарға кезікті.

Республикалық тарифтер кеңесінің мүшесі Александр Казанцев жүйенің құбылуына аң-таң. Айтуынша, үкімет 2009 жылы дифференциалды тарифтерді енгізген соң кәсіпкерлерді жаппай жаңа есептеуіш құралдарын сатып алуға мәжбүрлеген. Жаңа жүйенің шарапаты екі жаққа да тиді. Үкімет энергияның үнемделуін көздесе, тұтынушылардың 3 миллиардтан астам теңгесі қалтасында қалды. Ал қазір билік түнгі жұмысқа бейімделген мекемелердің қосымша шығынға батуына жол беріп отыр, дейді 

Александр Казанцев, кәсіпкер:

Дифференциалды тарифтердің арқасында көп тауардың өзіндік құны арзандады. Ал жуырда жобаның тиімділігі аз деген желеумен жаңа заң шықты. Дифференциалды тарифтерді жою бізді энергияны үнемдеу мүмкіндігінен айырды. Мәселені бірнеше мәрте кеңеске салдық. Қолдаушылар да, қолдамайтындар да бар. 

Қызылжарлық кәсіпкерлер жуырда бас қосып, өздерінің жанайқайын бизнес омбудсменге жеткізді. Болат Палымбетов бұл проблеманы құзырлы мекемеге жеткізуге уәде етті.

Болат Палымбетов, ҚР Кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл:

Әрбір мәселеге күрделі сараптама жасалуы қажет. Мен пікірлеріңізді тыңдадым. Егер, шын мәнінде, сіздер айтқандай болса, онда бұл мәселеге қайта оралған жөн деп ойлаймын. Бірақ қазір нақты жауап бере алмаймын. Әлі терең зерттеу керек.

Абзал Құрманкин, тілші:

Сөйтіп, бизнес өкілдері үкіметтен тарифті таңдау мүмкіндігін талап етіп отыр. Яғни әр кәсіпкер жарықтың құнын ортақ тарифпен, я болмаса дифференциалды тарифпен төлейтінін өзі қалайды. Қазір бірқатар тауардың өзіндік құны өсіп отыр. Егер жуық арада бұл мәселе шешілмесе, онда тауарды қымбаттатуға тура келеді, дейді кәсіпорын өкілдері.

А.ҚҰРМАНКИН